Қоғам • 08 Ақпан, 2025

Ауыл өмірін арқау еткен

105 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Астана қаласының №8 көпшілік кітапханасында қа­ламгер Төлен Тілеубайдың «Түлкілітаудың аспаны» атты кітабының таныстырылымы өтті.

Ауыл өмірін арқау еткен

Ауыл баласының алаңсыз өмірін ар­қау еткен по­вес­тік шығарма адам бо­йын­дағы адал­дық, жана­шырлық, мейірім секілді ізгі қасиеттерді көрсетуге тырысады. Басты кейіпкер – Әмірдің балалық шағын суреттеу арқылы автор ауыл адамдарының кісілік келбетін, боз жусан болмысын бүкпесіз беруге ұмтылады. Сондай-ақ шығармада адам мен табиғат арасындағы үзілмес үндестік сөз етіледі.

«Бүгінгі күні дүниенің дидары құбылып, адам бо­йындағы асыл қасиеттердің арнасы бұзылып, жаппай өзгеріске ұшырап жатқанын байқап келеміз. Оның ішінде ұлт тәрбиесінің ұстыны саналатын отбасы институтының құндылығы құлдырамаса да, шатқаяқтағаны белгілі. Қолыма қалам алып, повесті жазуға кірісер алдында тұнығы лайланбаған ауыл адамдарының бейнесін бедерлей отырып оқырман ойына жып-жылы сәуле түсіргім келді. Әке, ана, бала арасындағы нәзік, алайда берік ара-қатынастың үйлесімді үлгісін көрсетуді мақсат тұт­тым», деді кітап авторы Төлен Тілеубайұлы.

Кітапқа «Түлкілітаудың аспаны» повесінен бөлек, шағын әңгімелер де жинақ­талған. «Ақбөкен жылаған түн» деректі-көркем әңгімеге қазақтың батыр азаматы, қорықшы Ерлан Нұрғалиевтің браконьерлермен арпалысы, сондай-ақ өшпес ерлігі негіз етіп алынған. Ал «Ақ көгер­шін», «Гүлсараның махаббаты» әңгімелерінде махаббатқа адалдық пен албырт шақта адам әрекетінде кездесетін қа­теліктер сөз етіледі.

Таныстырылым барысында оқырмандар кітап турасында ой-пікірін білдіріп, толғандырған сұрақтарын қойды. Артынша автор жинал­ғандармен бірге автограф сессия өткізді.