Пікір • 17 Сәуір, 2025

Орталық Азия мен Еуропа арасындағы байланыс нығайып келеді

0 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мен өткенге емес, бүгінгі журналистикаға тоқталғым келеді. Қазіргі медиа үшін ең өзекті құндылық – бейтараптық.

Орталық Азия мен Еуропа арасындағы байланыс нығайып келеді

Сурет: instagram.com/clausstrunz/

Бүгінде Батыс медиасы көбіне солшыл не оңшыл бағытта хабар таратады, ал «Euronews» өз жолын бейтараптық деп таңдаған. Әрине, бұл – оңай шаруа емес, өйткені әр журналистің өз мәдени, әлеуметтік бэкграунды бар. Дегенмен олар әр сәт сайын бейтараптықты ұстануға тырысады.

Бұл ұстаным Орталық Азия аймағын қамтитын репор­таждарға да тән. Біз аймаққа қандай да бір бұрмаланған көзқараспен емес, шынайы қызығушылықпен қараймыз. Біз оқиғаларға баға бермейміз, керісінше, не болып жатқанын көрсеткіміз келеді. «Euronews» тек проблемаларды емес, өңірдің мүмкіндіктерін де көрсетуді мақсат тұтады.

Арна дайындаған жобалар Орталық Азия елдеріндегі серпінді экономикалық өзгерістерді, мәдени және туристік әлеуетті көрсетуге бағытталған. Бұл – Еуропа көрерменіне өңірді танытатын үлкен экран іспетті.

«Euronews» ЖИ-ді қауіп емес, керісінше журналистиканы жақсартудың құралы ретінде қарастырады. Біз жасанды интеллектіні қабылдап, оны журналистиканың сапасын арттыру үшін пайдаланғымыз келеді. Бұл технологияны қалай қолданатынымыз – өзіміздің қолымызда.

Сондай-ақ Орталық Азия мен Еуропа арасындағы байланыстың нығайып келе жатқанын көрсететін мысалдар жеткілікті. Жақында Өзбекстанда өткен ЕО-ОА саммитін ынтымақтастықтың жаңа кезеңі деуге әбден болады. «Euronews» бұл үдерістерді жариялап, диалог орнатуға және түрлі көзқарастарды көрсетуге атсалысуды жалғастыра бермек.

Осы өңірде де мидың күші, инновациялық әлеует жетерлік. Астанада болып жатқан нәрселерді көргенде өсіп келе жатқан экономикалық қоғамды байқаймын. Кейде тіпті кейбір Еуропа елдеріне қарағанда бұл жақта даму динамикасы, көзқарасы әлдеқайда позитивті сияқты көрінеді. Бұл – өңірді түсіну қиын деген батыстық көзқарас емес, Батыс Еуропаның шынайы қызығушылығынан туған көзқарас.

Бұл сапар – менің Астанаға екінші рет келуім. Алғаш рет Дүниежүзілік көшпелілер ойыны кезінде аяқ бастым. Бұрын мен бұл ойын туралы естімегеніме қатты ұялдым. Өйткені журналистер әдетте бәрін білеміз деп ойлаймыз ғой. Бірақ мен таңғалдым. Бұл тек спорт немесе саясат емес, мәдениет пен дәстүрдің қуатын сезіндірген оқиға болды. Сол кезде мен бір жауапкершілікті түсіндім: Американы түсіну үшін Еуропаның өткен ғасырдағы жолын білу керек. Сол сияқты біз де өңірді түсіну үшін алдымен оның мәдениеті мен тарихына терең бойлағанымыз абзал.

 

Клаус ШТРУНЦ,

«Euronews» телеарнасының бас директоры