Мәдениет • Кеше

Бішкек халқы қазақ мәдениетімен жақынырақ танысты

50 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бішкектегі Қырғыз Республикасының Ұлттық тарихи музейінде «Ғасырлар ізімен: Қазақстан тарихының бейнесі» атты фотоқұжаттық көрме есік ашты. Алматыдағы Ұлттық орталық музей мұрындық болған ауқымды жоба XIX ғасырдан XX ғасырдың соңына дейінгі Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасынан сыр шертеді, деп жазады Egemen.kz.

Бішкек халқы қазақ мәдениетімен жақынырақ танысты

Халықаралық мәдени ынтымақтастық аясында салтанат құрған тағылымды шараның ашылу салтанатына бауырлас елде тұратын қандастар мен қырғыз халқының зиялы қауым өкілдері қатысты. Көрмеге қойылған түпнұсқалық фотоқұжаттарда қазақ халқының дәстүрлі өмір салтының ерекшеліктері, әкімшілік және әлеуметтік реформалар, индустрияландыру, ұжымдастыру, өнеркәсіп пен басқа да салалардың даму кезеңдері жан-жақты көрініс табады. Құжаттар қазақ бірегейлігінің қалыптасу жолдарын, әлеуметтік құрылым мен мәдени тәжірибелердегі өзгерістерді және әр дәуірдегі күнделікті тұрмысты айқын бейнелейді. Музей ғалымдары, Ұлттық орталық музей қорынан әкелінген фотоматериалдар елдің тарихы мен мәдени дамуына жаңа көзқараспен қарауға жол ашатынын айтады.

а

«Мұндай халықаралық мазмұны бай жобалар тарихы тамырласып жатқан туысқан елдердің мәдениеті мен өнеріне байыпты көзқараспен қарауға мүмкіндік бермек. Көрмеде ұсынылған фотоқұжаттар қоғамдағы ауқымды өзгерістерді, мәдени серпілістерді көрсетеді. Қырғыз ағайындардың ыстық ықыласына тәнті болдық. Жауапты ведомства өкілдері көрменің ашылуына арнайы келіп, екі ел достығы хақында пайымды пікір айтты. Жобаның жоғары деңгейде өтуіне қос тараптағы Елшіліктер де елеулі үлес қосты. Күні бүгін Қырғызстанда 37 мыңға жуық қандасымыз тұратын болса, көрмені тамашалауға елдің түкпір-түкпірінен жүздеген бауырларымыз арнайы келді. Ұсынылып отырған материалдар Қазақстанның тарихи тәжірибесін тереңірек түсінуге, дәстүр сабақтастығын және оның ұлттық бірегейлікті қалыптастырудағы ықпалын ғылыми тұрғыда айқындауға мүмкіндік береді», дейді ҚР Ұлттық орталық музейі директорының орынбасары Арай Бақытқызы.

Экспозицияның елеулі бөлігі қазақ мәдениетінің көрнекті тұлғалары – Абай Құнанбайұлы, Жамбыл Жабаев, Дина Нұрпейісова, Кенен Әзірбаев пайдаланған музыкалық аспаптардың көшірмелерін қамтыған. Бұл бірегей жәдігерлер тарихи-мәдени құндылық ретінде дәріптеліп, қазақтың музыкалық мұрасының байлығын паш етеді. Сондай-ақ көрмеде қазақтың дәстүрлі орындаушылық өнерінің ерекше түрі – «ортеке»  ұсынылды. Ол музыкалық, театрлық және би элементтерін ұштастырған синкретті өнер түрі. Бұл өнерде ағаштан жасалған теке бейнесі домбыра үнімен үндесіп, қимыл-қозғалыс арқылы адам мен табиғаттың үйлесімін көркем жеткізеді.