Кино • 04 Сәуір, 2025

«Ақшақар» ана тілімізде сөйледі

33 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы әлемдік премьераларды қазақ тілінде көруге шақырады. Алматыда «Disney» студиясы «Ақшақар» фильмінің қазақ тіліндегі тұсаукесер көр­сетілімі өтті.

«Ақшақар» ана тілімізде сөйледі

Бұл – «Disney»-дің қазақ тілінде «сөйлеткен» төртінші фильмі. Фильмдерді түрлі елдерге бейімдеп, дубляждау – «Disney» компаниясында бұрыннан қалыптасқан үрдіс. «Disney» жыл сайын әр фильмнің түрлі тілдердегі 40-қа жуық нұсқасын дайындайды. «Қазақ тілі» қоғамының ұйытқы болуымен былтырдан бас­тап ірі халықаралық студиялар әлемдік премьераларын ұлтымыздың тілінде ұсына бастады. Осы бастама аясында «Disney» студиясы 2024 жылы «Ойжұмбақ 2», «Моана 2», «Муфаса. Арыстан патша» деп аталатын үш фильмін қазақ тіліне аударып, дубляж жұмысын қаржыландырды. Енді көрерменге «Ақшақар» туындысы ұсынылып отыр. «Disney» студиясының «Ақшақар» фильмі – 1937 жылғы анимациялық фильмнің бейімделуі. Сиқыр мен музыкаға құрыл­ған шытырман оқиғада 7 ергежейлі кейіпкер – Ақылды, Жұбаншақ, Күлегеш, Ұялшақ, Түшкiршек, Ұйқышыл, Аңқау экранға қайта оралады.

Көрсетілімге дубляж актерлерінің толық құрамы, танымал тұлғалар тұтас қатысты. Олар: мюзикл актри­са­сы Жарқынай Ханайым, әнші, актриса Айгүл Иман­баева, әнші Жұлдыз Уәлихан, әнші Еркеш Хасан, актер Қа­й­рат Әділгерей, кинорежиссер Ақан Сатаев. Қазақ тілін­дегі дуб­ляж режиссері – Шах-Мұрат Орда­баев, қазақ тіліндегі әндердің музыкалық жетекшісі – Анель Сір­ге­баева.

Бұған дейін «Моана 2»-нің қазақша нұсқасы бокс-офистердің 12,36% үлесін қамтыған еді. Кассалық табыс үлесі 12 күнде 151 000 000 теңгеден асып, қазақшаға аударылған анимациялық фильмдер арасында ең табысты туын­ды ретінде рекорд орнатты. «Disney» мен «Pixar» студиясының «Ойжұмбақ 2» фильмі алғашқы 4 күнде 40 000 000 теңгеден астам қаражат жинап, бұған дейін көрсетілген туындылар арасында рекорд орнатқан болатын. «Муфаса. Арыстан патша» көркем фильмін қазақ және орыс тілдерінде көруге 1,1 миллион көрермен келген.

Көрсетілімге елімізге танымал тұл­ға­лар, қоғам қайраткерлері, кәсіпкерлер мен депутаттар, дубляж актерлері мен блогерлер, БАҚ өкілдері қатысты.

 

АЛМАТЫ