
Мұның несі өнер деуіңіз мүмкін. «Қазіргі қарбалас заманда тыныштықты тыңдап, ештеңеге алаңдамай, жай ғана өз ойын ести алатын адамдар азайып барады», дейді екен мамандар. Сөйтсек, бұл байқау күйзелістен құтқарып, медитацияны дәріптейді екен. Сайыс өте оңай көрінгенімен, тоқсан минут бойы тапжылмай отырып, жеңімпаз атанатындар тым сирек. Демек, қазіргі заманда бұл да өнерге баланады деген сөз. Енді бұдан жарты ғасыр бұрын кәдімгі өнер сахнасында мынадай гәп өткенін естеріңізге саламыз:
«Дүниеде ойға келмейтін жындылық жүріп жатыр. Бірде ағылшын газеттерінде әлдебір белгісіз пианистің тыныштық концерті туралы хабарландыру шықты. Шулы жарнама дегеніне жетіп, концерт күні зал лық толды. Тыныштық сазгері рояльға отырып ойнай бастайды, бірақ ішектердің бәрін алып тастағандықтан, бірде-бір дыбыс шықпайды. Залдағы жұрт бір-біріне аңырая қарайды. Әрқайсысы қасындағы адамның не істейтінін күтеді, ақырында бәрі үн шығармастан, отырып қалады. Екі сағаттық мүлгіген тыныштықтан соң концерт аяқталады. Пианист орнынан тұрып, бас иеді. Жұрт дүркірей қол соғады. Ертеңінде тыныштық музыканты осы жағдайды теледидардан әңгімелей келіп, сөз соңында: «Мен адам баласының ақымақтығы қаншалықты алысқа баратынын көргім келген еді, ол шексіз екен», деп мойындайды».
Бұл француз жазушысы Андре Моруаның «Жас жігітке өмір туралы ашық хат» деп аталатын кітабынан үзінді. Осыдан жарты ғасыр, одан да бұрынырақ жазылған еңбекті ана тілімізге аударған Кенжебай Ахметтің аудармасынан оқып отырып, ғажапқа қалдық. Анығында адамдар, мүмкін көпшілік жарияға шығып жатқан дүниелердің қайсысы өнер, қайсысы әулекілік екенін ажыратудан қалып бара жатқаны өтірік емес. Бұл бізде ғана емес, әлемдік ахуал екені басы ашық әңгіме. Және бүгін ғана басталмаған әрі барған сайын ушығып, асыл мен жасықты, өнеге мен керікетушілікті айырмауға аз қалды. Сана мен рух құлдыраған жерде шын өнердің құны көк тиын. Сондықтан да өнер жанашырлары мен ақылды, есті адамдар дәстүрлі ән-күйді алға тартып, насихаттаумен, тіпті сол үшін күресумен келеді.
Алысқа бармай-ақ осыдан сексен жыл бұрынғы құндылыққа мән беріп көрелік. Ақын Қасым Аманжолов «Ақын өлімі туралы аңыз» атты атақты поэмасында өлім мен өмір арасында жаны шырқыраған жас жігіт – ақын Абдолла Жұмағалиев халық әні «Қарғам-ауды» шырқағанын жеткізеді. Қасым мен Абдолла соғысқа дейін өте жақын, сыралғы дос болғандықтан, автор арыстан жүректі жолдасының бұл әнді тіршілігінде қатты жақсы көргенін біліп жазғанын пайымдау қиын емес. Мүмкін ол қоршауда қалғанда «Қарғам-ауды» орындамаған шығар, Қасым ойдан қосуы да бек мүмкін. Бірақ бұрын бірге жүрген шақтарында қысылғанда, не қайғырғанда, әлде қуанғанда досы халқының көкейінде мәңгі таңбаланып қалған осы туындыны шырқайтынын ақын жақсы білгеніне бәс тігуге болады. Халық көкейінен өшпей келе жатқан әндердің осындай ғаламаты бар.
Адам жанталасқанда есіне ең жақын нәрсесі, асыл деп тапқан құндылығы немесе қимас жан түсетіні белгілі. Халық әні «Қарғам-ауды» тыңдасаңыз, жаныңыз шуаққа бөленеді, қиялыңызды тербеп, жүйке тамырыңызға тыныштық сыйлайды. Мүлгіген тыныштыққа енгендей бір демалып қаласыз. Жоғарыда біз келтіргендей, қазіргі пенделер мүлгіген тыныштықтан қашады ғой. Шыдап отыра алмайды. Тіпті құлаққа ұрғандай тыныштықтан өлердей қорқатындар да бар. Ал тыныштық концертін өткізген әлгі пианистікі көпті сынаудан туған қарекет қана ма? Ол бір-ақ жағы. Оның арғы жағында «көп айтса көнді, жұрт айтса болдыға» еріп кете беретін тобырдың ақымақтығын әйгілеу қарекеті жатқан жоқ па? Екі сағат тапжылмай отырғандардың парықсыздығын бетіне басып тұр. Шу-даңғаза былай тұрсын, сендерді осылай да алдауға болады деген сөз. Мұнша төменге құлдыраған құлақтар «Қарғам-ау» әнін тыңдап ләззат алады деу – ақылға сыймайтын құбылыс. Тіпті мұндай халық әндерін немесе халық композиторларының мұраларын қоя бастасаң, мазасы кететін бейбақтарды көргенде амалсыз жағамызды ұстағанбыз. Ал өз халқының әнін тыңдап, тереңіне бойлай алған кез келген ақыл иесі өзге ұлттың классикалық мұраларына да құлақ қояры сөзсіз емес пе? Сонда бұл қалай өзі? Халықтың мұрасынан өлердей сескенетін олардың сана-сезімін бүгінгі жеңілтек дүниелер жаулап алған соң, тыншыған табиғат тілін тұндырған әндерді жатсынатын шығар, кім біліпті. Ол жағы беймәлім, алайда мұндайлардың мазасын алған «Қарғам-ау» ғасырлар бойы жасай берері сөзсіз.