Қазақстан • 16 Сәуір, 2025

Білімді жастар елден неге безеді

0 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Түркияның әлемге әйгілі Байрактар ұшқышсыз ұшағын ойлап тапқан өнертапқыш Селжук Байрактар басынан өткен қиындықтары туралы былай еске алған екен, деп жазады Egemen.kz.

Білімді жастар елден неге безеді

«Мен ешқашан аяғымды шалуға тырысқан қағазбастылық пен бюрократияны ұмыта алмаймын. Әскери өнеркәсіп саласына жауапты мекемеге өз жобамызды ұсынған кезде ол жердің адамдары маған былай деген еді: «Балам сендер өте ақылды жастарсыңдар. Жақсы оқығандарың көрініп тұр. Бастамаларың да тәп-тәуір. Бірақ бір нәрсені ескеріңдерші. Шетелдіктер бұл салада бізден көш ілгері кеткен. Сондықтан оларды қуып жету мүмкін емес», депті Селжук Байрақтар.

Бюрократиялық кедергілерге қарамастан ол командасымен бірге Түркияның қорғаныс өнеркәсібіне маманданған Байкар фирмасын құрып, Байрактар атауымен ұшқышсыз ұшақтар ойлап тапты. 2004 жылы алғашқы жобасына кіріскен кезде көптеген қиындыққа тап болады.

Селжук Байрактар Түркиядағы университеттің бірінде электромеханика мамандығы бойынша білім алған. Оқу бітірген жас маман арманын жүзеге асырмақ болғанда түрлі әкімшілік кедергілерге ұшырайды. Алайда көздегенінен қайтпайды. Қайсар жігіт Түркияның жауапты сала мамандарына қолқа салып 2005 жылы қзінің өнімін маңызды бір көрмеге қатыстыруға рұқсат алады. Өнертапқыш АҚШ-тың Пенсильвания университетінде қосымша білім алған екен. Магистр дипломының иесі. 2007 жылы елге оралып, ұшқышсыз ұшақтар жасауға біржолата кіріседі. Американың журналистері сол тұста оны «ұшқышсыз ұшақ өнеркәсібінің рухани көсемі» деп атапты.

«Түркияның ұшқышсыз жойғыш ұшақтар өнеркәсібі Селжук Байрактардың есімімен тығыз байланысты.  Ол шын мәнінде түрік халқының алып кемеңгері. Себебі Селжук түркиялық жойғыш дрондар жасап шығарған алғашқы құрастырушы-инженер. Оның бұл саладағы орны смартфон ойлап тапқан Стив Джобспен бірдей» деп жарыса жазды.

Түркияның мақтанышына айналған өнертапқыш 15 жылда үлкен биіктерді бағындырды. Ұшақтардың сызбасынан бастап майда детальдарына шейін өздері жасай алатын жағдайға жетті. Байкар компаниясы осы күнде Байрактар ТВ-1, Байрактар ТВ-2, Акинжи секілді ең күшті әскери жойғыш дрондар шығарады. Және бұл ұшақтар түріктің жоғары әскери өнеркәсіп технологиясының ажырамас бөлшегіне айналды.

Біз осы мысал арқылы айтқымыз келгені бізге де Селжук Байрактардай отандық өнеркәсіпте төңкеріс жасайтын азаматтар керек-ақ. Құдайға шүкір қазақта да өнертапқыш ұлдар бар. Алайда көпшілігі шетел асып кеткен. Сол елдің, сондағы корпорацияның пайдасы үшін жұмыс істеп жатыр. Селжук қиындықтарға шыдамай, үлкен кісілерге өкпелеп, басқа елге кетіп қалуына болар еді. Сондай өнертапқышты кез келген мемлекет құшақ жая қарсы алып, бар жағдайын жасайтыны шүбәсіз. Бірақ ол олай ете алмады. Отанын қиып тастап кетпеді. Керісінше білімін, тәжірибесін түрік елінің келешегіне жұмсап келеді. Алдына үлкен мақсаттар қойып соны орындап жүр. Оның бұл шешіміне Отанға деген сүйіспеншілігі, халқына деген құрметі мен патриоттық тәрбиесі түрткі болғаны анық.

Бір әттеген-айы, қазақтың қаншама білімді жасы шетелде әлдекімдердің қоластында жұмыс істеп жүр. Солар Селжуктай өз Отанында тер төксе, ғылымға талай үлесін қосқан болар еді. Сонда дейміз -ау қазіргі жастардың бойында Отанға, туған жерге деген махаббаттың жоқтығы ма?! Білім қуып «Болашақпен» оқып келгендер ішінде Селжуктай бір салада төңкеріс жасаған азаматтар неге осы бізде жоқ?!

Біле білсек мемлекеттің байлығы жерінің астындағы, үстіндегі қазынасы емес, оның байлығы – халқы. Яғни бірінші кезекте үнемі адам капиталы тұрады. Сол үшін мемлекет жастардың білім алуына, жақсы мамандық игеріп шығуына бар мүмкіндіктерді жасап жатыр. Алайда оқыған ақылды жастарымыз шетелге кетіп қалуда. Сол жақта ғылыммен айналысып, жаңалықтар ашуға атсалысады. Әрбір жас осылай елден жырақтай берсе, отандық ғылымды кім дамытады? Қазірдің өзінде кейбір салада ізімізді басар шәкірт жоқ деп үлкен ғалым ағаларымыз жылап отыр.  

Сол үшін қадірлі жастар, кішкене патриот болайық дегіміз келеді. Елден безетіндей сонша не қиындық туды екен. Кезінде халықтың қамын жеп, өлімнің өзінен тайсалмаған Алаш қайраткерлерінен өнеге алсақ игі. Біздің айтпақ болған негізгі ойымыз осы еді...

ШЫМКЕНТ