
Қадыр 11 жасынан бастап өлең жаза бастаған деседі. Ақынның алғашқы жыр жинағы 1959 жылы «Көктем» деген атпен жарық көреді. Шығармашылық жолын балаларға арнап жыр жазудан бастаған ақынның «Ноян – Қоян», «Жаңғалақтар», «Балауса» сияқты жыр жинақтары жұртшылыққа мәлім. Мәселен, ақын:
«Ойнадым, ойнадым,
Ойынға да тоймадым»,
деп басталатын өлеңінде ойынның алуан түрін өлеңге қосады.
Ақын бойындағы ақыл мен сезім сырлары өзара астасып, жымдасқанда ғана жыр шумақтары өзінен-өзі есіле түседі. Міне, Қадыр Мырза Әлі поэзиясының негізі осында. Оның кез келген өлеңі ақыл мен сезімге, ойға құрылған. Сондықтан да нағыз философ ақын, балалар поэзиясының ірі тұлғасы дей аламыз.
Расында да, қаламгерлердің көбі балалар тақырыбына бара бермейді. Өйткені балаша ойлау, сөйлей білу кез келген ақынның қолынан келе бермейді. Ол үшін үлкен талғам мен биік пайым, шынайы сезім керек. Бұлар – ақын бойында тұрған игі сипаттар. Мәселен, «Шетелдіктерге қазақтарды таныстыру», «Уа, менің жалпақ далам», «Бір жақсысы, бір жаманы», «Нағыз қазақ – домбыра», «Ана тілін біліп қой», «О, Отырар, Отырар» деген сияқты т.б. өлеңдері лиризмге тұнып тұр. Орта Азия халықтарының ынтымақ, бірлігіне арнайы жазылған «Алақан» атты өлеңдер жинағында:
«Тарайды арғы атамыз алты арыстан,
Біріне біреуінің салты ауысқан.
Өзбек боп, қазақ болып бөлінгенмен,
Біз барып қосыламыз Алпамыстан»,
деп тарихи шындық бетін шынайы аша түседі.
Әсіресе ақынның «Жазмыш», «Иірім» атты публицистикалық туындылары оқырман жұртшылықты бірден елең еткізді. Өйткені онда прозалық шығарма негізінде өз әріптестері туралы ешқандай бұрмалаусыз жеткізеді. Мәселен, Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин, Бауыржан Момышұлы, Дихан Әбілов, Мұзафар Әлімбаев, Жұбан Молдағалиев, Ғафу Қайырбеков, тағы басқалар туралы ашық айтқан.
Ол – нағыз шебер аудармашы. Қазақ тіліне Овидий, Руми, Виктор Гюго, Гейне, Лермонтов, Гамзатов, Күлиев, Евтушенко сынды ақындармен бірге Орта Азия қаламгерлерінің де өлеңдерін аударып, қазақ оқырмандарын тәнті етті. 1966 жылы Қазақстан комсомолы сыйлығының лауреаты атағына ие болса, «Ой орманы» атты жыр жинағы үшін 1969 жылы Мемлекеттік сыйлықты 46 жасында алды.
Нұрғиса Тілендиев, Шәмші Қалдаяқов сияқты композиторлармен жақын қарым-қатынаста дос, сыйлас та сырлас болды. «Қыз Жібек» кинофильміндегі «Ақжайық» әнінің өлең жолдарын жазса, «Атамекен», «Сыған серенадасы», «Тамды аруы» секілді тағы басқа ән мәтіндерінің авторы. Шығыс пен Батыстың жыр дүлдүлдерінің көркем туындыларын мұқият оқып, зерттеп, зерделеп үйренген.
Қазақ ақындары арасында кітапты ең көп оқыған ақын. Жеке кітапханасында 10 мыңға жуық кітап болғаны рас. 7 мыңға жуығын Оралдағы Қадыр Мырза Әлі атындағы Мәдениет және өнер орталығына тапсырған. Шығармалар жинағы 32 том болса, 11 томы аударма, афоризмдері 2 том.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде академик Мұхтар Әуезовтен дәріс тыңдаса, ХХ ғасырдың 80-жылдарының басында осы оқу орнында «Әдебиет теориясынан» сабақ береді. Қадыр Мырза Әлінің дәрісіне дән риза болған студент жастар «тіпті, бөгде институттың студенттері арнайы келіп, лекциясын тыңдайтынын» жыр ғып айтады.
Қазақ поэзиясына ХХ ғасырдың 60-жылдары келген Қыдыр Мырза Әлі – тәуелсіздік жылдары да өнімді жазып, қазақ өлеңін биікке көтерген нағыз дарабоз. Ол – ешкімге ұқсамайтын және ешкімді қайталамайтын біртуар ақын.
Қалдыбек СЕЙДАНОВ,
ардагер қаламгер, профессор
ТАШКЕНТ