Мәселе • 15 Ақпан, 2025

Адасқанның айыбы жоқ...

291 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

«Жусан иісі»... Жазушы Сайын Мұратбековтің «Алыста қалған балалық шағым» деп басталатын әйгілі шығармасы көптің есінде шығар. Сұрапыл соғыс жылдарындағы ауыл өмірінен сыр шертетін хикаяны оқыған әрбір адамның бойында туған жерге, балалық шаққа, қазақ даласының жұпары – жусан иісіне деген сағыныш оянары хақ.

Адасқанның айыбы жоқ...

Бірақ біздің бүгінгі әңгімеміз ол шығарма жайында емес. Бабаларымыз үшін жусан Отанға деген сағыныш пен махаббаттың символы болған еді. Бүгінгі таңда да қасиетті жеріміздің қастерлі өсімдігіне деген іңкәрлік өзгермегенін біз жат жерден жұмақ іздеп Сирияға аттанып, кейін туған жерге оралуды аңсаған азаматтарымызды елге қайтару операциясына «Жусан» деп айдар таққанда тағы бір көз жеткіздік. Гуманитарлық операцияға мұндай атауды кім қойса да, қазақтың арғы-бергі тарихынан хабары бар, ұлтшыл әрі мемлекетшіл тұлға екенін көрсеткендей.

Біздің қолға қалам алуымызға «Жусан» операциясының 2021 жылғы ке­зек­ті кө­ші­мен елге оралған азаматтың анасының Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа жазған хаты түрткі болды. Ақтөбе қаласының тұрғыны Алтынай Ербөлекова ұлы Естай Орынбаев пен келіні Ботакөз Қосымбетованың екі баласын алып, «халифат құрамыз» деген жалған ұранға алдан­ған нөпірмен бірге Сирияға аттан­­ға­нын жазады.

«Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы! Сіздің басшылығыңызбен, қолдауыңызбен 2021 жылы «Жусан-5» операциясымен елге қайтарылған азаматтың анасымын. Сіз билікке келгеннен кейін іздеу салынып, соның нәтижесінде, 2021 жылдың ақпан айында табылып, елге қайтарылды. Бұл мемлекетіміз үшін кезекті қайырымдылық іс-шарасы болса, біз – ата-анасы, отбасы, ба­уырлары, туған-туыстары үшін өте қуанышты жаңалық болды. Осындай көре­ген­дікпен үзілген үмітімізді жал­ға­дыңыз. Өмірге деген құлшыны­сы­мыз­ды арттырып, елімізді қастерлейтін, мақтан тұтатын дәрежеге жеткіздіңіз», деп жазады ол.

Оның айтуынша, Сирияға барып, содырлар қатарына қосылған ұлы елге келген соң заң аясында тергеліп, қазір абақтыда жазасын өтеп жатыр. Ұлының осылай шалыс қадам жасап, тар қапасқа қамалғанына налыса да, қамкөңіл ана келіні мен немерелерінің жат жұртта қалмай, туған жерге табаны тиге­ніне шүкіршілік етеді.

«Бұл шара бүкіл әлемге жайылып, жаса­ған істеріңізден барлық ел үлгі алды. Сіздің дұрыс жүргізілген сапалы, саналы саясатыңыздың арқасында қаншама ата-ана, балалар алғысын айтып жатыр. Әрі қарай да елімізді осындай білгірлікпен басқаруыңызға тілектес болып, аналық алғы­сымды білдіремін. Алла қаласа, еліміз­дің болашағы да зор боларына сенімдіміз», дейді Президентке жолдаған хатында ол.

Теріс діни ағым идеологиясына уланған отандастарымыздың содырлар сойқан салған Таяу Шығысқа жаппай жөңкілуі 2010-жылдардың басынан үдей түскені мәлім. Әсіресе, 2013–2014 жылдары ИШИМ террористік ұйымы Сирия мен Ирактың едәуір бөлігін қол астында ұстап тұрған уақытта олардың дүниедегі ең шынайы «мұсылман мемлекетін» құру ниеті, жергілікті мұсылмандарға көмек керек екені туралы арбаушы видеолары әлемге тарап жатты. Соған алданған талай жан шекара асқанымен, шынайы жағдайды көзбен көргенде ғана аталған видеолардағы көріністер ақиқат ауылынан тым алыс екенін, бұл жақта шариғаттың ізі де жоқ екенін көріп, сан соғады. Олардың арасында біздің еліміздің азаматтары да аз емес еді.

Дегенмен жалғанды жалпағынан басқан содырлардың ойраны көпке созылған жоқ. 2017 жылы Ирак пен Сирияның үкіметтік күштері халықаралық коалицияның және достас мемлекеттердің көмегімен ИШИМ ошақтарын түп-тамырымен құртып, ел ішін террористерден түгел тазартты. Ал жұмақ өмір іздеп алданып барған отандас­тарымыз тағдырдың айдауымен аштық пен антисанитария жайлаған босқындар лагерьлері мен түрмелерге тоғытылды. Міне, осы уақытта өз азаматтарымызды елге қайтару үшін арнайы гуманитарлық опе­рация ұйымдастыру туралы шешім қабыл­­данып, оған «Жусан» деген шартты атау берілген еді.

Бұл операцияның әу бастан ойлас­ты­рыл­ған негізгі мақсатының бірі белгілі: ол – халықаралық террористік ұйымдарға қосылған содырларды елге қайтарып, заңға сай жауапкершілікке тарту. Ал олармен еріп барған әйелдері мен балаларын не істеу керек? Бұлар да лаңкестер қатарына жата ма, әлде ерінің етегінен ұстап еріксіз еткен, қоғамға бейімдеуге болатын құрбандар ма? Кейбір скептиктер содырлардың әйелдері мен балалары да тым радикалданып кеткенін, сондықтан қауіпті идео­логиясын елге әкелмеу үшін сол жақта қалдыру керек екенін де айтыпты. Дегенмен бұл гуманитарлық іс-шара болғандықтан, репатрианттарды теологиялық тұрғыда қоғамға бейімдеу арқылы адам қатарына қосу мүмкіндігі ескеріліп, барлығын туған жерге әкелу туралы шешім қабылданды.

2019 жылдың 6 қаңтарында басталған операция бес кезеңмен өтіп, 2021 жылғы 4 ақпанға дейін жалғасты. Біз мақаламызға арқау етіп отырған ақтөбелік Алтынай Ербөлекованың ұлы да отбасымен бірге ең соңғы көшпен оралыпты. Айта кетсек, жалпы саны елге 607 азамат әкелінді. Оның ішінде 37-сі – ер адам, 157-сі – әйел, 413-і – бала, соның ішінде 34-і жетім еді. Жат жерде лаңкестік әрекеттерге қатысқаны үшін ер адамның бәрі, сонымен қатар радикалды райынан қайтпаған 18 әйел бүгінде темір тордың артында жазаларын өтеп жатыр.

Ресми мәліметтерге қарағанда, сол жылдың аяғында-ақ әйелдер мен бала­лар­дың басым бөлігі дәстүрлі исламға көшіп, кейбірі зайырлы өмір салтын таңдаған. Радикалды идеологиядан бас тартқандардың біразы өңірлік және рес­публикалық бұқаралық ақпарат құрал­да­рын­да белсенді түрде терроризмге қарсы насихат акцияларына атсалысып жүр.

Қазақ «Адасқанның айыбы жоқ, қайта үйірін тапқан соң» дейді. Жаза басып, жат жұртты жағаласа да, жалғызын далада тас­тамайтын баба даналығынан туындаған «Жусан» операциясының нәтижелі тә­жіри­бесіне Аустрия, Франция, Германия, Украина, Әзербайжан, Өзбекстан, Қыр­ғыз­стан, Тәжікстан, тіпті Мальдив Рес­пуб­ли­ка­­сының арнаулы қызметтері тарапынан қызы­ғу­шы­лық туындап, олар да өздерінің осыған ұқсас іс-шарасын өткізгенін айта кету керек.