Құқық • 05 Ақпан, 2025

Сотталған екі адамның ісі жаңадан сот қарауына жолданды

163 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жоғарғы Соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы сотталған 2 адамға қатысты қылмыстық істі қарады, деп хабарлайды Egemen.kz

Сотталған екі адамның ісі жаңадан сот қарауына жолданды

Фото: sud.gov.kz

Жоғарғы Соттың баспасөз қызметінің мәлім етуінше Ж. мен И. жәбірленушінің денсаулығына қасақана ауыр зиян келтіру арқылы абайсызда оны өлтіріп алған. ҚК-нің 106-бабының 3-бөлігімен және 389-бабының 3-бөлігімен олар кінәлі деп танылған және әрқайсысын 8 жылға бас бостандығынан айыруға үкім шыққан.

Сот алқасы іс материалдарын зерделеп, қорытындыға келді.

Бастапқы сот-медициналық сараптамасының қорытындысына сәйкес, жәбірленушінің денсаулығына ауыр зиян келтірілген, бұл жарақаттар оның өліміне тікелей байланысты болған.

Қосымша комиссиялық сот-медициналық сараптамасының  қорытындысына сәйкес, жәбірленушінің денсаулығына орташа дәрежеде зиян келтірілген. Оның өліміне емделуден бас тартуы, медициналық көмекке кеш жүгінуі және медициналық көмекке  жүгіну кезінде диагностиканы дұрыс қоймауы себеп болған. Алайда, жергілікті соттар тек бастапқы сот-медициналық сараптамасының қорытындысын назарға алған, бірақ қосымша комиссиялық сот-медициналық сараптамасының қорытындысына баға бермеген, соттың онымен келіспейтіндігі туралы тұжырымдары үкімде уәжделмеген.

Бірінші сатыдағы сот дәлелдемелерде бар қарама-қайшылықтарды жоймаған, тексермеген және істің барлық мән-жайларын толық түсіндірмеген. Бұл, өз кезегінде, сотталған адамның кінәсіне күмән келтіреді.

Одан басқа, төменгі сатыдағы соттар қылмыстық-процестік заңның нормаларын бұзуға жол берген. Сот талқылауының барысында прокурор тағылған айыпты онша ауыр емес түріне өзгерткен. Бұдан кейін сот істі ҚПК-нің 323-бабына сәйкес прокурорға қайтарған. Іс қайтадан сотқа түскен соң жаңа айыптау актісі іс бойынша жасалмаған. Осы жағдайларға қарамастан, сот ауыр айып бойынша негізсіз айыптау үкімін шығарған.

Жоғарғы Сот сондықтан адвокаттардың өтініш хатын қанағаттандырып, жергілікті соттардың сот актілерін бұзып, ҚПК-нің 24-бабының іс бойынша барлық мән-жайларды жан-жақты, толық және объективті зерттеу, айыптау және қорғау тарапының дәлелдерін тексеру туралы талаптарын орындау үшін істі жаңадан сот қарауына жолдады.