Ведомство аталған мәселеге қатысты мынадай маңызды жайттарды алға тартты:
«Біріншіден, «Қазақфильм» киностудиясының музей қорында «Қыз Жібек» фильмінде пайдаланылған бір камзолдың түпнұсқасы сақтаулы. Бұл жәдігер ұлттық кино өнерінің маңызды мәдени мұрасы ретінде қорғалған. Ал продюсер жариялаған жазбадағы екінші камзолдың жеке қолға қалай өткендігі анықталуда.
Екіншіден, «Қазақфильм» киностудиясы ұлттық фильмдерде пайдаланылған құнды реквизиттерді, костюмдер мен басқа да тарихи маңызы бар заттарды жүйелі түрде жинақтап, қалпына келтіру және сақтау жұмыстарын жүргізіп келеді. Бұл бағыттағы жұмыс ұлттық мәдени мұраны келешек ұрпаққа жеткізуге бағытталған.
Үшіншіден, қазіргі уақытта «Қазақфильм» жанынан заманауи талаптарға сай келетін ауқымды музей ашу жоспарлануда. Аталған музейде отандық кино тарихына қатысты бірегей экспонаттар қойылып, келушілерге кеңінен таныстырылатын болады», делінген хабарламада.
Министрлік мәдени құндылықтарды қорғау мәселесіне ерекше мән беретінін және қоғамда туындаған кез келген сұраққа ашық жауап беруге дайын екенін мәлімдеді.