Талбесік • 11 Сәуір, 2025

Қойнауы қазынаға толы Берікқара

57 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қойнауы сырға толы киелі жерлер Жамбыл өңірінде аз емес. Олардың санатында республикалық маңызы бар табиғи кешенге айналғандары да жеткілікті. Күнделікті күйкі тірліктен жабыққан жұрт Шақпақтың салқын самалына кекілін таратқысы келген кезде Берікқара қорығына ат басын бұрып жатады. Мұндағы табиғат тамашасы адам жанын жадыратады. Төңіректегі тұнған сұлулықты көргенде көз тойып, көңіл тояттайды.

Қойнауы қазынаға толы Берікқара

Ел ішінде «жер жәннаты» атанып кеткен Жуалының табиғаты расында да ерекшелігімен тәнті етеді. Батыр Бауыржанның кін­дік қаны тамған өлкеге табаны тиген турист біткен Берікқара шат­қалына ағылады. Сұлулығы алыстан көзді арбайтын шатқалда жойылуға шақ қалған өсімдіктің түр-түрі самсап тұр.

Мамыражай мамыр айында Берікқараға бет алсаңыз, сайын даланың көрінісіне ұзақ қарап тамсанып тұратыныңыз анық. Аудан орталығынан 30 шақы­рым қашықтықта орналасқан қасиетті жерге келген адамдар да Берікқараның кереметін айтудан жалыққан емес. Шатқалдағы тым сирек кездесетін теректер мен қыз­ғалдақтар туристердің қызы­ғушылығын тудырмай қоймайды. Әсіресе басқа мемлекеттен келген туристер мұндағы қисапсыз табиғи байлыққа сүйсіне көз тігіп, көп деректерге қаныққысы келеді. Оны күн ұзаққа қоятын сауалдарынан да байқауға болады.

Қолда бар нақты дерекке сенсек, ел Үкіметі 2002 жылы арнайы қаулы шығарып, Берікқараны мемлеттік қаумал, ерекше қорға­латын табиғи аумақ санатына жат­­қы­зыпты. Жуалылықтардың мақ­та­нышына айналған қорықтың жалпы аумағы 17,5 гектар жерді алып жатыр.

Өңірдегі ең көрікті жерлер­дің қатарына енген Берікқара шат­қалы туралы айтылатын аңыз әңгіме де аз емес. Жергілікті ха­лық та шатқалға қатысты түрлі бол­жам айтады. Солардың біріне құлақ түрсек, шатқалдың аты ­жау­­гершілік заманмен байланыс­ты көрінеді. Халықтың айтуынша, шатқал ықылым заманда жауға қарсы қол бастаған, бейбіт заманда тау аңғарында елді егіншілікке үндеп арық қаздырып, елге шарапаты тиген Берік есімді кедей жігіттің есімімен аталған көрі­­не­ді. Әлбетте, бұл шатқал атауына қатысты айтылатын сан түрлі әңгі­менің бір нұсқасы ғана.

Біршама жыл бұрын бақилық болған жергілікті қаламгер Кәрім Баялиев «Жасарған Жамбыл жерінде» атты жинағында жоңғар шапқыншылығы кезінде дәл осы шатқалда берік қамал болған деген­ді алға тартады. «Шатқалдың атауы сол себепті Берікқара деп аталған» дейді ол өзі білетін мәлі­метті бөлісіп.

Жуалылықтар кейде таби­ғат құбылысын да осы бір шат­қалмен байланыстырады. Мәселен, көктем, күз мезгілінде жиі соғатын дауылды жергілікті халық «Берікқара желі» деп атап кеткен. Қойнауы сырға толы шат­қалға қатысты әңгімелерді естіген сайын құпиясын аша түскің келеді, жаңа деректермен танысуға бейіл тұрасың.

Расында да, Берікқара шатқа­лын­да табиғат ғажайыптары жеткі­лікті. Жергілікті өлкетанушылар келтірген дерекке сенсек, мұнда Қызыл кітапқа енген ағаштар мен шөптердің сирек тұқымдары бар. Жабайы алманың да жоғалуға айналған сирек сұрпын Берікқа­ра шатқалынан кездестіруге болады. Бұдан бөлек, мұнда кездесе­тін Зарафшан аршасы, речель ал­мұрты, Тянь-Шань жоңышқасы, тау сағызы, көк тікен, Корольков бәйшешегі, Грейг, Кауфман қыз­ғал­дағы мен Берікқара терегі көздің жауын алады.

Өлкетанушылар Жуалының мақтанышына айналған Берікқа­ра шатқалын айрықша бағалай­ды. Олардың айтуынша, сирек кез­десетін терек шатқалдың терең түкпірінде ілгерідегідей көп болмаса да, аздап ұшырасады. Дерекке жүгінсек, мұндай терек Тек АҚШ шат­қалдарының бірінде ғана бар екен.

Қалай десек те, көркіне көз тоя­тын Берікқара шатқалы Жамбыл облысындағы ең көрікті жерлер­дің санатына жататыны анық. Шат­қалдағы табиғи байлықты мамандар қай кезде де назардан тыс қалдырған емес. «Берікқараның табиғи байлығы – әлемде сирек кез­десетін теректері», дейді олар. Расында да шатқалдағы тамаша көріністі көрген сайын көре бергің келеді.

 

Жамбыл облысы,

Жуалы ауданы