
Жас ғалымның инновациялық жобасы – гибридті иінді пресс әзірлеумен байланысты. Өнертабысты автомобиль, авиация және металлургия өнеркәсібінде қолдануға болады. Ғалымның тағы бір маңызды жобасы – инженерлерге жаңа машиналар мен механизмдерді жобалауға көмектесетін рычагты механизмдер атласы. Ғылым және жоғары білім министрлігінің гранты аясында жүзеге асқан жоба еліміздегі машина жасау өндірісінде үлкен сұранысқа ие. Мөлдір Қуатованың жетекшілігімен іске асқан жас ғалымдар тобының бұл жұмысы машина жасау өнеркәсібін дамыту, цифрландыру мен жаңа технологияларды енгізуде маңызды қадам саналады.
Ғалымның жетекшілігімен әзірленген классикалық иінді пресс дизайны дәлдікті, беріктікті және энергия тиімділігін арттырады. Мұнда қуат тұтыну 20-дан 15%-ға дейін азайып, дәстүрлі модельмен салыстырғанда жабдықтың қызмет ету мерзімі
30 пайызға артады.
«Қазіргі кезде көптеген жабдықтың 80 пайызы шетелден алынады. Егер де отандық өндірісімізді дамытатын болсақ, шетелдік жабдықтарға тәуелділік 30-40 пайызға азаяр еді. Бұл еліміздің машина жасау өндірісін дамытып, шығынды азайтады. Иінді престер автомобиль, авиация, металлургия және құрылыс салаларында кеңінен қолданылады. Қазіргі уақытта технологиялық үдерісті жетілдіру және ғылыми зерттеулер жүргізу мақсатында пайдаланылатын эксперименттік үлгіні аяқтап жатырмыз. Енді одан әрі сынақ жүргізіп, өнеркәсіптік қолдануды бағалауға мүмкіндік беретін прототипті әзірлеу кезеңіне көшеміз. Болашақта технологияны отандық кәсіпорындардың қажетіне қарай бейімдеп, өндіріске шығармақшымыз. Бүгінде елімізде иінді престердің әлеуетті тұтынушылары болатын кәсіпорындар бар. Бұл шамамен 200-ден астам машина жасау және тау-кен металлургия өнеркәсібіндегі 30-ға жуық кәсіпорын», дейді жоба жетекшісі.
Ғылым жолында дұрыс таңдау жасай білгенін алға тартқан жас ғалым медициналық жоғары білімі бар алғашқы қазақ қызы Гүлсім Асфендиярова, алғашқы әйел-инженер-металлург Мәдина Бегалиева сияқты халқымыздың көрнекті тұлғаларының еңбек жолын өзіне үлгі ететінін айтады. Түркияның Афьон, Американың Огайо университетінде тағылымдамадан өтіп, зерттеу әдістемесін әзірлеу және медициналық робот жасайтын материалдарды таңдау негіздерімен айналысқан.
«Америкада зертханалардың материалдық-техникалық жабдықталуы өте жоғары деңгейде» дейді ол. Жоғары оқу орындары өнеркәсіптік компаниялармен тығыз байланыс орнатқан, ал студенттер заманауи жабдықтармен жұмыс істейді. АҚШ-та мемлекет қана емес, университеттер де жыл сайын зертханаларды жаңартуға айтарлықтай қаражат бөледі. Бұл олардың бәсекеге қабілеттілігін арттырады. Қытайда, Германияда, Оңтүстік Кореяда ғалымдар университет деңгейіндегі саламен тығыз байланысты (біздің жағдайда бұл ҒЗИ) және ірі кәсіпорындар нақты технологиялық шешімдерді әзірлеуге тапсырыс беру арқылы зерттеулерді қаржыландырады. Мұндай модельдер ғылымды коммерцияландыруды жеделдетуге, ғалымдардың экономикада белсенді болуына мүмкіндік береді.
Елімізде де ғылым мен өндірісті интеграциялау бағытында жұмыс енді қолға алына бастады. Былтырдан бастап технологиялық хакатондар ұйымдастырылып келеді. Ғалымдар мен кәсіпорындар арасында бірлескен техникалық міндеттер әзірленбек. Ендігі кезекте ғылыми әзірлемелерді өндіріске енгізуге басты назар аудару қажет. Осы орайда елімізде «PhD Industry» бағдарламасын енгізудің маңызды екенін алға тартқан Мөлдір бұл бастаманың қолданбалы ғылыми зерттеулер мен кәсіпорындармен байланыс орнатуда аса маңызды екенін жеткізді. Оның айтуынша, алдыңғы қатарлы елдерде мұндай бағдарламалар өндіріске енгізуге дайын технологиялар мен шешімдерді әзірлей отырып, экономиканың нақты секторымен жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Ұлыбританияда, АҚШ-та және Қытайда инженерлік және техникалық мамандықтардағы PhD бағдарламалардың 70 пайызына дейін өнеркәсіппен байланысты. Ал бізде бұл көрсеткіш әлдеқайда төмен. Докторантураның бұл түрі болашақта инвестиция тартуға және өндіріске инновацияларды енгізуді жеделдетуге ықпал етеді.
АЛМАТЫ