Шаруашылық • 07 Ақпан, 2025

Мал шаруашылығындағы маңызды мәселе

74 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қостанайда БҰҰ құзырындағы Азық-түлік және ауыл шаруа­шы­лы­ғы ұйымының (FAO) өкілдері ветеринар мамандардың білік­ті­­лігін жетілдіруге арналған тренинг өткізді. Мал дәрігерлері ал­­ды­мен ірі қарада кездесетін қауіпті індетті анықтайтын сы­на­маны алудың заманауи талаптары туралы дәріс тыңдады.

Мал шаруашылығындағы маңызды мәселе

«Қостанайагроөнім» серіктес­ті­гіне қарасты мал сою бекетінде өткен тәжірибелік бөлім барысында ҒАО мамандары жергілікті ветеринарлардың тірі малдан, сондай-ақ сойылған мал мен құстан қалай сынама алатынын тәжірибе түрінде көріп, тексерді. Мал дәрігерлері сынама алу кезінде пайдаланылатын арнайы костюм, қолғап, көзілдірік, маска секілді қорғаныш киімдерін дұрыс киіп, дұрыс шешуге жаттықты.

«Іс-шараның басты мақсаты – зертханалық диагностика үлгіле­рін жинау, орау, тасымалдау және өңдеу тәжірибесін жетілдіру арқы­лы сібір жарасы, бруцеллез, құс тұмауы және пастереллез сияқты қауіпті ауруларды эпиде­миологиялық бақылаудың сапасын жақсарту. Аса қауіпті індеттің алдын алу, кеселді тап ба­сып анықтау – ең алдымен, дұрыс алынған сынамаға байланысты. Сынама дұрыс алынбаса инфек­ция­лық ауру ушығып кетеді. Қан­дай ауруда қандай сынама алу керек, оны малдың қай жерінен, қай органдарынан алу керек, оны қандай контейнерге жинау керек, оны зертханаға қалай жеткізу керек, сынама алғанда қандай құ­­жаттар толтыру керек деген сұрақ­тар­ға жауап бердік. Сонымен бір­­­ге сы­нама алатын маман қалай ­­киі­­­ну керек деген мәселе де айтыл­ды. Мал дәрігері жеке қорғаныш киімін дұрыс киіп, дұрыс шеше білу керек. Әйтпесе маманның өзі кесел жұқтырып алуы мүмкін», дейді ҒАО-ның ұлттық кеңесшісі Ербол Қамсаев.

Облыстық Ветеринария бас­қармасының басшысы Төлеген Иманбаевтың айтуынша, өңірде мал дәрігерлерінің бәрі сынама алу­ды жақсы біледі. Алайда жыл сайын олардың біліктілігін арттырып, кәсіби дағдысын шың­дап отырған дұрыс.

«Өңірде мал басы жыл озған сайын көбейіп жатыр. Шетелден де мал әкелініп жатыр. Олар­­дың өз аурулары бар. Оны да дереу анық­­тауымыз қажет. Қара мал­­­дың өзінде бруцеллез, сібір жа­расы, аусыл тәрізді ауру көп та­ралады. Өткен жылы облыста мал ау­руы­ның отыз шақты ошағы табылса, биыл біздің дәрігерлердің ши­­рақ қимылының арқасында оны бесеу­ге дейін төмендеттік. Ма­ман­дар сапалы жұмыс істесе, кез кел­­ген ауру­дың алдын алуға бо­ла­ды. Мұн­­­­­дай тренингтер сол үшін өте қа­жет», дейді Төлеген Иман­баев.

Арқа ауылындағы вете­ри­нар­лық пункттің меңгеру­шісі Сағы­ныш Демесінова мұндай тренингтен біздің де аларымыз көп, кейінгі жастар да білімін жетілдіре түседі дейді.

«Осындай шаралар арқылы өз кәсібімізді мейлінше жетілдіре түс­сек, одан ешкім ұтылмайды. Рас, кез келген мал ауруының алдын алса, мал өнімдерінің сапа­сы­на да ке­піл­дік беруге болады», дейді маман.

 

Қостанай облысы 

Соңғы жаңалықтар

Аталар дәстүріне адалдық

Өшпес даңқ • Кеше

Жезді жәдігерлері

Көрме • Кеше

Құрметке лайық жандар

Инфографика • Кеше

Тарихи кездесу

Өшпес даңқ • Кеше

Қызылжар қырандары

Өшпес даңқ • Кеше

Аңдатпа

Аңдатпа • Кеше