Мәселе • 09 Сәуір, 2025

Киік неден қырылды?

62 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Киіктердің жаппай қырылуы – табиғатқа, экологияға, ауыл шаруашылығына айтарлықтай зиян келтіретін қауіпті құбылыс. Бұл күрделі мәселенің себебі ретінде түрлі дәйек айтылады. 2015, 2020 жылдары киіктердің қырылуы қоғамда кеңінен талқыланды. Биыл келеңсіз жағдай Ұлытау облысында қайталанып отыр. Жыл басынан бүгінге дейін далалы жерлерден 6 мыңға жуық киік өлексесі жиналды. Бұл сан түпкілікті емес, әлі де өзгеруі мүмкін.

Киік неден қырылды?

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «ЕQ»

Киіктердің жаппай қыры­луының негізгі себебі қа­тарын­­да табиғи, антропоген­дік факторлар бар. 2015 жылы киіктер­дің жаппай қырылуы сібір жарасынан деген болжам айтылды. Аурулардың жаппай таралуы табиғи ортада өмір сүретін жануарлар­дың иммунитеті­нің әлсіреуі­не, экологиялық жағдайдың нашарлауына әкеледі. Жануар­лардың табиғи тірші­лік ету ортасы, экологиялық жағдайлар өзгерген сайын, олардың өміріне қауіп төнеді. Ауыл шаруашылығының дамуы, егін шаруашылығының өсіп-өркендеуі, тыңайтқыштар мен пестицидтердің қолданы­луы табиғаттағы өзгерістер­ге, жердің құнарлылығының жоғалуына әсер етеді. Бұл өз кезегінде киіктердің азық табу қабілетін төмендетіп, олардың қуатын әлсіретеді.

Климаттың өзгеруі, әсіресе темпера­тураның көтерілуі, жауын-шашын мөл­шерінің ауыт­қуы киіктердің мекендейтін аймақтарының жүйесіне зиян келтіреді. Бұл фактор да киік­тердің азық табуына, көбеюіне теріс әсер етеді. Адамдардың іс-әрекеттері де, мысалы, киіктердің мигра­циялық жолдарына кедергі келтіретін құрылыстар, жолдар, суқоймалары сияқты инфрақұрылымдық жобалар салу, сондай-ақ заңсыз аңшылық – олардың популяциясын азайтуға себеп.

ап

2020 жылы киіктердің көбі аштықтан, азық тапшылығынан өлген еді. Алдын ала жасалған болжамдарға сәйкес биыл да аштық, азықтың жетімсіздігі себеп болған сыңайлы. Облыстағы оқыс жағдайға байланысты Жезқазған, Қаражал қалаларында арнайы штаб құрылды. Оның жұмысына табиғат инспекторлары, төтенше жағдайлар департаменті өкілдері жұмылдырылды. Қостанай, Ақмола, Қызылорда облыстарынан «Охотзоопром ӨБ» РМҚК қызметкерлері көмекке келді. Олар қазірде қыста өліп, қар астында қалған өлекселерді күн жылынбай жинап алып, жою мақсатында тынбай жұмыс істеп жатыр. Өлекселерді жинау барысында Кеңгір суқоймасына қатысты кедергілер көп. Соған қарамастан «Охотзоопром ӨБ» РМҚК бас директорының орынбасары Бахтияр Рамазан жергілікті төтенше жағдай департаментінің құтқарушылары Кеңгір суқоймасын тыңғылықты тазалап жатқанын мәлім етті.

Ұлытау облысы бойынша Орман шаруа­шылығы және жануарлар дүниесі аумақ­тық инспекциясының басшысы Закария ­Тұра­лиев:

«Жануарлардың неден өлгеніне зоология институтының мамандары зерттеу жүргізіп жатыр. Қардың қалың түсуі, азықтың азаюына байланысты аштықтан қырылуы мүмкін. Қыс айында қарға малтығып қаша алмай, бұралқы иттерге таланып өлген киік өлекселерін де жиі кездестіруге болады. Бүгінде Ұлытау облысы әкімінің тапсырмасына сәйкес Ұлытау облыстық орман шаруашылығы және жануар­лар дүниесі аумақтық инспекциясының қызметкерлері, «Охотзоопром ӨБ» РМҚК инспекторлық құрамы, төтенше жағдай департаменті, Жезқазған, Қаражал қаласы әкімдігінің қызметкерлері бірлесіп, киік өлексе­лерін мал қорымдарына тастады. Оған Жезқазғанда алты арнайы техника, Қаражал қаласында арнайы техникалар мен 11 жұмыс тобы жұмылдырылды», деп мәлімдеді.

Көпті көрген қария, Жезқазған қаласының құрметті азаматы, ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұрат Қазамбаев мәселеге қатысты өз ойын былайша жеткізді:

«Охотзоопром ӨБ» РМҚК-нің бір ақпаратын оқып отырсам, «Ақбөкен – Жайық және Бетпақдала популяциясы» деп жазыпты. Кешегі кеңес үкіметі тұсында ақбөкендер Бетпақдала мен Үстірт популяциясы деп бөлінетін. Жылда жүздеген мың киік түрлі себеппен өліп жатыр. Бірде оған кінәлі улы шөп деді, бірде егінге сепкен химикаттар деді, биыл қыс қатты, қар қалың деген уәжді айтады, әйтеуір сылтау табылады. Биыл Ұлытау облысында көктемде он мыңға жуық киік өлексесі қар ерігенде табылып жатыр. Жануардың мұндай жағдайға қалай душар болғандығы жайында дұрыс зерттеулер жүргізілмеді. Киік тұяғымен өзін-өзі асырайтын жануа­р. Жоғарыда айтылғандай, кеңес дәуірінде елімізде киіктің екі ірі популяциясы болған. Бетпақдала популяциясының киіктері қар түсе Бетпақдалаға бет алатын. Ол жерде жазғы уақытта су болмайды, шөлейт жер. Алуан түрлі шөбі күзге таман ғана піседі, суық ұрғанда ащы шөптердің уыты қайтады да, қар түссе, ол жерді киік жайлайтын. Ол кезде Сарыарқаның қысы қатты, қардың қалыңдығы бір метр­ден асатын. Сол уақыттағы киіктер неге Сарыарқада қалмай, Бетпақдалаға барды? Киіктер қар ери бастағанда Сарыарқа даласына келіп лақтайтын, лағы өсе келе сол­түстікке қарай, Есілді жағалап, күзде қармен жарыса Бетпақдалаға бет алатын. 2000 жылдардың басында киіктің Бетпақдала популяциясы толығымен жо­йылды. Сол кезде «Охотзоопром», тағы да сондай мекемелер құрылып, киіктің Үстірт популяциясын сақтап қалуды қолға алды. Ресми мәліметке 2003 жылы киік 21 мың бас болған екен, 2023 жылы оның саны 1 миллион ­915-ке ­жетіпті. Осы екі миллиондай киік Орал, Жайық төңірегіндегі егістік аймақтарға үлкен зиян келтіре бастағаны мәлім. Содан кейін олардың біраз бөлігін Ырғыз өзенінің бойымен баяғы Бетпақдала популяциясының арнасына түсірді. Оларды малша айдады, киіктің соңында жүздеген машинамен «бақташылар» жүрді. Бұл жануарлар соның салдарынан байырғы табиғи жүрісінен жаңылып қалды. Меніңше, оларды баяғы өрісіне салып үйретпей, жануарлар қалыпты өмір сүре алмайды. Оларды бағудың, оған қыруар қаржы шашудың да керегі жоқ».

Киіктердің жаппай қырылуы – елімізге ғана емес, бүкіләлемдік экологияға сал­қынын тигізетін салмақты проблема. Бұл мәселені шешу жолында табиғатты қорғау, ғылыми зерттеулер жүргізу, заңсыз аңшылықпен күрес, экологиялық білім сынды кешенді іс-шаралар қабылдануға тиіс. Табиғи азық ресурстарының жеткілікті болуын қам­тамасыз ету, мал шаруашылы­ғына зиян кел­тірмей, қоректік өсімдіктер­­дің санын арт­тыру да керек. Киіктер, басқа да жан-жануарларға қатысты халықты ақпараттандыру, экологиялық тәрбие беру – апаттың алдын алудың бір жолы. Бір сөзбен айтқанда, киіктердің сақталуы – еліміздің экологиялық тепе-теңдігі мен биоа­луантүрлілігін сақтаудың маңызды құрамдас бөлігі.

 

Ұлытау облысы