Мәселе • 08 Сәуір, 2025

АҚШ енгізген тариф неліктен ала-құла?

181 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

АҚШ президенті Дональд Трамп шетелдерден келетін барлық тауарға кедендік баж енгізгенін мәлімдеді. Базалық тариф 10%-дан басталады, алайда көптеген ел үшін мөлшерлеме бұдан әлдеқайда көп болып шыққан. Мәселен, Камбоджаға 49% тариф енгізілген. Қытайға – 34%, Швейцарияға – 31%, Қазақстанға – 27%, Еуроодаққа – 20%, Израиль та­уарларына 17% салынған. Ұлыбритания, Бразилия, Аргентина, БАӘ, Украина үшін тариф – 10%. Тізімде Ресей жоқ.

АҚШ енгізген тариф неліктен ала-құла?

Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ ,«EQ»

Жағдайдың саяси астары басым ба?

Әрине, мұндай ахуал АҚШ-қа аз­ды-көпті тауар экспорттап отырған Қазақ­станды да алаңдатады. Еліміз Құрама Штаттарға 2023 жылы – 1,51 млрд доллар, 2024 жылы 2 млрд дол­лардың тауарын сатыпты. «Tradin­geconomics» дерегінше, Қазақстан АҚШ-қа негізінен мұнай, уран, күміс, ферроқорытпа, минералды отын мен май, темір мен болат, әуе және ғарыш аппараттары, қымбат металдар мен тас, органикалық емес химикат пен изотоп сатады.

Мамандардың айтуынша, АҚШ ен­гі­зіп отырған тариф біз­ден экспорт­талатын тауарларға сон­шалықты салқынын тигізбейді.

«Экспорттың құрылымында мұ­най мен сирек жер металдары басым үлеске ие. Бірақ бұл позицияларға жаңа өзге­ріс әсер етпей­ді. Шикізат, қазып алына­тын ресурс ретінде олар­ға әдетте мұндай шаралар қолда­ныл­май­ды. Оның үстіне экспорт­тың басым бөлігі «Chevron», «ExxonMobil» сияқты халықаралық опера­торлар арқылы жүргізіледі. Бұл Қазақ­станнан тікелей жеткізілім болып есеп­телмейді. Ауқымды өндірісі бар Вьетнам мен Қытайға қарағанда елімізде бажға кіре­тін та­уар тізі­мі шектеулі», дейді «KazService» ұйымы­ның басшысы Рашид Жақсылықов.

«Біз өйткені АҚШ-қа еш­қан­дай дайын өнім жібермейміз. Сол себепті, біздің экономикаға бұл тарифтің тікелей әсері болмайды. Ал бірақ баж неге соншалықты қымбат? Бұл тауар номенклатурасына емес, соңғы жағдайларға байланысты сияқ­ты. Ресейге қатысты санкциялық қы­сым күшейген соң, көптеген ресей­лік кәсіп­орын өндірістерін Қазақ­станға ауыстырды. Мұны АҚШ көріп отыр. Сондықтан қымбат баж «Қазақстан» болып көрінгісі келетін, бірақ шыққан тегі ресейлік өнімдерге бағытталған сияқты», деді Рашид Жақсылықов.

 

АҚШ тарапымен консультация жүргізіледі

Сауда министрлігінің хабарла­уын­ша, алдын ала талдау нәтижесінде, Қазақ­­­­станнан АҚШ-қа экспорттала­тын тауар­­лардың елеулі бөлігіне қосым­ша тариф­тердің әсері болмайтыны анық­талған.

«Өйткені олар АҚШ әкімшілігі­нің нормативтік актілерінде көздел­ген ерек­­шеліктер тізіміне енгізіл­ген. Қазақ­станның АҚШ-қа экспорт құрылымында негізгі орын алатын тауарлар – шикі мұнай, уран, күміс, ферроқорытпалар және басқа да тауарлар. Бұл санаттағы өнімдер АҚШ президентінің «Тауарлар саудасын­дағы маңызды және тұрақты тапшылық­ты жою мақсатында өзара тариф­тер арқылы импортты реттеу туралы» жарлығы бойынша ерекшеліктер тізіміне енгізілген тауарлардың 92%-ын құрайды. Қосымша баждар белгілі бір тауар топтарына қатысты енгізілетін болады. Бұл санаттағы тауарлардың экспорт көлемі былтыр 95,2 млн долларды құрады. Олардың ішінде – фосфор (2024 жылы экспорт көлемі 15,9 млн доллар), ферросилиций (12,7 млн доллар), линза (4,1 млн доллар), бидай желімділігі (4 млн доллар), аммоний нитраты (2,4 млн доллар) бар. Қабылданған тарифтік шаралар Қазақстанның АҚШ-қа жалпы экспортының 4,8%-ына ғана әсер етеді», делінеді министрлік мәлімдемесінде.

Алдағы уақытта Үкімет Қазақ­стан­ға қатысты қосымша бажды қолдан­бау мүм­кіндігін талқылау үшін АҚШ тара­­пы­мен консультациялар жүргізуге ниетті.

 

Қай кәсіпорындарға қауіп төнеді?

Телеграмдағы «Tradereport» арнасы АҚШ-тың жаңа ережесі отан­дық кәсіпорындардың қайсы­сына әсер етуі мүмкін екенін зерттеп көр­ген.

  • «Қазақмыс», «Казцинк» (күміс) – Қазақ­станнан экспортталатын күміс­тің 39%-ы АҚШ-қа жібе­рі­леді. Баждың өсуі сатылым көле­мі мен аме­рикалық нарықтағы бәсеке­лес­­тікке айтарлықтай әсері болуы мүмкін.
  • ERG (ферросиликохром). Өнім экспортының 52%-ы АҚШ-қа сатылады. Бұл – тауарлар арасындағы ең үлкен үлес, сондықтан аталған сег­мент­ті әлсіз ете түспек.
  • Үлбі металлургия зауыты (тантал) – отандық тантал экспортының 45%-ы АҚШ-қа тиесілі.
  • «ҚазАтомӨнеркәсіп» (байы­тылған уран) – жеткізілімнің 70%-ы АҚШ-қа аттандырылады. Дегенмен бұл нарық анағұрлым ерекше және тарифтердің әсері келісімшарт шарттары мен саяси мәмілелерге байланыс­ты болады.
  • «BioOperations» ЖШС (бидай глютені) – экспорттың 40%-ы АҚШ-қа тиесілі. Егер баж ұлғайса, компания нарықтың бір бөлігінен айырылуы ықтимал.

 

«Қазақстан жаһандық сауда соғысының эпицентрінде емес»

Қаржыгер Ғалым Құсайыновтың па­йы­мынша, біз үшін қауіпті ештеңе бай­қалмайды.

«АҚШ-қа негізгі экспорттайтыны­мыз – мұнай, уран, күміс сияқты биржалық тауарлар. Оларды Құ­рама Штаттар ғана сатып алмайды. Олар­дың жаһандық тұ­рақты сұранысы бар. Қазақстан бар бол­ғаны тауарды басқа нарықтарға бағыт­тай қояды. Болды. Ал бұған қар­сы 34% «жауап» баж енгізіледі деген ақпарат шындыққа жанаспайды. Қазақстанда өзіндік баж жоқ, ЕАЭО аясын­дағы бірыңғай баж ғана бар. 34% деп жүрген­дері – баж ғана емес, экспорт пен импорт арасындағы айырмашылық. АҚШ бұл айырмашылықты тариф арқы­лы теңестірмек. Ал Ресей неліктен тізім­ге кірмеді? Себебі олар онсыз да санк­ция құрсауында отыр. АҚШ пен РФ ара­сындағы сауда баяғыда шектелген. Жаңа баж енгізудің мәні де жоқ», дейді сарапшы.

Экономист, қаржыгер Расул Рыс­мам­бетовтің пікірінше, еліміз жаһандық сауда соғысының эпи­центрінде емес. Сонымен қатар АҚШ-пен сауда қатына­сымызды да тым жоғары деңгейде деп айтуға келмейді.

«Біз былтыр АҚШ-қа 2 млрд дол­лардың тауарын сатып, 1 млрд доллар­дың тауарын сатып алдық. Яғни біз сау­да профицитіндеміз және сатып алған­нан гөрі сатарымыз көп. Иә, біз тариф тізіміне кірдік, алайда меніңше бұл жай ғана формальды жағдай. Ал 27% тариф біздің экспортқа мүлде әсер етпейді, өйткені тауарларымыз АҚШ-қа стратегиялық материал ретінде кіреді, сондықтан оларға баж салынбайды», дейді ол.

Айтуынша, тіпті бұл мәселенің оңтайлы болуы да ғажап емес. Біраз тауар арзандауы да ықтимал.

«Қымбат бажға ұшырап жатқан елдер жаңа нарық іздеп, нәтижесінде, Қазақ­стан техника, металл, көлік, құры­лыс материалдары бо­йынша тиімді баға­ларға ие болуы мүмкін. Бұл тіпті ел­дегі бизнес пен тұтынушылар үшін шарттарды жақсартып жібереді. Біз, әрине, АҚШ нарығын алмастыра алмаймыз, бірақ ТМД-ның басқа елдерімен салыстырғанда біздің нарық көлемімен емес, бағасымен тартымды», дейді Р.Рысмамбетов.

2024 жылы Қазақстан мен АҚШ арасындағы тауар айналымы 4,1 млрд дол­ларға жетіп, 2023 жылғы көрсет­кіш­пен салыстырғанда 1,7%-ға артты. Негізі­нен бұл өсім мұнай (+30%, 1,1 млрд долларға дейін), уран (3,8 есе өсім, 322,9 млн долларға дейін), күміс (2 есе өсім, 239,9 млн долларға дейін), газтурбиналық қозғалтқыш (20,6 есе өсім, 36,6 млн долларға дейін), оптикалық элементтердің (16,5 есе, 4,1 млн долларға дейін) көбірек сатылуы есебінен мүмкін болды.