
Суреттерді түсірген – Ерлан ОМАР, «ЕQ»
Мамандықтар маңызы
Шынында, еңбек нарығын жұмысшы мамандықтарсыз елестету тіпті де мүмкін емес. Оның ішінде теміржолшылардың орны ерекше. Ел экономикасының күретамыры саналатын осы теміржол саласына білікті мамандар қалай даярланады? Жастардың жұмысшы мамандықтарға деген көзқарасы қандай? Осы сауалдарға жауап іздеп, Астана қаласындағы Жоғары көлік және коммуникация колледжіне арнайы ат басын бұрған едік.
Теміржол десе көз алдымызға екі иығынан дем алған алып тепловоз, вокзал маңы, сосын вагондардағы жолсеріктер елестейді. Көбіміз онымен тек жолаушы ретінде таныспыз. Ал қыстың қара суығында, жаздың аптап ыстығында мидай далада асай-мүсейін сүйреп, жол жамап жүрген жолшылар жұмысының ауырлығы мен азабын кім біліпті? Сол секілді вагон қараушылар, станса кезекшілері, вагон құрастырушылар, машинистер жүк және жолаушылар тасымалының қауіпсіздік қозғалысын қадағалап, тәулік бойы тынымсыз тер төгіп жүрген жұмысшылардың еңбегі ересен.
Осындай құрыш білек мамандарды даярлайтын Жоғары көлік және коммуникация колледжі 1945 жылдың мамыр айында құрылған. Талай теміржолшы түлеп ұшқан, 80 жылдық тарихы бар оқу ордасының аумағына енген сәтте бізді директордың оқу-әдістемелік жұмысы бойынша орынбасары Гүлназ Сұлтанғазықызы қарсы алды. Орынбасар ханым ойымызды оқып қойғандай, осындағы зертханалар мен кабинеттерді аралатып, мамандықтарды таныстыра бастады.
– Біздің колледжде жастар 14 мамандық бойынша білім алады. Соның бесеуіне дуалды оқыту жүйесі енгізілген. Яғни сабақтың 60 пайызы кәсіпорында, 40 пайызы оқу орнында өтеді. 18 жасқа толған студенттер 3-курстан бастап өндірістік тәжірибеде білімін шыңдап, 290 000 теңгеге дейін жалақы алуға мүмкіндігі бар. Яғни мұндағы барлық мамандыққа сұраныс жоғары. Тіпті көптеген компания үздік студенттерді таңдап, бірден жұмысқа шақырады. Кейбір мамандықтарда бүкіл бір топты толығымен жұмысқа қабылдайтын жағдай бар. Нақтылай айтатын болсақ, 2022 жылы – 78%, 2023 жылы – 80%, 2024 жылы 83,5% түлегіміз жұмысқа орналасты, – деп Г.Сұлтанғазықызы статистиканы тізбелей бергенде, дуалды оқыту жүйесі нақты қандай мамандықтарға енгізілгенін сұрадық.
– Атап айтар болсақ, «Теміржолдың жылжымалы тартқыш құрамын пайдалану, жөндеу және техникалық қызмет көрсету», «Автомобиль жолдары мен аэродромдар құрылысы», «Теміржол құрылысы және жол шаруашылығы», «Теміржол көлігіндегі тасымалдауды ұйымдастыру және қозғалысты басқару», сондай-ақ «Электрмен қамтамасыз ету» мамандықтарының студенттері тәжірибелік білімдерін өндірісте шыңдайды. Тағы бір астын сызып айтар дерек бар. «Теміржол көлігінің көтергіш-көлік, құрылыс-жол машиналары мен механизмдерін техникалық пайдалану» деп аталатын мамандық еліміз бойынша біздің колледжде ғана оқытылады. Сол секілді, «Теміржол құрылысы, жол және жол шаруашылығы» мамандығы елімізде тек екі колледжде бар. Ерекшелігі, бұл – теміржол салатын мамандық. Осы салаға сұраныс өте жоғары болғанымен қызығатын балалар шамалы. Қаржысы көп болса да, қара жұмыс деп қашқақтайды ғой көбісі, – деді ол.
Колледжде тек 3 жыл оқитын мамандықтар да бар екен. Бұлар – «Автомобиль көлігінде тасымалдауды ұйымдастыру және қозғалысты басқару», «Жол қозғалысын ұйымдастыру», «Бағдарламалық қамтамасыз ету», «Логистика» және «Менеджмент» мамандықтары. Мінекей, айта берсек, колледждің осындай ерекшеліктері баршылық. Директордың оқу-әдістемелік жұмысы бойынша орынбасары теміржолшы деген мамандықтың сан-қырлы екенін таныстыра келіп, бізді «Электроника және электрлік машиналар» зертханасына бастап апарды.
Корпоративтік қордың көмегі орасан
Бөлмеге кірген сәтте алдымыздан панельдерге жалғанған сымдар, қуат таратқыштар, басқару жүйелері, трансформаторлар мен қозғалтқыштар көрінді. Мұнда студенттер локомотивтер мен вагондардың электр жүйесін жөндеу, байланыс құралдарын басқару, сигнал беру жүйелерін бақылау жұмыстарын үйреніп жатыр екен. Осы сәтте оқытушыдан оқшауланып, студенттерді сөзге тарттық.
– Ай сайын мемлекеттік стипендия аламыз. 5-ке оқысақ, 43 000 теңге, 4-ке оқысақ, 41 000 теңге шотымызға түсіп тұрады. Колледждің 213 орындық жатақханасы бар. Ұлдар және қыздар жатақханасы бөлек орналасқан. Оқу орнынан қашық емес. Ай сайынғы төлем – 10 000 теңге. Орын тапшылығы жоқ, кейде бос орындар артылып қалады. Өйткені көп студент өндірісте болады, – дейді 3-курс студенті Жексен Бекарыс.
Осы сәтте тағы бір студент «Ал біз 80 000 теңге шәкіртақы аламыз» деп саңқ етті. Бәріміз аңтарыла қарап қалдық. Көзіміздегі сұрақты ұққан соң қағілез қара бала сөзін жалғады.
– Аты-жөнім Бүркіт Ерасыл. Осы колледжге «Жарқын болашақ» бағдарламасымен түстім. Бұл жоба Жаңаөзен қаласының оқушыларына арналған. Яғни біз үш жыл оқимыз. Ай сайын 80 000 теңге шәкіртақы аламыз. Жатақхана да тегін. Жол шығынын да жіберуші тарап көтереді», деді студент ағынан жарыла.
Кейін басшылықтан сұрап білдік. Аталған бағдарлама 2022 жылдан бері Жоғары көлік және коммуникация колледжінде жүзеге асып келеді екен. Жоба алғаш басталған жылы небәрі 5 студент қабылданса, қазіргі таңда бұл көрсеткіш 83 оқушыға жеткен. Бағдарламаның жүзеге асырылуы «Bilim Foundation» корпоративтік қорының қаржыландыруымен жүргізіліп келеді. Ол тек оқушыларды сапалы біліммен қамтамасыз етумен шектелмей, нарықта сұранысқа ие мамандықтарды қамтып, өндірістік мекемелермен тығыз байланыс орнату арқылы түлектерді жұмыспен қамтуға ерекше көңіл бөледі.
Теория тәжірибеге ұштасады
Ендігі бағытымыз – Электр жабдықтарының интерактивті бағдарламалық-ақпараттық кешені. Бұл атауы күрделі кабинеттің ішіне кірген бойда-ақ оның мәнін түсіне бастадық. Кең әрі жарық бөлмеде интерактивті тақталар, электр схемалары, заманауи басқару панельдері, түрлі құрылғының макеттері орналасқан. Мұнда студенттер локомотивтердің, теміржол стансаларындағы электр жабдықтарының, теміржол инфрақұрылымындағы қуат көздерінің жұмыс істеу қағидаттарын зерттейді.
– Бұл кабинет – біздің студенттер үшін теория мен тәжірибені ұштастыратын бірегей зертхана. Мұнда болашақ теміржолшылар электр тізбектерін жинап, трансформаторлар мен қозғалтқыштардың жұмысын модельдейді. Барлық үдеріс интерактивті түрде жүргізіледі, яғни студенттер бағдарламалық ортада схемаларды құрастырып, олардың нақты жұмыс істеуін бақылай алады. Қазіргі заманғы теміржол саласында цифрлық технологиялар мен автоматтандыру үлкен рөл атқарады. Сондықтан бұл кабинеттегі білім мен дағдылар – болашақта жұмысқа орналасқан кезде студенттердің негізгі қаруы болмақ, – дейді зертхана меңгерушісі Жамиля Есентаева.
Біз кабинетті аралап, студенттердің жұмысына көз жүгіртіп жүргенде, интерактивті экранда күрделі электр сызбалары мен теміржол жабдықтарының жұмыс үдерісі көрсетіліп жатты. Бір қарағанда, мұның барлығы тек инженерлердің ғана қолынан келетіндей көрінеді. Бірақ осында білім алып жатқан студенттер бұл жүйені толық меңгеріп, өздерін нағыз кәсіби маман ретінде сезініп жүргені байқалды.
Осылайша, бізге заманауи теміржол жүйесінде электр және автоматтандыру саласының қаншалықты маңызды екені айқын бола түсті. Тек пойыз жүргізу емес, оның электр жүйесін реттеу, тоқ жүйелерін бақылау және автоматтандырылған басқаруды игеру болашақ теміржолшылар үшін аса маңызды дағдылар екені сөзсіз.
Зертханадан шыққан соң бізді бастап жүрген директордың оқу-әдістемелік жұмысы бойынша орынбасарына сұрақ қойдым.
– Жастардың жұмысшы мамандықтарға деген көзқарасы қандай? Жыл сайын қанша студент қабылдайсыздар? Оқу үдерісі қалай жүргізіледі?
– Колледжге жыл сайын 550 студент көлемінде қабылданады. Нақтырақ айтсақ, 2023 жылы – 554 студент, 2024 жылы 559 студент қабылданған. Жасыратыны жоқ, студенттердің көбісі әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардан шыққан, сол себепті жұмысқа ерте араласуға ұмтылады. Оқуға түскен көптеген жас теміржолшы болғысы келеді, бірақ нақты мамандықтарды білмегендіктен, вагон жолсерігі болуға ұмтылады. Алайда жолсерік мамандығы колледжде оқытылмайды, бұл тек қосымша біліктілік курсы ретінде беріледі. Қызығы, теміржол саласына түскен студенттердің бір бөлігі – осы салада жұмыс істейтін әке-шешесінің немесе туыстарының жолын жалғастырушы жастар. Олар бұл мамандықтың қыр-сырын жақсы біледі, саналы түрде таңдайды, – дейді ол.
Оқу үдерісіне келсек, бірінші курста студенттер негізінен мектеп бағдарламасындағы пәндерді оқып, екінші семестрден бастап мамандыққа кіріспе жүргізіледі екен. Осы кезеңде олар, қандай мекемелерде жұмыс істей алатынын біледі, мамандықтың ерекшеліктерімен танысады. Ал екінші курста олар оқу тәжірибесі кезінде мекемелердегі қағаз жұмыстарымен, компьютерде жасалатын есептермен танысады. Үшінші курста студенттердің көбі 18 жасқа толғаннан кейін нақты өндірістік тәжірибеден өте бастайды. Мысалы, 3-курстағы 11 студент Астана жол дистанциясында тәжірибеден өтіп әрі нақты жұмысқа орналасқан. Олар тәжірибеде жүріп, алғашқы айда 150 000 теңге, келесі айда 290 000 теңгеге дейін жалақы алған. Қазір бұл студенттердің жалпы табысы 400 000 теңгеге дейін жетіп отыр (жалақы + стипендия). Бұл жастар үшін үлкен мүмкіндік, өйткені олар колледжде оқып жүріп-ақ тұрақты жалақы алып, өз мамандығы бойынша жұмысқа орналасады. Жұмыс істейтін студенттер теориялық сабақтарға қатысуы үшін арнайы оқу демалысы беріледі.
Біліктілікті көтерудегі кедергілер
Жұмысқа орналасу кезінде біршама қиындықтар да кездесетін көрінеді. Кейбір мекемелер «колледжден келдің» деп мән бермей, түлектердің нақты қандай деңгейде білім алғанын ескермейді екен. «Колледж түлектері қолданбалы бакалавриат бағдарламасы арқылы университетте білімін жалғастыра алады», деп айтылғанымен, нақты тетіктер толық іске аспаған. Мысалы, студент колледжден кейін университетке түскенде, оның оқу мерзімі қысқартылуға тиіс.
– Ол қайтадан бірінші курстан бастаса да, мектептен кейін келген студенттер сияқты таңнан кешке дейін оқуы шарт емес. Себебі білім алушы колледжде философия, психология сынды кейбір жалпы пәндерді оқыған. Сондықтан оларды қайта оқу – бекерге уақыт жоғалту емес пе? Соның салдарынан колледж түлектері Ресей университеттерін таңдап жатыр, – деді директордың оқу-әдістемелік жұмысы бойынша орынбасары Г.Сұлтанғазықызы.
Оның айтуынша, қазіргі таңда өндірістен келетін арнайы пән оқытушыларын білім беру ұйымында тұрақты ұстау қиын. Себебі олардың жалақысы өндірістегі жалақымен салыстырғанда төмендеу. Теміржол саласындағы мамандарды шақыру күрделі мәселе. Себебі ол салада қызмет ететін мамандар 45–55 жас аралығында зейнетке шығады. Колледж басшылығы тәжірибелі мамандарды оқытушылық қызметке тартуға тырысады. Бірақ олардың көпшілігі оқытушылыққа емес, өндірістегі жұмысқа оралуға бейім. Кейбір мамандар тәжірибелі, өз ісінің шебері болуы мүмкін, алайда өз білімін студенттерге түсінікті түрде жеткізе алмайды. Сабақ беру, түсіндіру және үйрету бөлек дағдыны талап етеді. Осыған байланысты колледжде кейде өте білікті өндірістік маман оқытушылыққа келгенімен, сабақ беру әдістемесін меңгере алмай жататын жағдай кездесетін көрінеді. Қысқасы, арнайы пән оқытушыларын колледжде тұрақты жұмыс істеуге ынталандыру үшін жалақыны көтеру, оқыту әдістерін үйрету және өндірістен кадр тартудың тиімді жолдарын қарастыру қажет. Бұл мәселе шешімін тапса, өндірістік тәжірибесі мол, сапалы мамандарды білім беру жүйесінде ұстап қалу оңайырақ болар еді.
– Айтпай кетуге болмайтын тағы бір мәселе «WorldSkills»-ке қатысты. Бұл – жұмысшы мамандықтарының біліктілігін анықтауға арналған жарыс. Теміржол саласы бойынша республикалық деңгейде «WorldSkills» жарысы ұйымдастырылмайды. Алайда біз аймақтық деңгейде өзіміздің бейімделген жарысымызды өткіземіз. Аймақтық жарыстарда жеңімпаз студенттерге 50 000 – 100 000 теңге көлемінде сыйақы беріледі. Мұндай қолдау балалардың ынтасын арттырып, өз мамандығына деген қызығушылығын оятады. Егер бұл бағыт ресми түрде республикалық деңгейге көтеріліп, халықаралық стандарттарға бейімделсе, студенттер өздерінің біліктілігін халықаралық деңгейде сынауға мүмкіндік алар еді, – деді директордың оқу-әдістемелік жұмысы бойынша орынбасары.
Тобықтай түйін:
Теміржол мамандығы – тұрақты жұмыспен қамтамасыз етілетін, жоғары жалақысы бар саланың бірі. Сол себепті жұмысшы мамандықтарын жастар арасында танымал ету – басты міндет. Егер дұрыс насихат жұмысы жүргізілсе, бұл салаға деген көзқарас та өзгереді, ал жастар жоғары жалақы алатын, тұрақты жұмысқа орналасу мүмкіндігі бар мамандықтарды таңдай бастайтыны сөзсіз.