Әлем • 15 Сәуір, 2025

Ұшақ апатының құрбандарына ескерткіш орнатылды

0 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Әзербайжанда Ақтау маңындағы ұшақ апатының құрбандарына арналып ескерткіш қойылды. Сондай-ақ, апат кезінде ерлік танытқан бортсеріктің бюсті әзірленіп жатыр, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ұшақ апатының құрбандарына ескерткіш орнатылды

Фото: ҚазАқпарат

Ұшақ апаты кезінде қаза тапқандарға арналған мемориалдық тақта «Хыналыг және Көшпенділер жолы» мемлекеттік тарихи-мәдени және этнографиялық қорығының аумағында орнатылған. Әзербайжанның oxu.az ақпараттық порталының мәліметінше мемориалдық тақтада экипаж мүшелерінің есімдері жазылған. Игорь Кшнякин, Александр Кальянинов, Хокума Алиеваның есімдерімен бірге қайтыс болғандарды еске алу жазбасы да бедерленген. Ескерткішті орнатуға Әзербайжан альпинистері үлес қосқан.

Сонымен қатар, апаттың соңғы кезіне дейін жолаушыларға нұсқау беріп, сабырға шақырған бортсерік Хокума Алиеваның бюсті қойылады. Әкесі Джалил Алиевтің айтуынша Халық батыры атағына ие болған қызының бюсті Бакудегі Құрмет аллеясында орнатылады.

Media.az ақпараттың сайтының мәліметінше 33 жастағы Хокума Алиева Әзербайжанның батысында, Калбажар облысындағы Сусузлуг ауылында дүниеге келген. Гянджа қаласында тұрған. 1996 жылы ол отбасымен Ресейге көшіп, Волгоград облысындағы мектепте оқыған. Одан кейін отбасы Әзербайжанға қайта оралған. Мұнда  орта мектепті бітіріп, Баку мемлекеттік университетінде білім алған. Хокума Алиеваның әкесі айтқан мәліметке сүйенсек ол AZAL компаниясында бортсерік болып 2016 жылдан бастап жұмыс істеген. Embraer E190AR ұшағының Баку-Грозный бағытындағы рейсінде бортсерік ретіндегі қызметін аяқтап, компания заңгері қызметіне ауысуға қамданып жүрген Хокума Алиеваның бұл соңғы рейсі болып қала берді.

Embraer E190AR Azerbaijan Airlines ұшағында Хокума Алиевамен бірге ұшқыш Игорь Кшнякин, ұшқыш Александр Кальянинов қаза тапты. Бес экипаж мүшесінің екеуі бортсерік Зулфугар Асадов пен Айдан Рахимли аман қалды.

Еске салайық, бортта барлығы 67 адам болған, оның 38-і қаза тапты. Қайтыс болғандардың ішінде алты адам Қазақстан азаматы.