
Суреттерді түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Адамның физикалық, эмоционалдық, психологиялық жағдайын жақсарту мақсатында музыкамен емдеу әдісі бұрыннан бар. Қазіргі таңда музыкалық терапия медицинада, психологияда және әлеуметтік салада кеңінен қолданылады. Бұл әдіс кәсіби мамандардың көмегімен жүргізіліп, әркімнің қажеттілігіне байланысты жеке немесе топтық түрде өткізіледі. Осы орайда музыкалық терапияның мән-маңызын ұғып, көзбен көрмекке Ұлттық балаларды оңалту орталығына бардық.
Жалпы, бұл бағыт елімізде ең алғаш 1995 жылдары Алматы қаласындағы «Балбұлақ» оңалту орталығында қолданыла бастаған. Кейін 2007 жылы елордадағы Ұлттық балаларды оңалту орталығында ғылыми тұрғыда жан-жақты зерттеліп, жаңа бағытта, емдеудің тың әдіс-тәсілдерімен жалғасып келеді.
Орталықта емделуші балалар жас ерекшелігіне қарай алты бөлімге бөлінген. Оларға музыка-терапия төрт бағыт бойынша оқытылады: рецептивті, яғни алуан түрлі музыканы тыңдату арқылы емдеу, аспаптық терапия – ұсақ маториканы дамытуға бағытталса, вокалдық терапияда түрлі артикуляциялық жаттығулар жасалса, dance терапия – ән мен биді ұштастыру арқылы жүргізіледі. Бұған қоса төменгі жастағы балдырғандарға ертегі терапиясы да оқытылады. Одан бөлек кіріктірілген арнайы сабақтар бар. Яғни логопед-дефектолог мамандарының қатысуымен музыка сабағы өтеді. Аптасына бір рет ата-аналар да сабаққа қатысып, үй жағдайында музыка-терапия тәсілін үйренеді. Айта кетейік, музыкалық терапияға келетін балаларға негізінен аутизм спектрінің бұзылуы, даун синдромы, церебральды сал ауруы, психикалық дамуының кешігуі, сөйлеу дамуының кешігуі, гидроцефалия сынды диагноздар қойылған.
Ұлттық балаларды оңалту орталығының музыкатерапевт маманы Бағдат Әбіштің айтуынша, мұнда 12 музыка терапеві екі ауысымда жұмыс жасайды. Бір жылда 13–14 айналым болып, әр айналымда 310 балаға дейін орталықта ем алады.
«Музыкалық жоғары білімі бар мамандар орталықта музыка-терапия курсын оқып, тәжірибе алмасудан өткен соң ғана жұмысқа орналаса алады. Біздің мамандармен бірлесе жасаған музыкалық жаттығуларымыз бар. Оған емдік дене шынықтыру элементтерін, логопедтік артикуляциялық жаттығулар қостық. Сол авторлық жаттығулармен осы оңалту орталығында жұмыс істеп жатырмыз. Бұл методиканы еліміздегі барлық жекеменшік оңалту орталықтары пайданаланып жүр», дейді Бағдат Әбіш.
Орталықты аралап жүріп, алыстан талып бір музыка естілді. Аспаптық терапия бағытында сабақ алып жатқан Әлинұр Есмұрат синтезаторда ойнап отыр екен.
«Бұл бағытта аспапты ұстатып, ойнату арқылы қолдың ұсақ маторикаларымен жұмыс жасаймыз. Синтезатордан бөлек әртүрлі шулы, үрмелі, шертпелі аспаптарды қолданамыз. Бір бала 24 күнде 20 минуттан он сабақ алады. Мысалы, синтезатор аспабы саусақ бұлшық еттерін дамытуға арналған. Бүгін Әлинұрдың үшінші сабағы өтіп жатыр. Жалпы, үш сабақтан кейін баланың музыкаға қызығушылығы арта бастайды», дейді музыкатерапевт Балдырған Хайранова.
«Баланы дамытуда музыкалық терапияның әсері үлкен. Есту қабілеті жақсарып келеді. Домбыраға ынтасы оянды. Күйді көп тыңдайды. Біз Қостанай облысы Арқалық қаласынан келдік. Ол жақта музыка сабақтары жоқ. Осы орталыққа әр келген сайын балам музыкалық терапияға асығып тұрады», дейді Әлинұрдың анасы Гүлжанат Есмұрат.
Ал Нұргүл Қалабаева туғаннан еркін сөйлей алмайды. Бір таңғаларлығы, ол ән айтқанда әр әріп анық әрі кедергісіз шығады. Сегіз жыл бойы Ұлттық балаларды оңалту орталығында музыка-терапия емін алып, бүгінде өнерге қадам басқан. «Бұл – менің өмірімді түбегейлі өзгерткен ем» дейді ол.
«Музыка-терапия арқылы ортамды тауып, өнер университетін тәмамдадым. Логопед және музыкатерапевт мамандардың арқасында сөйлеу жағынан қалпыма келдім», дейді Нұргүл.
Иә, мамандардың сөзіне жүгінсек, музыкалық терапияның пайдасы орасан. Атап айтсақ, психологиялық әсері – күйзелісті азайтып, көңіл күйді жақсартады. Физикалық әсері – қан қысымын реттеп, ауырсынуды жеңілдетеді. Когнитивті әсері – есте сақтау қабілетін жақсартып, әсіресе Альцгеймер және деменциясы бар адамдар үшін тиімді екен. Әлеуметтік әсеріне келсек, қарым-қатынас дағдысын жақсартып, қоғамға бейімделуге көмектеседі.
Вокал терапиясына да арнайы кіріп шықтық. Мұнда кезекті концерттік нөмірге дайындық жүріп жатыр екен. Үш жігіттің орындауындағы «Мен – қазақпын» әнін біз де тыңдадық.
«Вокал терапиясы балаларға ғана емес, жалпы адамдарға керек дүние. Осы арқылы біз баланың тыныс алуын жақсартамыз, жаттығу арқылы артикуляциясы қалыпқа келеді. Менің мақсатым – ырғақты ән айтқызып үйрету. Бізде концерттік іс-шаралар көп ұйымдастырылады. Әр баланың туған күні аталып өтіледі. Осындай мерекелік күндерде балалар сахнада өнер көрсетеді», дейді музыкатерапевт Құралай Есмаханова.
Иә, негізінен ән айту дыбыстау мүшелеріне ғана емес, есту мүшелерінің жұмысына да тәуелді. Сондықтан да ән айту кезінде есту мүшелерінің дұрыс қалпын сақтау, ән шырқаудың дағдысын игеру мен дыбыстау жүйесін оңалтуға тиімді көмек береді. Ал ол үшін алдымен дұрыс тыныс алып үйрену қажет. Егер бала тиімді тыныс алып үйренсе, онда ән айтумен қатар дұрыс сөйлеу мүмкіндігі де қалыптасады.
Тарих қойнауына көз жүгіртсек, ежелгі грек философы Пифагор музыканың адам ағзасына, көңіл күйіне қалай әсер ететіні туралы ғылыми анықтама берген. Сондай-ақ ертедегі қытай, үнді дәрігерлері мен емшілері, философтары мен музыканттары музыканы сырқатты емдеуге пайдаланғаны белгілі. Қазақтың көнеден келе жатқан ауыз әдебиеті жырлары мен аңыз-әфсаналарында да сиқырлы қобыз, күмбірлеген домбыра мен сызылған сыбызғы үнінен шығатын музыкалық туындылардың адам ағзасына оң әсер етіп, жалпы психологиялық емдік сипатта шипалық қасиеттері болғандығын білеміз.
Ал бүгінде музыкалық терапия көптеген шетелде кеңінен қолданылады. Әсіресе АҚШ, Канада, Ұлыбритания, Германия, Жапония, Аустралия сияқты дамыған елдерде бұл әдіс медицина мен психологияның бір бөлігі ретінде ресми түрде мойындалған. Мәселен, АҚШ-та музыкалық терапияны ресми түрде Американың музыкалық терапия ассоциациясы (AMTA) бақылайды. Яғни ауруханаларда, мүгедектер орталықтарында, психологиялық клиникаларда қолданылады. PTSD (посттравматикалық синдром) бар әскери қызметкерлерді емдеуде ерекше тиімді. Германияда музыкалық терапия медициналық сақтандыру жүйесіне енгізілген. Оны неврологиялық және психиатриялық ауруларды емдеуде қолданады. Жапонияда музыкалық терапия қартаюға байланысты когнитивті бұзылыстарды емдеу үшін жиі қолданылады.