Жансарай • 25 Қаңтар, 2025

Өнегелі жол

983 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Өткен жылдың соңында жоғары білім мен ғылым саласында ұзақ жыл қызмет еткен физик-ғалым бақиға озды.
Досым Кенжалиев – Жезқазғандағы, Оралдағы, Астанадағы әріптестеріміз үшін ерекше есім. Әсіресе шәкірттеріне ыстық. Дәрісте, практикалық сабақта, ғылыми семинарда, факультеттің үлкенді-кіші жиынында үндемей-ақ, кеуде қақпай-ақ, салмақты ой, ұсыныс айтып тұлғасын биіктететін. Әдетте ол бір шетте қарапайым ұстаздық қалпымен тұратын. Біз «Досеке, не айтарыңыз бар?» деуші едік. Сонда ол: «Мәселе былай ғой...» деп ешқайсымыздың ойымызға келмеген сындарлы пікір айтатын. Аз, бірақ саз сөйлейтін.

Өнегелі жол

Ол оқушы кезінен нақты ғылымдар­ға, яғни физикаға құмар болыпты. Ал­маты қала­сындағы сол кездегі №2 қазақ  мектеп-интернатында (қазіргі Абай атындағы қазақ тілі мен әдебиетін те­рең­детіп оқытатын мектеп) оқиды. 1972 жылы орта мектепті бітірген соң, Қазақ мем­лекеттік университетінің физика-математика факультетінде қатар білім алдық. Ұс­таздарымыз – Мейірхан Әбділдин, Совет Исатаев, Нұрғали Қой­шыбаев, Фазылхан Байымбетов, Қали Барлы­баев бастаған кілең марғасқа фи­зиктер. Ол кезде ҚазМУ студент-жас­та­ры­ның мәдени өмірі қайнап жататын.

1977 жылы Досекең университетті тәмамдаған соң, Жезқазған педагогика­лық институтына жолдама алды. 1985–1988 жылдары ҚазМУ-дың аспирантурасында оқыды. Бірақ отбасы жағдайына байланысты оқытушылық қызметіне қайта келеді. 1994 жылы Алматыда кандидаттық диссертация қорғап, ғылым кандидаты дәрежесін алды. 1995 жылы Батыс Қа­зақ­стан университеті басшылығының ша­қыруымен Орал қаласына қоныс аудар­ды. Осында жүріп ЖАК-тың доценті, ака­демиялық профессор атағына ие болды.

2008 жылы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті рек­то­рының шақыруымен жалпы және тео­риялық физика кафедрасына доцент болып орналасты. Тынбай еңбек етіп, 2018 жылдан өмірінің соңына дейін профессор дәрежесінде ғылыми-педагогикалық қызметін жалғастырды.

Ғалым Досым Кенжалиев – мақсаты­на жетпей тынбайтын азамат-тын. 2014 жылы «Болашақ» бағдарламасымен Берлин техникалық университетінде тағылымдамадан өтіп қайтты. Еуропа­дағы ең ірі оқу орынның бірінде тәжі­рибеден өтуі оның ғылыми білімін ке­ңей­тіп, Қазақстан – Германия ғылыми ықпалдастығына үлес болып қосылды.

2020–2021 жылдары төтеннен келген ковид пандемиясы кезінде науқастанып қалса да, 2024 жылға дейін өмір үшін күресумен болды. Бірқатар операциядан кейін қатты аурып тұрса да, факультетпен, кафедрамен байланысын үзбей шәкірттеріне, жас әріптестеріне қамқор ақыл-кеңесін беріп жүрді.

Бірде біз университеттің тарихшы, филолог ғалымдарымен пікірлесіп қал­дық. Сонда Қойшығара Салғараұлы, Серік Негимов сынды ел танитын аға­лар: «Осы физика-техника факультетінде тарихшы-ғалым, өлкетанушы Исатай Кен­жалиевтің баласы жұмыс істейді екен ғой. Әкесі Алматы Ауылшаруашылығы институ­тында және Қыздар педагоги­ка­лық инс­титутында 40 жыл оқыту­шы болды. Махамбет Өтемісұлы, Исатай Тайманұлы, Сырым Датұлы, Құрман­ға­зы Сағырбайұлы, Ғұмар Қараш, Дина Нұр­­пейісова, Мәншүк Мәметова, т.б. тұл­­ғалар туралы қаншама еңбек жазды. Гума­нитардан туған азаматтың физика саласын таңдағаны қызық. Естуімізге қарағанда, Исекеңнің әкесі Нәсіболланың өзі жоға­ры білімді екен. Үкімет басқарған әй­гілі Се­йіт­қали Меңдешұлымен, Алаш зиялы­ла­рымен аралас-құралас болған...» деп, едә­уір тың деректер айтты. Біз сонда әріп­тесі­міз үшін ішімізден мерейленіп тұрдық.

Жастау күнімізде осы тарихи ақиқатты Досым Исатайұлынан сұрасақ, «Оның бәрін айта берсем, мақтанғандай боламын ғой. Әкеміз бізге қарапайымды­­лық пен таңдаған мамандыққа еңбек сіңі­ру­ді үйретті. Анамыз Тұрсын Әдиетқы­зы – Ресейдің Сарытауының перзенті. ЖенПИ-дің түлегі. Екеуі бізге – алты баласына жақсы тәрбие берді. Менің физик болуыма себепші – анам жарықтық еді» деп, шынайы жауап беретін.

Профессор Досым Исатайұлы – саналы ғұмырын жоғары білім мен ғылым­­ға арнаған педагог. Оның соңында физи­ка саласына қатысты 80-ге жуық ғылы­ми еңбегі қалды. Соның ішінде ғылы­ми ма­қалалары бір бөлек, ол 30-дан аса оқу­лық пен оқу құралының авторы еді. Бұлар астрофизика, теориялық физи­ка, статистикалық физика, термодинамика және кинетика, аспан механи­ка­сы, квант механикасы, электрдинамика, ­са­лыстырмалылық теориясы т.б. өте ­күр­­делі бағыттарды қамтиды. Ерекше сала­­лық сөздігі де бар.

Әріптестердің пікірінше, ол – оқыту­шылық қызметте де өте мұқият, ұқып­ты адам. Өмірінде алдынан өткен мыңда­­­ған білім алушыларды қарапайымдылы­ғы­мен, тазалығымен таңғалдыратын. Түлектердің айтуынша, ол физика мен астро­физикадағы кез келген күрделі тақы­рыпты қарапайым сөзбен түсіндіре бере алатын.

Ғалым студенттерге арналған ғылы­ми-танымдық іс-шараларға үнемі қаты­сып жүрді. Ол білім алушыға, ғылымға қызығушы жас талапқа дегенде уақытын да, денсаулығын да аямайтын.

Ұжымы жақсы көргеннен кейін шы­ғар, ол ұзақ уақыт (2009–2022 жылдар) қо­ғам­дық негізде физика-техника фа­к­ультеті­нің кәсіподақ төрағасы болды. Саламатты өмір салтын насихаттап, уни­верситет­тік спартакиада, мысалы, шаңғы жарысынд­а жүлделі орын алғаны да әріптестері­нің есімізде.

Оның кеудесіндегі Білім және ғылым министрлігі берген «Білім беру ісінің құр­метті қызметкері» және «Білім беру ісінің үздігі» секілді төсбелгілер қайбі­реудің орден-медалінен де жоғары көрінетін. Себебі әріптесіміздің мазмұны соған сәйкесетін.

Досым Исатайұлы – сүттей ұйыған отбасының отағасы-тын. Зайыбы Алма Забиқоллақызы – Жезқазған мен Оралда абыройлы ұстаз болды. Зейнетке шық­қанға дейін Еуразия университетінде оқу ісі әдіскері қызметін атқарды. Үш перзенті – қаржы, экономика, инженерия саласындағы жас мамандар. Мар­құм Досекең алғашқы немерелерінің маң­дайынан иіскеп, батасын беріп кеткеніне шүкір етеміз.

Халық «Ғалымның хаты өлмейді» деп бекер айтпайды. Енді Досым Исатай­ұлы­ның өнегелі жолын шәкірттері, өз перзенттері жалғастырады деп сенеміз.

 

Қайыржан Балабек,

Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры