Таным • 21 Ақпан, 2025

Шерлі күйлер шежіресі

60 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Шын өнер қайшылықтан, шер-қайғыдан туады дейді. Әбіш Кекілбайұлының «Күй» хикаятында ауқымды ой қылаң береді. «Бұл адам деген хайуанның көзінен жас шыққанда барып, көкірегіне ақыл келеді. Олардың көзі жастан айықса, көкірегі ақылдан айырылады». Ал шерлі күйлер, шер-шеменнен туған шақар күйлер шоғыры қалың.

Шерлі күйлер шежіресі

Қан тамырға қоңыр мұң құяр, ұлттық рухты маздатар белгілі күйдің бірі – «Қосбасар». Күй тарихы қат-қабат қиқулы кезеңнің күмбіріне толы. Әлқисса, 1930 жылы «Созақ көтерілісі» болып, тама руының батыры Сұлтанбек Шалақұлы бастаған көтерілісшілер Голощекин саясатына қарсы тұрады, соғыс ашады. Көтерілісте Созақ халқының үштен бірі қырылып, адам айтқысыз нәубет орнайды. Алапат арпалыс арасында Сүгір күйшінің де туыстары болып, боздақтар қыршынынан қиылып жер құшады. Опат болғандар арасында күйшінің туған-туыстары, жегжаттары болады. Шежірелі күй тарихы хақында Мәди Байдәулетов бүй дейді: «Сүкеңде бірнеше «Қосбасар» бар. Мұның негізінде Созақ көтерілісінің қасіреті, зұлмат жылдардың мұң-зары жатыр. Алғаш кеңес өкіметі орнаған кезде билік басындағыларға күйшінің көңілі тәуірлеу болған. Өзі ауыл­най сайланады. Бірақ кейін олардың ісі басқаша өріс алып бара жатқанын түсініп, аяғын тартады. Асыра сілтеу асқынған кезде жұрттың малын тартып алған зор­лық-зомбылыққа жаны күйеді. 1932 жылғы ашар­­шылықта ел басы ауған жаққа босып, құм-құмның ішінде шегіртке, тасбақа жеге­нін, бір кездегі бәйбішелер бұтаның түбінде баласын кеудесіне басып құшақтаған күйі қатып өлгенін өз көзімен көрген. Халықтың ашу-ызасы 1933 жылы Созақ көтерілісіне ұласады. Сол қақтығыста қарусыз қаншама адам жазықсыз қырылып, қаны судай ағады. Сүкеңнің дос-жарандары, үзеңгілес-құрдастары, ет-жақындары мерт болады. «Қосбасар» – осындай қос оқиғаны суреттеген Сүгірдің жан жарасы еді». Шынында, шер-шеменнен туған толағай өнер сол бір нәубет жылдардың бейнесін айшықтайды, өз өміріңнің терең қатпарларын ашып, жан құзарына жол сілтейді. Бәлкім, өнер мұратының биігі де осы болар.

Ал күй атасы Құрманғазының өмірі аттың жалы, түйенің қомында өткен. Күйші тудырған өнердің тақырыптары да сан қилы. Соның бірі – «Кісен ашқан» күйі. Ахмет Жұбановтың «Құрманғазы күйлері қалай шыққан?» атты зерттеу кітабында алуан тағдырдан туған күйге тоқталады. «Құрманғазы Орал түрмесінде жатып қалады. Бір күні қысқы серуен кезінде Лавочкин деген орыс тұтқынымен танысады. Ол «ақ патшаға тіл тигізгені үшін» қамалған орыс жұмыскері болып шығады. Өзі қазақ арасында көп болған, қазақшаға судай екен. Бірде түрме күзетшілерінің бірі Лавочкинге шешесі келгенін хабарлайды. Ол түрме бастықтары ұлықсат еткен бөлмеге барып, шешесімен көріседі. Шешесі пісіріп алып келген тамақтарын надзирательдің көзінше баласына береді. Бір нанның ішінде болат ара барын ыммен білдіреді. Шешесі қоштасып кеткен соң, Лавочкин тамақтарды камераға алып келіп, болған жайды Құрманғазыға баяндайды. Екеуі қашу жоспарын жасап, ойларын өздеріне іштартып жүрген (Құрманғазыға домбыра әкеліп берген) надзирательге білдіреді. Ол бұларға жәрдемдесуге уәде береді». Осылайша, түрмеден қашқан қос тұтқын сайдың бойына келеді, күйші кісенін алып отырғанда, жараның аузы ашылып, түні бойы ауырып ұйқы бермейді. Жүруге де мүмкіншілік болмайды. Сол ауыртпалық тұсында «Кісен ашқан» күйі туады.

«Кісен ашқан» – күйдің аты,

Күй иесі – Құрманғазы.

«Кісен ашқан» – сыйдың аты,

Сый иесі – Құрманғазы.

Дыбыстайды ұлы оркестр

Бабасының дыбысымен.

Тыныстайды ұлы оркестр

Данасының тынысымен».

Жұбан Молдағалиев жырлағандай, қай­сар бабаның жан үнімен, жүрекке артқан жүгінен туған өміршең күй ұлы оркестрмен тыныстағанда, ел шежіресінің бір парасын бізге шертеді.

Шерлі күйлер тізбегі толассыз, мол. Жетім қыздың зарынан, тағдыр тауқыметінен туған Төлеген Момбековтің «Салтанат» күйі, қанқасап заманда бостандыққа ұмтылған халықтың зарынан дүниеге келген Дина Нұрпейісованың «Он алтыншы жыл» күйі, Алаш арыстарын оққа байлаған көрсоқыр заманға кейістіктен, ащы қайғыдан туған Әбікен Хасеновтің «Қоңыры» пікірімізге дәлел, сөзімізге тұздық. Дәуір дүниеге әкелген дегдар туындылар ұлт тамырын қозғар, рухани ошағымызды маздатар, кейінгінің көкірегіне көріктей құйылар, тек ажал құшпас, ғасыр мінберінен жоғалмас.