
Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Дүние дүниеде қалады, ал халықтардың арман-мұраты аласарса, жұқарып, мұқалса – шын қасіреттің өзі. Адамзат алға баспай, кері кете бастады деген сөз. Мәселен, «Біржан сал» фильмінде әбден қапа болған сал түн ортасы үйге сыймай, тысқа шығып күйінетін тұсы есіңізде болар? Соңынан жеткен серігі Байкенжеге «...Алаш қартайыпты! Бәрі пәс, бәрі еңкіш, төмен. Аяқ-табақ жалаған сарай ақын, сарай әнші төрге оза ма деп қорқам» дейтін еді ғой. Ал ол кезде сарайлар мен ордаларды кім басқарып отырғаны белгілі емес пе? Шылымын бұрқырата шекесінен қараған орыстың ұлығы әділдік іздеп келген қазақтарға «біз сендерге бостандық бердік» деп кекете күледі. Біржанға батқан қапа мен шер-шеменнің бір ұшы осында жатқан жоқ па? Ақын мен жырау, сал мен сері қазақтың рухы мен ар-намысы. Олар бұлай тапталған соң не деуге болады.
«Біржан сал» киносында байлауда жатқан сал «бұл менің қолыма түскен арқан емес» дейді. Қазақтың еркіндігіне, ақыл-ойына салынған тұсаулы шынжыр. Ақыры қол-аяғы арқандалған даланың үнпаз ұлы сол кісен салған жараның кесірінен өлгені кімді де болса бейжай қалдырмауға тиіс қой.
«Біржан қазақтың ондай «шылығын» ескермей, араз деген ауылдарға барып, ән салып, қыдырып қайтады. Қайтып келген соң ағайын-тумалары оны ортаға алып сабап, басына зақым келтіреді. Әңгіменің басында айтылған Азнабайдың поштабайының қамшысынан бастап, Біржанның басына тиген таяқтың осындай трагедиялық салдары болады. Оған дәлелдің бірі – Біржанның байлаулы жатқандағы бір шумақ өлеңі. Онда аурудың қалдығы анық айтылады.
«Арқаның түгел көрдім кәрі-жасын,
Ұмытпас құрбы-құрдас, замандасым.
Ойланам, ауруымның түрі жаман,
Біржанның кім ұстар деп
домбырасын», дейді.
Біржанның байлаулы кезінде аурудан қайтыс болғанын бір әңгімесінде Теміртас та айтқан көрінеді.
...Өзі кеткелі жатса да, балаларының тілегін тілеп, солардың адам болуын ойлап, оның ішінде Теміртасты бөліп айтады. Солай өлең-әннен маржан тізген сал Біржан үш жылдай байлаулы жатады. Арқан кескен жердің жарасы ұлғайып, асқынып (гангрена болып), ақыры 64-ке келгенде, 1894 жылы қайтыс болады», деп жазады Ахмет Жұбанов.
«Ағаш үй от жаққаным қобылан пеш,
Құдай-ау, ғапу етіп күнәмді кеш!
Теміртас, Асыл, Ақық – қарақтарым,
Байлаулы арқандағы қолымды шеш» дейді сал ақтық әнінде. Біржанның ғана емес, күллі ұлттың қасіреті осы «Теміртас» әнінде тұрғанын аңғару қиын емес.
Осыған параллель тағы бір туынды Ақан серінің «Шырмауық» әні. «Шырмауық» – серінің басындағы тағдыр-тақсіреті ғана емес, сол кездегі ұлт мойнына түскен қылбұрау. «...Ахау, дүние жалған, бітер ме арман? Сұм тағдыр шырмауықтай шырмап алған» – қайырмасы. Шырмауық деген атында тұр. Қазақ даласында қасында не болса соған оратылып, шырмап, буындырып бас салатын өсімдік. Шөптесін болса да, бір оралған нәрсені шырмауынан жұлып алу қиынға соғады. Күштегенде бырт-бырт етіп зорға үзіліп, жұлынады. Ал қалың өскен жеріне кезіксе, әлгі затты біраз тер төгіп, орауынан босатуға тура келеді. «Шырмауықты» тыңдатарда білмейтіндерге әуелі осыны ұғындырып алмаса, ән далаға кетті дей бер. Демек серіні осылай шырмап, буындыруға айналдырған бұғау ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында ұлттың да өне бойында тұрғанын білеміз. Ақан сері бұл әнді шығарғанда 58 жаста екен. Соңғы әні болуы да мүмкін ғой. Кесіп айтудан аулақпыз, бірақ. Қазақ өнерінде Ақан, Біржан деп қатар аталған қос тұлғаның ақтық әндері де өзектес туғаны әлі талай естіге сөз болары хақ.