
«Ромео мен Жульетта» спектаклі – өзектілігін жоймаған мәңгілік классика. Талай мәрте сахналанған бұл шығарманың әрбір жаңа қойылымы өзіндік күш-қуатымен, шығармашылық тың ой-толғанысымен ерекшеленеді. Әр қойылған сайын тосын форма, ерекше сараптауда сахнаға жол тартатын Веронаның қос ғашығы туралы мәңгілік тақырып «Астана Балет» театры сахнасында бұл жолы да жаңашыл лепте үн қатты. Түрлі буын көрерменнің қызығушылығын бір сәт те кемітпеген айтулы классикадан әркім өз замандастарының келбетін танығаны сөзсіз.
Балетмейстер үш актілі балетті екі актіге қысқартып, соның нәтижесінде қойылым динамикасын арттырған. Жалпы, балетті жіті бақылап жүрген көрермен Владимир Яковлевтің хореография тілінің өзіндік қолтаңбасын бірден таныры сөзсіз. Суреткер еңбегінде романтикалық сахналарға ғана емес, трагедия астарына да баса мән беріліп, жауласқан екі отбасының арасындағы қақтығыс жан-жақты әрі шынайы көрсетіледі. Сондай-ақ спектакльдегі жекпе-жек пен дуэль сахналары да бүге-шігесіне дейін ойластырылып, соның арқасында шығарманың динамикасы артып, көрермен тақымын қысып отырарлықтай ерекше эмоцияны бастан кешкені анық. Атап айтсақ, Ромео мен Жульеттаның арасындағы мөлдір сезім, Меркуционың әзілкештігі, Күтушінің қарапайымдылығы, Лоренцоның даналығы, Тибальдтің қатыгездігі, италиялық көшелерге тән нақыштар мен мерекелік көңіл, ажал сахнасындағы драматизм – осының бәрі спектакльде сәтті көрініс тапқан. Ал пантомима элементтері Веронаның жауласып жүрген екі отбасы өкілдерінің шайқасатын сахналарында молынан қолданылған.
Балеттегі музыкалық безендірілу – ол да өз алдына бөлек әңгіме. Бас дирижер Арман Оразғалиев жетекшілік ететін оркестр орындауындағы ғажайып музыка сол сәтте-ақ театрдың тұрақты көрермендерінің сүйікті әуеніне айналып үлгерді. С.Прокофьевтің әуенін оркестр түрлі эмоция мен нәзік сезім ырғағына көмкеріп, тамаша туындыны көрермен жүрегіне жеткізе алды. Себебі сезімтал музыкант қос кейіпкердің арасындағы махаббат пен шиеленісті музыка тілінде мейлінше шынайы әрі әсерлі аша білген. Ал шағын әрі жиі алмасып отыратын сценография, әсем костюмдер халық өмірі һәм вероналық ақсүйектердің тыныс-тіршілігі мен Лоренцо шіркеуінің көркем безендірілуі, сонымен қатар Капулетти әулетінің отбасылық мазары көрермен қауымды бір сәтке Қайта өрлеу дәуіріне жетелеп әкеткендей ғаламат сезімге бөледі. Соның арқасында балет те өзіндік көркемдік биікке көтерілгендей әсер сыйлады.
Қойылымда негізі басты партияларды театрдың талантты актерлері орындады. Атап айтсақ, Ромеоны Сүндет Сұлтанов пен Уэсли Карвальо, Жульеттаны Назерке Аймұхаметова мен Наталия Фернандес Менес, Тибальдты Фархад Буриев пен Бауыржан Боранбаев, Меркуционы Ерқанат Ермағамбет, Бенволионы Нұрзат Берікқазыұлы, Паристі Уэсли Карвальо мен Сүндет Сұлтанов, Лорд Капулеттиді Ильдар Шакирзянов, Леди Капулеттиді Әсел Жанғасқаева мен Риза Қанатқызы, Күтушіні Шырын Зайчикова кемеліне келтіре кейіптеді. Бекзат өнерден рухани ләззат алып, сахнадағы сұлулыққа жан суарған талғампаз көрермен театрдан риза болып тарқасты.