Зерде • 10 Сәуір, 2025

Зерендіде жастардың бірегей пікірсайыс академиясы өтеді

83 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Биыл маусым айының 9-13 күндері аралығында Ақмола облысы, Зеренді ауылында орналасқан көркем табиғатты Aurora Garden демалыс аймағында мектеп оқушылары мен колледж студенттеріне арналған «Debat Eli Academy» пікірсайыс академиясы өтеді. Бұл – еліміздің әр түкпірінен жиналатын жас пікірсайысшылар үшін жаз мезгіліндегі маңызды оқиғалардың бірі болмақ, деп хабарлайды Egemen.kz.

Зерендіде жастардың бірегей пікірсайыс академиясы өтеді

Аталған іс-шараны «Debat Eli» қоғамдық қоры ҚР Оқу-ағарту министрлігіне қарасты Республикалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығымен бірлесе отырып ұйымдастырып отыр. Академияның басты мақсаты – пікірсайыс арқылы жастардың ойлау қабілетін дамыту, шешендік өнерін шыңдау және патриоттық рухын арттыру.

G

Екі лига – екі бағыт

Академияға іріктелген 50 қатысушы қазақ және ағылшын тілінде өтетін екі лигаға бөлінеді.

Қазақ лигасында танымал жаттықтырушылар мен пікірсайыс чемпиондары тренингтер жүргізіп, қатысушыларға шешендік өнер мен стратегиялық ойлаудың қыр-сырын үйретеді.

Ағылшын лигасында қатысушыларға шетелден арнайы шақырылған халықаралық деңгейдегі спикерлер сабақ береді. Бұл – ағылшын тіліндегі пікірсайыс шеберлігін дамытумен қатар, әлемдік дебат мәдениетімен танысудың таптырмас мүмкіндігі.

G

Қатысу шарттары

Академияға қатысу үшін үміткерлер 8-24 сәуір аралығында арнайы тіркеу формасын толтырып, 600 символдан аспайтын мотивациялық хат тапсыруы қажет.

Іріктеу кезеңдері:

25 сәуір – мотивациялық хаттар негізінде іріктелген қатысушылар тізімі жарияланады;

28 сәуір - 2 мамыр – үміткерлер онлайн сұхбаттан өтеді;

5 мамыр – әр лига бойынша 25 үздік қатысушының финалдық тізімі www.debateli.kz сайтында және @rumcdo_official Instagram парақшасында жарияланады.

Барлығы – қатысушылар үшін

Академияға қатысу тегін. Ұйымдастырушылар тарапынан жатын орын мен үш мезгіл тамақпен қамтамасыз етіледі. Жол шығындары қатысушыларды жіберуші тараптың есебінен қарастырылады.

«Debat Eli Academy» – бұл жай ғана оқу бағдарламасы емес. Бұл – пікірсайыс мәдениеті арқылы жеке даму, жаңашыл ойлау және жаңа достар табудың ерекше алаңы. Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген жас дебатерлер үшін бұл академия жазғы маусымдағы ұмытылмас тәжірибе мен шабыттың қайнар көзі болмақ.