
Мәселен, «Бір ел – бір кітап» атты көрменің ашылу рәсімінде биыл проза жанры бойынша көпшілік дауыспен көрнекті жазушы Тәкен Әлімқұловтың шығармаларын оқу ұсынылғаны, поэзия жанры бойынша қазақтың біртуар ақыны Жұмекен Нәжімеденовтің шығармалары таңдалғаны туралы айтылды. Көрмеге аталған қаламгерлердің шығармашылығы мен өмір жолы туралы деректер, көптеген фотоқұжаттар қойылған.
Іс-шара аясында ұйымдастырылған «Шерлі жылдар шежіресі» атты көрмеден әйгілі «Қазақ» газетінің 1913–1918 жылдарды толық қамтитын 7 томын, «Айқап» журналының қос жинағын, 1917–1919 жылдары Семейде шығып тұрған «Сарыарқа» газетінің басылымдарын қарап, танысуға болады.
«Ал «Атаулы күндер» атты кітап көрмесінде Абайдың «Қара сөздері», 160 жылдық тарихы бар «Қозы Көрпеш Баян сұлу», 110 жыл бұрын жазылған С. Торайғыровтың «Кім жазықты?» романы, сол сияқты орыс тіліне аударылғанына 155 жыл толған «Ер Тарғын» дастаны, А.С.Пушкиннің осыдан 205 жыл бұрын жазылған «Руслан и Людмила» поэмасы оқырмандар назарына ұсынылды», дейді кітапхана меңгерушісі Алтын Ержанова.
Кітап мерекесі барысында «Ұлттық өнер – ұрпаққа мұра» атты қолөнер көрмесі ұйымдастырылды. Сондай-ақ әшекей бұйым жасаудың қыр-сырын ашып көрсеткен шеберлік сыныбы өтті.
Бүгінде Садчиков кітапханасында «Қазына», «Истоки», «Почемучка» атты үш клуб жұмыс істейді. Мысалы, «Қазына» клубына кілең әнші, ісмер зейнеткерлер бас қосқан. Ашық есік күні аясында аталған клубқа мүше әжелер қыздарға арнап жасаған шекелік, шашбау, шолпы тәрізді әшекей бұйымдарын көрсетіп, олардың тәрбиелік мәнін түсіндірді. Ал «Истоки» клубының мүшелері көпшілікке түрлі емдік шөптен жасалған шай құйып беріп, оның денсаулыққа пайдасын, мұндай шайды қалай дайындап, қалай демдеу керек екенін баяндап берді.
Іс-шара соңында «Қазына» клубының мүшелері «Кешір, Ана!» атты отбасылық тәрбиелік мәнге ие қойылымды сахналады.
Қостанай облысы