Тұлға • 15 Ақпан, 2025

Ерекше саланың генералы

1830 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Ұстаз бен шәкірт арасында бір тылсым байланыс болуы керек. Әскери салада бұл оңай емес. Саланың кәсіби шебері, өмірін осы бағытқа арнаған бірден-бір тұлға қазақтың алғашқы генерал­дарының бірі Шәкір Жексенбаев еді.

Ерекше саланың генералы

Тарих тұңғиығына үңілсек, жаппай сауатсыздықпен күрес ұраны тасталып, елде білім алу науқаны жүрген 1925 жылдың өзінде Шәкір Жексенбаев Орынбор қаласындағы (сол кездегі астанамыз) Қазақ АСР Орталық орындаушы комитеті атындағы «Біріктірілген әскери мектебінің» оқу бөлімінің басшысы қызметін атқарыпты.

Шәкір Жексенбаев мемуар­лық кітабында былай деп жазады: «Санаулы жылдардың ішінде халықты жалпы әскери білімге дайын­дап, қолбасшылар даярлайтын арнайы мектепте аз ұлт өкілдері болғаны қандай қуанышты. Жоғары әскери білім алған осы ұлттың өкілі ретінде бұл маған ерекше жауапкершілік жүктеді. Барлық алған білім мен тәжірибені жастарға беруім қажет болды».

ап

1940 жылдың шілдесінде Шәкір Жексенбайұлы Қызыл әскердің Калинин атындағы химиялық қор­ғаныс әскери училищесінің хи­мия­лық қорғаныс батальонын бас­қарды. Осы жерде курсанттарға сабақ пен тәлім-тәрбие бере жү­­ріп, өзі де қызыл әскер басшылы­ғы­на арналған тактикалық-техни­ка­лық курстарда білігін арттырды. Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталған соң генерал 1945 жылдың тамыз айын­да К.Е.Ворошилов атындағы Әс­кери химиялық қорғаныс акаде­мия­сының ІІ факультетінің басшысы болып тағайындалды. Сол кездегі химиялық қорғаныс академия­сы­ның міндеті негізінен көпқырлы әскери-тактикалық тәжірибені то­лығымен меңгеретін оқу үдерісін құру еді. Академия жұмысы қару­лы күштердің арнайы бөлімше­лері­нің жауынгерлік және тех­ни­ка­лық қасиеттерін, соғыс шебер­лігін, тактикасын ұйымдастыру және капиталистік мемлекеттер­дің әскерлерінің жаңа техникасын жетік білетін жоғары білікті әскери инженерлерді дайындауға бағытталды.

Шәкір Жексенбаев басшылық еткен инженерлік факультеттің оқу-әдістемелік жоспары әлі де дұрыс ұйымдастырылмаған еді. Сондық­тан жаңа жарғы, нұсқаулықтар мен соғыс уақытындағы үлкен тәжіри­бесі негізінде оқу бағдарламасы мен жоспарын, кітап пен әдістеме­лік нұсқаулықтар шығаруды қолға алды. Сол жылдары курсант­тар ин­женерлік факультетте инженер-химик және қарумен қамтамасыз ету инженері деген екі мамандық бойынша дайындалды. Білім алушылардың мұндай мамандануы кейіннен газсыздандыру техникасының, отшашу, жарылғыш және түтін тара­ту қаруының дамуына, химиялық әскерді техникалық қайта жаб­дықтауға айтарлықтай әсер етті. Бұл ретте сол кездегі Химиялық қор­ғаныс академиясының негізгі міндеті соғыс тәжірибесін жетік пайдаланып, оқу үрдісіне қосу екенін айта кеткен жөн.

Шәкір Жексенбаевтың өміріндегі ерекше қуанышты оқиға 1945 жылғы 7 қазанда Мәскеу гарнизоны әскерлерінің әскери шеруіне қатысуы еді. Генерал-майор ол кезде Химиялық қорғаныс әскери академиясы ІІ батальонының шеруін бастап шықты.

1946 жылы сәуір айында Шәкір Жексенбайұлы Құрлық әскерлері­нің химиялық қару-жарақпен қам­­тамасыз ету басқармасы бас­шы­сының орынбасары лауазымына та­ғайындалды. 1947 жылдың нау­ры­зында К.Е.Ворошилов атын­дағы Жоғары әскери академиясы жанындағы Жоғары академия­­лық курсқа оқуға жіберілді. Курсты аяқтаған соң ол Беломорск әскери округінің химиялық қорғаныс бө­лімінің басшысы болып таға­йындалса, 1949 жылдың мамыр айында В.В.Куйбышев атындағы Қызыл Ту әскери-инженерлік ака­демиясының жалпы тактика және жедел дайындық кафедрасының әскери-химиялық істері бойынша аға оқытушы қызметіне ауыстырылды. Бір жылдан кейін осы академияда химиялық қорғаныс кафед­расы ұйымдастырылып, оның меңгеру­шісі болып Ш.Жексенбаев тағайын­дал­ды. Оны төрт жыл басқарып, содан кейін атом қаруының пайда болуына, оқу үрдісінің және оқытушы­лар құрамының мамандануы­ның түбегейлі қайта құрылуына бай­ланысты аға оқытушылық қызмет­ке ауыстырылды. 1956 жылдың ақ­пан айында кафедра таратылып, Ш.Жек­сенбаев сол академияның аға оқытушысы болып қызмет атқарды.

Осы қызметте жүріп 1958 жыл­дың қазан айында белгіленген қыз­мет мерзімі өтілі аяқталуына байланысты Кеңес әскері қатарынан запасқа шығарылды. 1958 жылдың желтоқсанынан 1962 жылдың ақ­панына дейін ДОСААФ-тағы Мәс­кеу қалалық әуе қорғаныс учили­ще­сінде командир-нұсқаушы болып жұмыс істеді. 1962–1963 оқу жы­лында В.В.Куйбышев атындағы Мәскеу Еңбек Қызыл Ту орденді ин­женерлік-құрылыс институтын­да арнайы дайындық кафедрасы­ның азаматтық қорғаныс курсы бойын­ша оқытушы болды. 1963 жылдың ақпан айында Мәскеу автомеханикалық институтының әскери кафедрасына азаматтық қорғаныс курсының аға оқытушысы болып қабылданды. 1964 жылдың қарашасынан 1975 жыл­дың қыр­күйегіне дейін И.А.Лихачев атын­дағы Мәскеу автомобиль зауытында (ВТУЗ) азаматтық қорға­ныс бойынша әскери кафедрада курс басшысы болып қызмет етті.

Генерал-майор Шәкір Жексен­баев­тың әскери салада ғылым мен білімге қос­қан үлесі – 2020 жылы жарық көрген «Қазақстанның әске­ри ғалымдарының 100 есімі» ­(100 имен военных ученных Казах­стана) атты әскери-тарихи жинақта жазылған.

Биыл – Жеңістің 80 жыл­дық ме­­рейтойы. Соған байланыс­ты жеңіс­­ті жақындатуға өлшеусіз үлес қос­­қан­дардың бірі, қазақтан шық­қан алғашқы генералдардың бірі Шәкір Жексенбаевтың есі­мін әске­ри бағыттағы бір оқу орнына берсе, лайықты болар еді. Мұн­дай ұсыныс­ты бұған дейін Махам­бет Өтеміс­ұлы атындағы Батыс Қазақстан универси­тетінің ұжы­мы, «Генералдар кеңесі» РҚБ, «Мәс­кеу қазақ ұлттық-мәдени автоно­мия­сы» аймақтық қоғамдық ұйымы, со­ғыс және еңбек ардагерлері, Алматы мен Ақтөбе және басқа қалалар­дың жастары Мемлекеттік хатшыға, министрлерге, түрлі комитеттер­дің төрағаларына жеткізген еді. Көр­некті тұлғаның есімін ұлықтап, кейін­гі ұрпақ жадында жаңғырту – біз­дің ортақ парызымыз.

 

Шәкір АЙТАЛИЕВ,

Қазан Федералдық университетінің аспиранты 

Соңғы жаңалықтар

Олжас!.. (Эссе)

Тұлға • Кеше

Ерім дейтін ел қайда?

Өшпес даңқ • Кеше

Күтумен өткен ғұмыр

Өшпес даңқ • Кеше

Смағұл сапасы

Тұлға • Кеше

Мұстахара

Жәдігер • Кеше

Керек дерек

Digital • Кеше

«Түркістан сақшылары» – ЖИ жемісі

Жасанды интеллект • Кеше