
Мекемедегі мамандардың айтуынша, мұндағы жәдігерлердің бірқатары ерте және орта ғасырларға тиесілі көрінеді. ІХ-ХІІ ғасырлардың көзіндей болған жәдігерлердің ішінде қоладан және қыштан жасалған төрт білтелі шырағдандар да бар.
«2011–2017 жылдар аралығында Ежелгі Тараз қаласының аумағында жүргізілген археологиялық қазба жұмыстарының нәтижесінде қыштан және қоладан жасалған ортағасырлық шырағдандар табылды. Жәдігерлердің тарихы ерте дәуірден басталады.
Ежелгі Тараз қалашығы аумағынан табылған қола шырағдандарды тек ақсүйек, бақуатты отбасылар ғана пайдаланған деген дерек бар. Себебі олардың жасалу техникасына қарай құны да жоғары болған деген болжам айтылады. Бір таңғаларлығы, өсімдік ою-өрнегімен әшекейленген бұл жәдігерлерге қарап отырып, орта ғасырларда да қазақ жерінде сәулет өнерінің ерекше дамығанын аңғару қиын емес.
Тұғырлы қола шырағдандар діни салттар мен күнделікті тұрмыста қолданылған көрінеді. Мәселен, кейбір шырақтардың биіктігі бір метрге дейін жетеді. Аталған шырағдандардың барлық бөліктері безендіріліп, өрнектермен және араб әріптерімен әшекейленген. Бұл дүниелер сол дәуірлерде де өңірде сәулет өнерімен қатар, жазу мәдениетінің де қалыптасқанын айғақтайды», дейді «Ежелгі Тараз» мемлекеттік тарихи-мәдени музей қорығының қор сақтау және есепке алу бөлімінің басшысы Ұлбосын Әлімханова.
Тараз