
Тек кейіпкерлерінің аты кинодағыдай Тана емес – Айнагүл, Тайлақ емес – Сакко. Сакко Бейсекұлы Қаратаев отбасындағы жеті баланың кенжесі болған. Кішісінен өзгесін аяқтандырған Айнагүл ана ұлының тағдырына алаңдап, өзі жар іздеуге кіріскен екен. Міне, бұл туралы інісі Кәукен Кенжетаевтың аузынан естіген Шәкен Айманов қатты күліп, Айнагүл апаның қимылына риза болыпты. «Фильмге сұранып тұр екен» деп шабыттаныпты.
Айнагүл апаның күйеу баласы болған Кәукен Кенжетайұлы ол туралы өзінің «Асылдар мен Ардақтар» кітабында былай деп әңгімелейді: «Бір күні Шәкен жолдастарымен біздің үйге келіп, ет жеп, шай ішіп, масайрап отырып, неше түрлі қызық әңгімелер де айтылып, жайдары отырды. Сөзден сөз шығып, мен енем Айнагүлдің бір әңгімесін айттым. Енеміз күйеуі ерте дүние салып, жеті баламен жесір қалған. Тек өзінің еті тірілігінің арқасында бәрін оқытып, адам қылып ел қатарына қосқан. Жеті баланың төрт қызы тұрмысқа шығып, екі ұлы үйленген. Бірақ Айнакең «сүт кенжем» деп кіші ұлы Сакконың қолында қалады. Сакко – басқа балаларына қарағанда бостау, тым жуас, ешкімнің бетіне қарап сөйлей алмайтын бала. Оны шешесі «көзімнің тірісінде үйлендірем» десе, Сакко ешбір қызға сөз айту түгілі маңайына жуымайды. «Сен мына қалпыңда ертең мен өліп қалсам, не болмақсың? Үйленсеңші, соны көріп кетсем арманым жоқ» деп енеміз зар қағады. Бірақ Саккода үйленуден хабар жоқ. Оны білген Айнекең, шапанын киіп, белін байлап, қолына таяғын алып, Сакконы жетектеп жолға, болашақ келін іздеуге шығады. Бірақ Сакконың сүйкімділерге селт ететін түрі көрінбейді. Содан үміті үзілген Айнагүл апа бір күні көзі ұйқыға кетіп бара жатыр екен. Сакконың даусы қатты шыға үйге кіріп келді. – Мама, неғып жатсыз, тұрсаңызшы! Мына келініңді қарсы алмайсың ба? – деген. Айнакең ойын екен деп, ұйқылы-ояу: – Әй, көк шешек неме, кет әрі ұйқымды бұзбай. Саған қатын тиюші ме, еді! – Ойбай-ау, тұрсаңшы, көрмейсіз бе? тұр ғой, міне, ай мен күндей боп!
Айнакең бір-бір көзін ашып қараса, алдында бір қыз тұр: – Апыр-ау, қарағым-ау! Сен қай елдікісің? Қайда оқисың?..». Келін Айнакең іздегендей дәл ойынан шығады. Қатты қуанып ағайындарды шақырып, дереу той да жасалады».
Осы бір қызықты оқиғадан қанаттанған режиссер көп кідірмей, бірден түсірілім жұмысына кіріседі. Фильм сценариін режиссердің өзі мәскеулік Житкин Яковпен бірлесе жазып шығады. Көп ұзамай Шәкеннің «Тақиялы періште» атты фильмі түсіріле бастайды.
Ал бірі білсе, бірі білмес, Айнагүл апаның прототипі Тана бейнесі – КСРО халық әртісі Әмина Өмірзақова үшін арнайы жазылған рөлдің бірі. Оны Шәкен Аймановтың: «Әминажан, мен әдейілеп тұрып саған сценарий жаздым. Бұл – комедиялық туынды. Басты рөлде сен ойнайсың. Осы күлкіңнен айырылма!» деп жазған хаты да растайды. Шынымен де, фильмдегі Әминаның күлкісі – киноның көркін ашқан ұтқыр кадрлардың бірі. Сол ғажайып күлкісімен, сол шынайы бейнесімен көп есінде мәңгілік жатталған актриса экрандағы күллі аналардың эталонына айналғандай.
Шәкен Айманов «Тақиялы періштесін» де тез тапты. 1965 жылы Алматыда күрестен Қажымұқан атындағы турнир өтеді. Сол жарысқа арнайы келген бір балуанды байқап қалып, оған Тайлақтың рөлін ұсынады. Қапелімде мұндай ұсынысқа дайын болмаған балуан, әлбетте бірден бас тартады. Бірақ қадалған жерінен қан алмай тынбайтын бірбеткей режиссер ақыры Әлімғазы Райымбековтің келісімін алып, басты рөлге бекітеді. Ол туралы марқұм Әлімғазы ақсақал баспасөзге берген бір сұхбатында былай деп ағынан ақтарылыпты:
«Бұл фильмге түсемін деген үш ұйықтасам ойымда болған жоқ. Алдыңғы киноларға түскен тиын-тебенімді алайын деп киностудияға барсам, дәлізде Шәкен аға тұр. Мені көре салып: «Бері кел!» деп шақырып алды. Сәлемдесе бергенім сол еді, жетектеп кабинетіне алып кірді. «Бала, сенің рөліңді жазып, нүктесін қойып әкелдім. «Тақиялы періште» – музыкалық комедия. Басты рөлді өзің ойнайсың», деді. «Аға, мен әртіс емеспін, сеніміңізді ақтай алмасам, сізді ұятқа қалдырамын ғой! – деп едім: «Оттама, шық кабинеттен, бірақ ертең сағат 10.00-де осы жерде бол. Рөліңді аласың, – деді. «Жарайды» деп ықтиярсыз ғана келісімімді бердім. Жалпы, фильм жеті айдың ішінде түсірілді ғой».
Міне, «Тақиялы періште» мен ондағы басты рөлге бекітілген актерлерінің түсірілім алдындағы бар хикаясы осындай. Ал фильм сюжетіне түрткі болған Сакконың тағдыры дәл фильмдегідей бақытты да бай, мағыналы да мәнді өтеді. Сакко Бейсекұлы Қаратаев осы жылдың 1 ақпанында 88 жасында мәңгілікке бет бұрды.