Өшпес даңқ • 11 Сәуір, 2025

Қызыл алаңнан мотоциклмен өткен сержант қазақ кім

80 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Біздің баспасөз беттерінде ес білгеннен бастап ескірмей келе жатқан бір тақырып бар. Ол 9 мамыр – Жеңіс күні қарсаңында 1941–1945 жылдардағы соғысқа қатысқан аға-апаларымыздың ерлігін жазып, көрсету. Насихаттау. Бұл – дұрыс. Өйткені халқымызға сын болған сол алапатта қазақ ұландары жасқанып, жалтақтамады. Еш сыр бермей майданда да, тылда да ел тағдырын еңкеймей көтере білді. Сондықтан да ол от кешуге қатысқан қандастарымызды бүгінгі ұрпаққа үлгі-өнеге етіп айту – парызымыз. Міндетіміз.

Қызыл алаңнан мотоциклмен өткен сержант қазақ кім

Суреттерде: Мотоциклші сер­жант Сәрсен Әбдіхалықов.1945 жыл, шілде. Мәскеу. 1945 жыл . Жеңіс шеруіндегі мотоцикл ротасы

Бірақ... Иә, бірақ бұл тақырыпты газет-журнал беттерінде көтергенде, елеп-ескермей жүрген бір жайт байқалып қалады. Ол әріптестеріміздің майдангерлер жөнінде қалам тербегенінде белгілі бір ізді шиырлап, жаттандылыққа бой алдыруы дер едік. Түсінікті тілмен айтар болсақ, осы бәріміз кеше де, бүгін де Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан қазақтардың әскери саладағы санаулы түрін ғана жазып келеміз. Бұлар: ұшқыш, зеңбірекші, танк жүргізуші, пулеметші, барлаушы қандастарымыз. Сондай-ақ бұған жаяу әскер, партизан, радист, сапер, мерген, медбике, теңізші аға-апаларымызды да қосуға болады. Ал сол қырғында жан алып, жан берісіп шайқасқан жоғарыдағылардан басқа әскери мамандықтағы қазақтар ше? Мұны еске алып отырғанымыз: кезінде республика Ғылым академиясының Тарих, археология және этнография институтындағы 1941–1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы бөлімін басқарған ғалым Төлтай Балақаев ағамыздың бір сөзі ойымыздан кетпейді. Ол кісінің дерегіне қарағанда, кеңес одағы мен Германия арасындағы сол қан қасап Қызыл Армиядан 100-ге жуық әскери және шаруашылық мамандықтарын талап еткен. Оларда біздің ұлттың өкілдері көп болған. Соның бірі, мысалы газеттерде бұрын жазылмаған, жауынгерлік жедел әрекет етуге арналған мотоцикл ротасындағы қазақ Сәрсен Әбдіхалықов. Қария қазір бұл өмірде жоқ. Майдангердің құжаттарын бізге көрсетіп, таныстырған ұлы Мараттың әңгімесіне қарағанда, кеңес әскерлері құрамында бұрын курьер, байланысшы міндетін атқарған мотоциклші қызыл әскерлерден өзге осындай құрылыммен жасақталған топпен шайқасқа кіріп, шабуылдайтын взвод, бөлімше болмаған. Ол тек 1939 жылғы күздегі Екінші дүниежүзі­лік соғыс басталғаннан кейінгі немістердің Польша, Франциядағы ұрыстарындағы мотоциклге мінген қарулы күштерінің ілкімділігін көрген соң қолға алыныпты.

апр

Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданындағы Қаракемер ауылынан әскерге шақырылған Сәрсен Әбдіхалықов 1941 жылдың 19 тамызында міне, осындай арнаулы әскери құрылымға түседі. 18 жас­тағы өрен алдымен Қырғызстан астанасы Фрунзедегі (қазіргі Бішкек) үш айлық жеделдетілген курста оқиды. Оны бітірген соң 40-атқыштар бригадасы құрамында Батысқа бет алады. Содан 7 қарашадағы Қызыл алаңда өткен әйгілі шеруден кейін бірден Мәскеу түбіндегі ауыр ұрыстарға араласады. Ауыр болатыны – қару, оқ-дәрі жетіспеді. Кейін: «Үш адамға бір мылтық» деген майдангер жазушы Виктор Астафьевтің сөзі осыған байланыс­ты айтылған еді. Кеңес жауынгерлерінің қолдарында бары – ішіне жарылғыш зат пен жанармай құйылған «Молотов коктейлі» деп аталатын отты бөтелкелер болатын. Қойны-қонышына соларды толтырып алған қызыләскерлер жау шебіне мотоциклмен құйындатып келіп лақтырып, содан кейін іле-шала тез кері бұрылып кетіп қалуы тиіс-тін. Бұл енді ажал аузына амалсыз аттанып, одан аман қалуы екіталай ұстараның жүзіндегі үміт пен күдікке толы қан қасаптың өзі еді. Соның салдарынан Мәскеу маңындағы майдан шебінен жаппай алға ұмтылған 6 желтоқсандағы «ұлы шабуылда» Сәрсен Әбдіхалықов қызмет ететін мотоқұрамдағы 600 жауынгердің бәрі мерт болып, тірлік белгісі бар 35 адам ғана опырылған окоп пен қираған көпір астындағы топырақтан аршылып алынады. Олардың арасында басы мен иығына оқ тиіп, тобығынан жараланған біздің кейіпкеріміз де бар еді.

Аталған жарақатына байланысты гос­питальда ұзақ жатқан Сәрсен аға 1942 жыл­дың ортасында ғана оңалып, қарулас­тары қатарына қайта қосылады. Сөйтіп, Ржев бағытындағы сойқан соғысқа ара­ласады. Бірақ тағы да оқ тию... Жара­лану... Тағы да медсанбат пен медкомис­сия арасында сенделіп жүру. Осы жерде оны бұ­рынғы командирлерінің 1941 жылғы Мәскеу түбіндегі жаужүрек қимы­лына орай ұсынған «Ерлігі үшін» медалі іздеп келіп табады. Бұл мезетте 1943 жылдың қаһарлы қаңтары да келіп қалған еді. Сол 22-армияның 64-ат­қыштар полкіндегі жауынгерлік сапқа қайта тұрған қандасымыз үш дөңгелекті «М-72» маркалы мотоцикл жүргізушісінің артындағы орындыққа бекітілген «БТР»-дың көздеушісі қызметін атқарады. Мұндағы міндет – кез келген әскери техниканың темір қабатын тесіп өтетін ерекше оқпен жарақтандырылған жоғарыдағы қарумен шайқас алаңындағы қарсы жақтан бе­т­теп келе жатқан неміс танкілеріне тұтқиыл­дан тиісіп, оны жойып жіберуге күш салу еді.

Калинин майданындағы ұрыстарда осындай жанкешті тапсырмаларды орындап жүргенде, Сәрсен ағаны жау оғы тағы іздеп келіп табады. Бұл 1944 жылдың 4 наурызы еді. Кеудесіне қатарынан келіп тиген қос оқтан ол кісі мүлде әлсіреп, мотоциклдің қоржын орындығында сұлқ түсіп жатып қалады. Госпитальда да сондай күй кешеді. Десек те дәрігерлерге рахмет! Солардың көмегімен аяғынан тік тұрады-ау, әйтеуір. Содан... Араға ұзақ уақыт салып, өз бөлімшесіне қайта оралғанда, соғыстың да беті қайтып, кеңес әскерлері Еуропа төріне жақындаған еді. Сондықтан майдан даласына сұранған сержантты полктағы әскери басшылық басқа жұмысқа жіберуді жөн көреді. Ол 1944 жылдан бастап гитлершілерге қарсы шайқасуға ниет білдіріп, Тадеуш Костюшко атындағы жеке дивизия құрған поляк еріктілерін толықтыруға келген Варшава, Люблин қалаларының жастарын мотоциклге үйретіп, жаттықтыратын нұсқаушылық қызмет еді. Жерлесіміз бұл істе де тындырымдылық танытып, ешкімді ұятқа қалдырмайды. Командирлерінің көздеген ойы мен көңілінен шыға біледі.

1945 жылғы 9 мамырда елді әуре-сарсаң­ға салған қанқұйлы соғыс аяқталды. Иық­тарынан ауыр жүк түскен жауынгерлердің қуаныштарында шек болған жоқ. Сондай шат-шадыман күндердің бірінде әскери бөлімдерде: «Жоғарғы Бас қолбасшы 24 маусымда Мәскеудегі Қызыл алаңда Жеңіс құрметіне арналған салтанатты шеру өткізуге ұйғарым жасапты. Оған 1941–1945 жылдардағы от кешуден аман өткендердің ішіндегі таңдаулылардың таңдаулысы қатысады екен!» деген сөздің желдей ескені бар емес пе? Содан бастап көрші дивизиядағылар секілді Сәрсен аға қызмет ететін бөлімде де қарбалас қимыл бас­талды дейсіз. Ол алдағы салтанатты шеруге деп Мәскеуден келген сұраныс бойын­ша өздерінің ішінен «М-72» маркалы үш дөңгелекті мотоциклдің толық құрамдағы бір экипажын жасақтап жіберу еді. Сөз орайында бұл тапсырмаға қатысты ерекше талаптардың да болғанын айта кетуіміз керек. Иә, ең алдымен парадқа ба­ратын солдат пен офицердің кеудесінде ең кем дегенде екі жауынгерлік орден мен үш медаль, бойының ұзындығы 182 сантиметрге жетеғабыл болуы тиіс-тін. Сондай-ақ олардың қандай майданда шай­қасқандарының да маңызы ескерілген-ді. Іріктеу барысында 22-армияның 64-пол­кындағы сержант Сәрсен Әбдіхалықов­тан міне, жоғарыдағыдай талаптың бәрі табыла білді. Соның нәтижесінде ол мамыр айының аяғында шеруге қатысушы сайыпқырандар жиналып жатқан Воло­коламск бағытындағы Тушино әскери әуежайы қалашығына келіп жетті.

... 1945 жыл. 24 маусым. Мәскеу. Қызыл алаң. Күн сіркіреп жауып тұр. Бірақ оны елең қылып жатқан ешкім жоқ. Саптағы 40 000 жауынгер мен офицердің көңілдері көтеріңкі. Жүздері жарқын. Бір кезде Спасск қақпасы жақтағы Кремль курантының дауысы естілді. Ол сағат 10-ды соққанда: «Парад, тік тұр!» – деген әмірлі дауыс естілді. Осыдан соң әскери шеру басталды. Алаңнан алдымен 1200 адамдық үрмелі аспаптар оркестрінің орындауындағы М.Глинканың «Даңқың артсын!» музыкасы­ның асқақ үнді қолдауымен аяқтарын нық басып жаяу әскерлер өтті. Одан кейін ұшқыштар... Теңізшілер... Парашютші десанттар... Танкистер мен артиллерис­тер... Саперлер... Радистер... Бір мезетте, иә, бір кезде Қызыл алаңның кіреберіс шеті болып табылатын В.И.Ленин музейі жақтан бұрын ешкім көріп-білмеген әскери лек байқалды. Бұлар сол кездегі Карель, Волхов, Прибалтика, Калинин, Брянск майдандарындағы жауынгерлер арасынан таңдалып алынған мотоциклшілердің құрама ротасы еді. Мұрағаттағы деректерге қарағанда, сол шеруге қатысқан олар 270 адам екен. Ал мотоцикл саны 90 бірлікті құрапты. Демек, әр үш дөңгелекті бұл техникаға рульдегі жүргізуші-жетекші, қоржын орындықтағы пулеметші және артқа мінгескен көмекшісі бар – барлығы бір жеке экипаж құраған ғой. Солардың арасындағы алдыңғы қатарда жалғыз қазақ сержант Сәрсен Әбдіхалықов та келе жатты. Әрине, сөз етіліп отырған бұл шеруге «Катюша» қондырғысымен жау шебінде жасын ойнатқан, «Ил-2» истребителімен қарсыластарының үрейін ұшырған, «Т-34» танкісімен Берлин көшелеріне алғашқылардың бірі ретінде кірген талай қандастарымыздың болғаны тарихи оқулықтардан белгілі. Бірақ Сәрсен ағаның Қызыл алаңдағы атақты парадта мотоцикл легімен Кремль қабырғасын дірілдетіп өтуі бұл енді қайталанбас оқиға. Жалғыз жайт. Дара дерек.

...Жеңістен кейін елге екінші топ­тағы соғыс мүгедегі боп оралған кейіп­кері­міз ұстаздық мамандықты таңдады. Де­сек те тумысынан тынымсыз жан шәкірт тәр­биелеумен шектеліп қалмады. Мектептегі жұмысынан басқа Таутүрген ауылындағы кенжелеп қалған әлеуметтік мәселелердің дұрыс шешілуіне белсенділікпен атсалысты. Ол мұндағы жаңа мектеп, мәдениет үйі мен малшы балаларына арналған интернат үйін салуға бастамашы болу еді. Сондай-ақ көшелерге су құбырын жүргізу, монша қазандығын жөндеп, іске қосу да Сәрсен ағаның араласуымен біткен игілікті істер-тін. Бұған абзал жанның 1949 жылдан 1975 жылға дейінгі ширек ғасырдан астам уақыт бойы жергілікті жердегі халық қалаулысы болып сайланған депутаттық мандаты мол мүм­кіндік берген еді. Жерлестері майдан­гердің бейбіт күндердегі сол еңбегін әлі ұмытпайтындықтарын айтады. Құрметпен еске алып, Жеңістің 80 жылдығында өз ауылындағы білім ұясына ақсақалдың есімі берілсе дейді. Бұл өтініш, тілекті жергілікті билік елеп-ескерер деп ойлаймыз.

 

Жанболат АУПБАЕВ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

Алматы облысы,

Еңбекшіқазақ ауданы,

Таутүрген ауылы