
Спутниктік интернет әзірге «Астана-Алматы» бағыты бойынша жүретін №3/4 пойыздарының жолаушыларына қолжетімді. Алғашқы сапарда 500 жолаушы интернетке қосылу мүмкіндігін қолданды. Олар жаңа қызмет арқылы «WhatsApp»-та бейнеқоңырау жасап, «YouTube»-тан бейнежазбалар көрді.
«ҚТЖ пойызында төмен орбиталық «Eutelsat-OneWeb» спутниктік технологиясын қолдану арқылы қанатқақты жобаның іске қосылуы – көлікті цифрландыру бағытындағы маңызды қадам. Әріптестерімізбен атқарылған жұмыстың нәтижесінде күрделі жағдайларда да жолаушыларға тұрақты әрі жоғары жылдамдықты (50–100 Мб/с) интернет қолжетімді болмақ», деді Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев.
Осы жобаның арқасында интернет ұстамайтын шалғай аймақтарда да интернет тұрақты әрі жылдам болмақ.
«Пойыздарда интернет қосу – жолаушылар тасымалын дамыту жолындағы маңызды қадам. Алдағы уақытта осы қызметті кеңейтіп, алдымен «Тальго» пойыздарының барлық 15 бағытына интернет қосуды жоспарлап отырмыз», деді «Жолаушылар тасымалы» АҚ басқарма төрағасы Әнуар Ахметжанов.