
Фото:fcc.kz
Партия депутаты Аян Зейнуллиннің дерегінше, бүгінде «Азық-түлік корпорациясы» ҰҚ» АҚ ішкі астық нарығында тежеуші рөлін атқарып отыр. Мәселен, корпорация нарықтың тоқырау кезеңінде ауыл шаруашылығы өнімдерін жоғары бағамен сатып алып, баға көтерілгенде қайта өткізуді, астықтың резервтік қорын, сондай-ақ жем-шөп қорын сақтауды қамтамасыз етеді. Осы мақсатта биыл корпорация 3,4 миллиард теңгеге 50 мың тонна ауыл шаруашылығы өнімдерін сатып алған.
2023 жылы егін жинау науқаны күрделі кезеңді бастан кешкенде корпорация ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді қолдау мақсатында коммерциялық негізде тартылған қаржы ресурстарын пайдалана отырып, жалпы сомасы 87,5 млрд теңге берешек міндеттемелерін ұзартып, жарнаны 3 пайыз жеңілдік деңгейінде белгілеген.
Бұл қадам облигациялар бойынша купонды төлеуге жұмсалатын шығынды арттырған.
«Осы жағдайларды ескере отырып, 2025 жылы «Азық-түлік корпорациясына» купондық сыйақыны субсидиялау үшін Үкімет резервінен 10,3 млрд теңгені жедел бөлуді ұсынамыз. Биыл бюджетке бекітілген бұрын алынған қарыздарды қайта қаржыландыруға бағытталған облигациялар бойынша купондық сыйақы мақсатын өзгертуді сұраймыз», деді Аян Зейнуллин.