«Таза Қазақстан» • 17 Сәуір, 2025

Акцияға туристер де үлес қосты

0 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Тараз қаласындағы «Жеңіс» сая­ба­ғында өткен «Жасыл ел» еңбек жа­сақтары мау­сымының ашылу сал­танаты «Таза Қазақ­стан» экологиялық акциясымен жалғасты. Саябаққа келген жастар төңіректі түгелдей қоқыстан тазартты.

Акцияға туристер де үлес қосты

«Студенттерді маусым­дық жұмысқа тартудың маңызы зор. «Жасыл ел» еңбек жасақтары студенттердің бос уақытын тиімді пайдалану арқылы мемлекеттік жастар саясатының жүзеге асуына ықпал етеді. Қатысушылар төңіректі көгалдандыруға, спорт кешендері мен өзен жаға­лауларын қалпына кел­­ті­руге, саябақтар мен құрылыс алаңдарын таза­лау­ға үлес қосады», дейді облыс­тық жас­тар ресурстық орта­лы­­ғы­ның директоры Айбек Қадыралиев.

«Таза Қазақстан» эко­ло­гия­лық акциясы Тараз қала­сы Жі­бек жолы ауданына қарасты «Бәйтерек» шағын ауданында, Қарахан кесенесі маңында, Сарысу ауданының орталығы Жа­ңатас қаласы мен Мо­йын­құм ауданында да өт­кізілді. Бір сөзбен айт­қан­да, экологиялық нау­қанға өңір­дің барлық ауданы қатысты.

Өңірде наурыз айынан бастап көктемгі абаттанды­ру екі айлығы басталды. Эко­логиялық акция аясында «Таза қала», «Жасыл қала», «Таза кәсіп – таза аймақ», «Жер сағаты», «Болашақты бірге отырғызамыз» секілді іс-шаралар тұрақты түрде ұйым­дастырылып жатыр.

Экологиялық акцияға, қор­шаған ортаны қорғауға жер­гілікті тұрғындармен бірге өңірге өзге мемлекеттен келген туристер де атсалысып жатқаны қуантады. Таразға кәрі құрлықтан келген италиялық туристер де эко­ло­гиялық акцияға қаты­сып, көне шаһардың таза­лығына үлес қосты. Олар­дың экологиялық науқанға қатысуына «Ежелгі Тараз» мем­лекеттік тарихи-мәде­ни музей қорығының ұжы­мы мұрындық болды. Мей­мандардың айтуынша, тарихы тереңде жатқан киелі орындардың төңірегін қо­қыс­тан тазарту – сауапты іс.

«Екі мың жылдан астам тарихы бар Тараздың кез келген тарихи орны таңдай қақтырмай қоймайды. Алған әсерімізді сөзбен жеткізу қиын. Мұндағы қасиетті жерлерге көшет отырғызу бақыты бізге бұйырғанына бек қуаныштымыз. Көне қалаға жылына кем дегенде он мыңдаған турист келетін болар. Солардың әрқайсысы бір көшеттен отырғызса, оның несі айып? Қайта тарихы терең қаланың маңайы жасыл желекпен көмкеріледі», дейді италиялық меймандар.

Жалпы, өңірде акция ая­сында 818 шақырым канал мен арық жүйелері, 125 мың тұрғын үй ауласы, 4,5 мың шақырым көше та­за­ланып, 12 мың тонна қо­қыс шығарылды. Биыл егі­летін 195 мың талдың бүгінге дейін 70 мыңға жуығы отыр­ғызылып, 2,4 мың ағаш бұталанды. 60 тарихи-мә­дени ескерткіш, 143 саябақ пен сквер аумақтары тұрақ­ты түрде қоқыстан тазар­тылып отырады. Бұл жұ­мыс­­тарға 910 бір­лік техника жұ­мылдырылған.

 

Жамбыл облысы