Қоғам • 01 Ақпан, 2025

Оқырманы көп ел озады

55 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Арамызда қазіргі қоғамның қал­пын аңдап, елдің ертеңі үшін алаңдайтын кәсіпкерлер де бар. Мәселен Рудныйда бір­неше көп­қабатты тұрғын үй тұр­ғызып жатқан «QC Нolding» құры­лыс компаниясының басшы­сы Нұралхан Әмірханұлы өт­кен жылдан бері көпке өнеге болар­лық өрелі жол бастап, балаларды кітап оқуға баулып жүр.

Оқырманы көп ел озады

Бұған дейін Маңғыстаудың Мұнайлы ауданында, Тобыл өңіріндегі Рудный қаласында Бейімбет Майлин, Төлен Әбдік сынды әдебиет алыптарының шығармашылығына арналған төрт бір­дей байқау өткізген кәсіпкер Рудный қаласында өткен «Әбіш оқуларын» қорытындылап, жеңімпаз оқушыларға бағалы сыйлықтар табыс етті.

Жас оқырмандар жарысына Қос­танай, Рудный қалалық мектеп­тері­нің 8-11 сынып оқушылары қатыс­ты. Барлығы – 89 бала байқаудың бі­рінші кезеңінде халық жазушысы Әбіш Кекілбайұлының шығармала­ры бойынша тест сауалдарына жауап берді. Одан іріктеліп шыққан 35 бала жазушының «Бәсеке» повесінің маз­мұнын талдап, тарқатып эссе жазып шықты.

Байқау жеңімпаздары Рудныйдағы оқушылар сарайында марапатталды. Жиын барысында аталған құрылыс компаниясының басшысы өздері өткізіп отырған «QC Read» жобасы аясындағы білім жарысының мән-ма­ңызы жөнінде айтты.

«Әдетте бизнес саласында жүр­ген адамдар спортты, басқа да салаларды қолдап жатады. Көбіне бі­лімді қоғам қалыптастырмай еліміз ілгері баспайтыны ескерілмейтіні бар. Қандай саясат жүргізсеңіз де, қандай қаржылай қолдау жасасаңыз да, білім болмаған жерде қоғам да, адам да дамымайды. Неге дамыған мемлекеттердің азаматтары көп оқи­ды? Мысалы, Ұлыбританияда адам санына шаққанда бір адам күніне он бет оқиды екен. Сондықтан біздің жобамыз негізінен оқитын жастардың қатары көбейсе екен деген ниеттен туған. Байқауда 89 оқушы бақ сынады. Бұл да жаман емес. Енді Оралхан Бөкей­дің шығармашылығын дәріптеуді көздеп, Катонқарағайда оқушылар­дың жазғы лагерін ұйымдастыруды ойластырып жатырмыз. Мақсат – оқи­тын балалардың санын көбейту. Оқу­ды әдетке айналдыру. Оқитын бала лудомания, нашақорлық деген жаман нәрселерден бойын аулақ ұстайды. Жүзден жүйрік шыққан жас оқырман бағалы сыйлықтарға ие болады. Алдағы уақытта сыйлық қорын ұлғайтып, қаржылай сыйлықтар тағайындауды жөн көріп отырмыз», деді Нұралхан Әмірханұлы.

Компания басшысы 89 баланың іші­нен озып шыққан Жітіқара мектебінің оқушысы Асылзада Берекетоваға, Қос­танай қаласынан келген Диляра Бағ­ланқызына, рудныйлық Кәусар Қасымбек, Айдана Нағметова, Назкен Күзібаеваларға «Айфон», «Айпад» тәрізді бағалы сыйлықтар табыс етті.

Нұралхан Әмірханұлы алдағы уақыт­та Міржақып Дулатұлының 140 жыл­дығына арналған жас оқырмандар бай­қауын ұйымдастыруды көздеп отыр. Байқау жеңімпаздары Алаш көсем­дерінің кіндік қаны тамған Тор­ғай өңірін аралап, Ахмет Байтұр­сын­ұлының Сартүбектегі кесенесіне, Бида­йықтағы Міржақып Дулатұлының му­зейі мен кесенесіне соғатын болады.

 

Қостанай облысы 

Соңғы жаңалықтар

Аталар дәстүріне адалдық

Өшпес даңқ • Кеше

Жезді жәдігерлері

Көрме • Кеше

Құрметке лайық жандар

Инфографика • Кеше

Тарихи кездесу

Өшпес даңқ • Кеше

Қызылжар қырандары

Өшпес даңқ • Кеше

Аңдатпа

Аңдатпа • Кеше