
Кездесуді ашқан «Қазақ газеттері» серіктестігі Бас директоры Дихан Қамзабекұлы қонақтарға ыстық ықыласын білдіріп, ұжым қызметкерлерін таныстырды.
Аталған басқосуда Астана қалалық мәслихатының төрағасы Табиғат Зейнұлқабден бастаған депутаттар Кендебай Адамбек, Бауыржан Қасымбергебаев, Ғабит Тәжімұратов, Бекзат Жолжақсынов, Динара Байсеркина сөз сөйледі. Депутаттар бас басылыммен бірге өскен ұрпақ ретінде газетте жазылған мақалаларды оқып отыратындарын, баспасөзге үн қосуға қашанда дайын екендерін айтып, облыс пен аудандардағы жақсы үрдістер, шешімін тапқан мәселелер, мәслихат депутаттарының жұмыстары басылым беттерінде жарияланса деген ұсыныстарын жеткізді.
«Сіздермен жұмысымыз ұқсас. Атқарушы билік пен қоғамның арасында алтын көпір болып жүрміз. «Egemen Qazaqstan» газетінде арнайы айдар ашылып, аптасына бір рет болса да Астана қалалық мәслихат депутаттарының жұмыстарын өздеріңіздің қаламдарыңыз арқылы жеткізсек, деген ұсынысым бар, бірлесе жұмыс істейік», деді Табиғат Зейнұлқабден.
Депутаттар газетпен бала кездерінде ең алғаш рет қалай таныс болғандықтары туралы естеліктерін айтып, қазақ баспасөзінің қара шаңырағындағы жүздесуге ризашылықтарын білдірді.
Бас директордың орынбасары Виктор Пряников, «Egemen Qazaqstan» газетінің бас редакторы Ғабит Мүсіреп, бас редактордың орынбасары Талғат Батырхан жиында ұстаздар мен мемлекеттік қызметкерлердің баспасөзге жазылу үрдісі үзіліп бара жатқанын, жалпы Астана қаласы бойынша жазылымның өте аз екенін алға тартып, жас ұрпақты газет пен кітап оқуға тарту бағытында жұмыстар жасалса деген ұсыныстарын айтып, депутаттардың ұлтқа қызмет жолындағы жұмыстарына табыс тіледі.
Жиын соңында қалалық мәслихат депутаттары редакция ғимаратын аралап, газет ұжымының өндірістік жұмысын тамашалады.