
Суретті түсірген – Валерий Бугаев
Наурыз мерекесі қарсаңында облыс тұрғындары Естай атындағы мәдениет сарайында әлемдік опера жұлдызы Мария Мудряк пен «Астана балет» театры симфониялық оркестрінің концертін тамашалады.
Бағдарламада италиялық опера, аустриялық опереттаның романтика және испаниялық сарсуэла жанрындағы үздік шығармалар орындалды.
– Маған өзім туып-өскен Павлодарымда концерт беруге мүмкіндік берілгеніне өте қуаныштымын. Сондай-ақ «Астана балет» театрына өздерінің симфониялық оркестрімен бірге өнер көрсетуге тағы бір мүмкіндік бергеніне алғысымды білдіремін. Бүгін сахнада ең әуелі өз репертуарымдағы шығармаларды орындадым. Моцарт пен Вердиден және мерекелік көңіл күй сыйлайтын, жеңіл ауандағы туындылардан, мәселен, Ардити, Легардың композициялары бар. Бұл операны сүйетін қауымға ғана емес, мұндай концертке алғаш рет келіп отырған көрермендерге де ұнады деген ойдамын, – деді Мария Мудряк.
Өнер иесі тыңдармандарды әлдебір санатқа бөлу деген ұғымнан ада болу керек екенін жеткізді. Бір адам ба, әлде мың адам ба, бастысы кез келген аудиторияда барынша тамаша етіп өнер көрсетсе, мақсатының орындалғаны деп біледі екен. Әрі концертте мейлінше көбірек ән шырқағанды жаны қалайтынын, концерт репертуары дауыс мәнерінің қалайша дамитынымен тығыз байланысты екенін атап өтті.
«Мен дауысымды үнемі бақылап отырамын, соған орай қай партияның қай туындыдан кейін орындалатынын концерт барысында жүре жоспарлаймын. Мұндай партиялардың саны өте көп», деді әнші.
Әлемдік мамандар Марияның даусын қазіргі заманның ең әдемі және бірегей дауыстарының бірі деп таниды. Бірегей дауыс иесі опера әншілерінің әлемдік ТОП-10-дығына енген. Сондықтан мерекелік концертті Павлодар облысының ғана емес, еліміздің де жарқын мәдени оқиғасы болғанын айтар едік.
Айтып өтейік, Мария Мудряк ән айтуды үш жасынан бастаған. 5 жасында Павлодар қаласының №1 музыкалық мектебіне оқуға түседі. Ал 13 жасында Джузеппе Верди атындағы Милан мемлекеттік консерваториясына түсіп, «Ла Скала» театрының қойылымдарына қатысты.
Павлодар облысы