
Қайталанатын түстердің ерекшелігі – олар кейде бір оқиғаның айна-қатесіз қайталануы болса, кейде тек сюжет желісі, орны, кейіпкерлері өзгеріп, жаңа оқиғаға айналуы мүмкін. Психологтер адамдардың көбіне жағымсыз түстерді қайталап көретінін анықтаған. Германиядағы жантану зерттеу орталығының маманы Михаэль Шредль жүргізген зерттеуде қатысушылардың үштен екісі өз түстерінің негативті реңкте болатынын айтқан. Бұл түстерде көбіне қашу, шабуылға ұшырау, маңызды кездесуге кешігу, сәтсіздікке тап болу сияқты көрініс кездеседі. Ғалымдардың зерттеуінше, біздің миымыз табиғатынан жағымсыз ақпаратқа көбірек мән береді. Бұл – эволюциялық бейімделу. Өйткені адамзат өмірі үнемі күреске толы. Бүгінде бұл қабілет біздің эмоциямызға әсер етеді. Ал ұйқы кезінде миымыздың логикалық ойлауға жауап беретін бөлігі бәсеңдеп, эмоцияларды басқаратын аймақтары белсенді жұмыс істей бастайды. Осы себепті біз өңімізде мән бермеген кішкентай оқиғалар түсімізде сезімге айналады.
Зерттеу барысында ұжымдық күйзеліс жағдайында қайталанатын түстердің саны күрт өсетіні де анықталған. Мысалы, COVID-19 пандемиясынан кейін адамдар түсінде белгісіздік, қорқыныш сезімін тудыратын сюжеттерді жиі көре бастаған. Түс зерттеушісі Дейрдре Ли Барретт пандемия кезінде 15 000-нан астам түс жазбасын жинап, адамдардың түсінде сол кезеңге байланысты ауру, өлім, апат оқиғаларын екі есе жиі көре бастағанын анықтаған. Мысалы, түсінде көпшілік арасында жалғыз өзі маска кимей жүргенін көргендер көп болған.
Қайталанатын түстерден құтылудың жолдары да бар. Кейбір адамдар «ойша қайталау терапиясын» қолданады. Бұл әдісте адам қорқынышты түстің ойша жақсы аяқталуын елестетіп, сол күйінде ұйқыға кетуге тырысады. Сондай-ақ бұдан арылу үшін Израиль психологі Нирит Софер-Дудек ұйқыны дұрыстау қажеттігін айтады. Кофе мен алкогольден бас тарту, телефонды ұйықтар алдында қолданбау, күн тәртібін сақтау – осылардың барлығы түстің мазмұнына әсер етеді екен. Қайталанатын түстер – ішкі күйіміздің айнасы. Олар кейде өңімізде байқамаған сезімдерімізді көрсетеді. Кейбір түстер бейсаналы күйде бастан кешкен іс-әрекетімізге баға беруге көмектессе, кейбірі тіпті бізді қауіптен сақтап, алдағы шешімдерге әсер етеді екен. Түс көру – санамыздағы құпияны ашу, ал оны түсіну – өзімізді танудың жаңа деңгейі.