
Шымкенттік егіз қыздар Нұрсезім Тұрлыбек пен Гүлсезім Тұрлыбек жарыс көркін қыздырды. Олар өз салмақтарында өте жақсы белдесіп, қарсылас шақ келтірген жоқ. Нәтижесінде, Нұрсезім 63 килода, ал Гүлсезім 70 килода топ жарып, бір үйдің қыздары бір күнде жеңіс тұғырынан көрінді.
Темір ит
Қытайлар алты аяқты робот ит жасап шығарды. Бұл да иесіне адал, қызмет қылады, айтқанын екі етпейді.
Бұның кәдімгі үй жануарынан айырмашылығы, темір ит жылдам қозғалып, ауыр жүктерді көтере алады. Құлтемір мұзда тайғанамас үшін арнайы аяқ киіммен, жылу ұстап тұратын құрылғымен жабдықталған. Сол себепті 40 градус суықта да үздіксіз 4 сағат жұмыс істеуге мүмкіндігі жетеді.
Әуе таксиі
АҚШ-та күні кеше ұшатын қоғамдық көлік таныстырылды. «eVTOL» нұсқасындағы әуе көлігінің салмағы 3 тонна.
Ұшатын такси әзірге жерден басқарылады. Ал келешекте арнайы маманның бақылауында болады. Төрт жолаушыға арналған. Бір бағытқа ұшу құны 100 доллар. Компания өкілдерінің айтуына қарағанда, бұл сома кейін сұраныстың артуына қарай арзандауы мүмкін.