Қоғам • 07 Ақпан, 2025

Кейде адам сағынады екен...

74 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Санай қарияның Баян-Өлгейге барып қайтамын дегенін балалары құп көре қоймаған. Кейінгі кезде онсыз да әлсін-әлсін төсек тартып қала беретін үлкен кісіні дәл осы күйде ешқайсының алыс сапарға жібергісі жоқ.

Кейде адам сағынады екен...

Әдетте қол қусырып қарап отыруды біл­мейтін қарияның денсаулығы сыр беріп, үйден шықпай жатып алғанына да бір айдың жүзі болған. Қос­танай төңірегінде балалары апар­маған емхана, емші қалмады. Дәрігерлер құдды бәрі келісіп алғандай, «алып бара жатқан ештеңе жоқ, таза ауаға жиі шы­ғарып, тамағын баптап беріп, көңілін аулаңыздар» деп жымиып шығарып салады. Өткенде ортаншы ұлы Заңғар таяуда жұмысынан сұ­ранып Астанадағы мықты бір медициналық ор­талыққа апаратынын айтқанда қария мақұл көрген сыңай та­нытқан еді. Енді, міне, соның бәрін ұмытып, аяқ астынан жолға шығамын деп отыр.

Әуелде балалары жабылып, келіндері жалынып жүріп райына­н қайтарып көрмек болған. Бірақ қария «Туған жер түсіме кіріп жүр, бармасам болмас. Сөз шығындап, бос әуре болмаңдар, шырақтарым» деп шорт кесті. Әзей ана да: «Әкелерің жалғыз кетіп бара жатқан жоқ, барып келсін. Нағашыларыңның көлігі жайлы, шаршатпай апарып ке­леді» деген.

Осы әңгімеден кейін бір айдай уақыт өтті. Санай қарт аман-есен елге барып келді. Балалары бір-біріне қарап жымың-жы­мың етеді. Өйтпегенде ше, ақсақал өт­­кендегідей емес, сергек, тіпті жа­сарып кеткен тәрізді. Бұрын бозарып тұратын жүзінде қан ойнай бастаған. Әлгі науқасының ізі де жоқ. Амандық сұрай келген құда-жегжат, көрші қолаңның ортасында баяғыша көсіліп әңгіме айтып отыр. Аздап толысқан сияқ­ты ма, қалай?

«Біз жүрегін шекараның тікен сымына тілдірген жаралы жанбыз. Арғы бетте туған жер, бергі бетте отаным – екеуі де ыстық. Баян-Өлгейде жаман тұрған жоқпыз. Ол жақта да тұрмысымыз жақсы, қадірлі бол­дық. Сонда да осы ба­лалардың болашағы үшін деп, 38 жасымда аға-бауырларымның қасымызда бол дегеніне қарамай, жалғыз көшіп кеттім. Одан жаман болған жоқпыз, Тобыл өңіріне біржола орнығып, жергілікті жұртпен біте қайнасып, бір кісідей сіңісіп кеттік. Ұлды ұяға, қызды қияға қондырдық. Әйтсе де, тірі адам са­ғынады екен. Көктемнің иісі сезіле бастағаннан-ақ, жылқы тәрізді туған жерімді аңсай бас­таймын. Ондайда денем ауырлап, жатып қаламын. Балалар мұны әкеміз сырқаттанып қалды деп түсініп, дәрігерден дәрігерге апарып, әурелейді. Сағыныштың дертін қайдан білсін бұлар?», дейді қария.

Санай Іркітбайұлы мен Әзей Бәлелқызы бүгінде Қостанай қаласының іргесіндегі Заречный ауылында тұрады. Екеуі жеті бала өсіріп, жетеуін жеткізіп немере-шөбере сүйіп, әулеттің, елдің тілеуін тілеп отыр. Балалары да өмірден өз орнын тапқан, өңір­ге белгілі азматтар. Тұңғышы Мейрамбек – кәсіпкер. Айнұры – мектеп мұғалімі. Ортаншысы Заңғар – белгілі журналист, Ха­лық­аралық «Қазақ тілі» қо­ғамы өңірлік филиалының төрағасы. Одан кейінгі Дәр­кен­байы – Елубай Өмірзақов атындағы Қостанай облыстық филармонияның жанындағы «Ақжелең» фольклорлық-этно­графиялық ансамблінің белді мүшесі. Дәркенбай қолы бос кезде киіз үйдің ағаштарын, үй жиһаздарын жасайды. Алтынбек – «Қостанай-Су» мекемесінің механигі. Тұлпар жылқы шаруа­шылығымен айналысады. Асыл тұқымды сәйгүлік баптайды. Сүт кенжесі Дүлдүлбектің де жеке шаруашылығы бар.

Бұл әулеттің келіндері шеті­нен ісмер. Қолдары қалт етсе, Әзел ананы айнала отыра қалып ұлт­тық киім үлгілерін тігіп, қыз жасауын дайындайды. Одан қалды, Дәркенбайдың тапсырысы­мен, киіз үй жабдығын тігеді.

Айтпақшы, әлгі оқиғадан кейін Санай қарияны балалары жыл сайын Баян-Өлгейге апарып тұратын болған.

 

Қостанай облысы 

Соңғы жаңалықтар

Аталар дәстүріне адалдық

Өшпес даңқ • Кеше

Жезді жәдігерлері

Көрме • Кеше

Құрметке лайық жандар

Инфографика • Кеше

Тарихи кездесу

Өшпес даңқ • Кеше

Қызылжар қырандары

Өшпес даңқ • Кеше

Аңдатпа

Аңдатпа • Кеше