
– Серікзат аға, ердің жасына келіпсіз. Өткенді парықтайтын, болашақты бағамдайтын байыпты жас. Қандай сезімдесіз?
– Мұзбалақ Мұқағали жырлаған «баяғыдай, бәрі де баяғыдай, баяғыдай құшағын жаяды май» деген сезім екен. Құдайға шүкір, әлі де шапқылап жүрміз. Самайдың ептеп ағарғаны болмаса, көңіл сол қалпында. Бірақ бұрынғыға қарағанда көбірек әрі тереңірек ойланатының ақиқат. Жүріп өткен жолыңа көз тастайсың. Мені мазалайтын «өмір жолымда елу жасқа дейін елеулі із қалдырдым ба?» деген сұрақ. Жиырма мен отыз жасымда жасаған дүниелерге малданып қалмасам екен деймін. Кейінгі екі жылдың бедерінде отбасымыз өте қиын жағдайды бастан өткерді. Өмір мені шыңға емес, шыңырауға тартып әкеткен кездерді бастан кештім. Ондай сәттерде қайғы-мұңымды өлеңге ақтардым. Жеңілдедім. Халық соның бәрінің шығармашылығымда қалай көрініс тапқанын күтеді. Елдің барлығы болмаса да, менің тілеуімді тілейтін, жақсы көретін адамдар бар. Оны білемін, сол себепті өзімді оларға әрдайым қарыздар сезінемін. Жалпы мен ғана емес, бүкіл өнер адамының болмысында осы сипат бар деп ойлаймын.
Жалпы, өнерде болсын, өмірде болсын еткен еңбегіме көңілім әлі де толмайды. Ендігі бағындырар биігіміз әлі де алда мұнартып тұрған сияқты көрінеді. Кемел бақыт, толымды көңілге бірнеше ғана қадам қалғандай болады да тұрады. Орайлы тұста Есенқұл Жақыпбектің өлеңі ойыма оралады:
Алдымыздан жалт-жұлт етіп от-шырақ,
Әне-міне бақ қонардай боп тұрад, – дейді емес пе ағамыз. Сол айтқандай көк тұман күннің өзінде алыстан арбаған үмітті сәуле етіп келеміз. Қазіргі жасымда өзімнен осындай көңіл ауанын көремін.
– Ұлыңыз Әлиханның қазасына әулетіңізбен бірге тегіс қазақ халқы қайғырды. Әлбетте, тас түскен жеріне ауыр. Тағдырдың маңдайға жазғанын қабылдап, құдайдың сынағынан қалай сынбай өттіңіз? Еңсесіңізді қалай тіктедіңіз?
– Баласынан айырылу – дүниедегі ең ауыр қайғы шығар мен білсем.Ұлым өмірден өткенде мен де артынан кетіп қалармын-ау деп ойладым. Бірақ құдіретті құдай көңілімізге сабыр айлап, аман сақтап қалды. Жанға демеу болған нәрсе – өткеннен қалған өнеге. Отыз ұлынан бірдей айырылған Дәуіт пайғамбар да, оғланы опат болған Мұхаммед пайғамбар да қайғыға жұтылып кетпей, өзін де, қауымын да алға жетелеген. Мұндай қайғы қазақ тұлғаларының да өзегін өртеді емес пе? Басында тұрған Абай атамыз. Мағжан, Сәкен, Қасым, Мұқағали берідегі ағаларымыз Асанәлі Әшімов, Иран-Ғайып Оразбаев балапандарын өз қолдарымен жерлеген азаматтар. Әрқайсысының тағдыр тауқыметін көріп ойландым. Ойландым да бір тоқтамға келдім.
Біз, біз деп отырғаным өнер адамдары мақсатын басқа биікке қоятын жандармыз ғой. Бұл Құдайдың ерекше берген тартуы деп есептеймін. Біз тек ұрпағымызбен ғана емес, өнерімізбен соңымызда із қалдыра алатын қасиетке ие жандармыз. Баламның ауыр қазасының кезінде мен де құлап кетсем, қандай ақын болғаным деп ойладым. Бордай езіліп жоқ болып кетсем, елге қандай үлгі көрсеткенім? Жоғарыда атын айтқан ағаларым қайтадан еңсесін тіктеп, ел алдына шықты. Мықтылығынан. Мен де сөйтемін деп бел байладым, өзімді-өзім жинап алдым. «Қайғы келсе қарсы тұр, құлай берме» дейді ғой хакім Абай.
Бірақ ол да оңай болған жоқ. Қазадан кейінгі бір жыл маған өте ауыр тиді. Құсалықтан құла дүзде жалғыз қалған жан секілді жол таппай дағдардым. Естеліктер көз алдыма қайта-қайта келе берді. Расында, Әлихан өте дарынды бала болды ғой. «Өлер бала өзгеше болады» деген сөз бар емес пе қазақта? Бастауыш сыныптан бастап ғылыми жобаларға қатыса бастады. Барлық шаршы топтан жарып шығатын. Көзінде от та, ой да болды. Соның арқасында көшбасшылық қасиеті де жақсы дамыды. Оны маған баламның сыныптастары ақтарыла айтқан еді. Арманы о бастан асқақ. «Мен Никола Тесла секілді жаңалық ашып, қазақ ғылымын өрге сүйреймін» деген күнделіктегі жазбасы мені қатты тебірентті. Өткенді зерделеп отырсам, мен Әлиханның жасында мұндай ірі ауқымда армандай алдым ба, нәтиже шығара алдым ба деп ойланамын. Жоқ, Әлихан менен өте туған бала екен. Шіркін-ай, Құдай Тағала жоғары оқу орнын тәмамдап, шын ғылыммен толықтай айналыса алатын ғұмыр бергенде талай нәтижеге қол жеткізер еді ғой құлыным деп армандап қоямын. Бірақ тағдырдың жазғаны сол болғаннан кейін, амал нешік?
Сонымен жанымнан бір елі тастамайтын үміт күткен үкілі баламның дәл қазір қасымда жоқтығы жаныма қатты батты. Сондай сәттердің бірінде шешем Сәжида маған қатты ұрысты. «Балам, жетер енді. Саған ел азаматтарынан бастап Мемлекет басшысына дейін тілеулестік білдіріп жатыр. Олар сенен қайтадан басыңды көтеріп, халықтың алдына шыққаныңды қалайды. Енді неге рухыңды түсіруің керек», деді анам. Бұл сөздер үлкен демеу болды. Бірақ осы сөздерді айтқаннан кейін, іле-шала анам да өмірден өтіп кетті.
Сол сәтте балам кетті, шешем де кетті, енді маған әлсіздік танытуға болмайды деп бекідім. Қайғыдан қан жұтып, қамығып отыра берсем не болады? Артымда әулетім мен халқым бар. Енді мен олардың көңілін түсіре бермеуім керек деп шештім. Әлеуметтік парақшамда қиын кезде қолдау білдірген тілеулестеріме алғыс айтып, қазақтың дәстүрімен бір жыл жоқтағанымды, енді осымен тоқтайтынымды жеткіздім. Отбасымды да соған бағыттадым, іштей дайындадым.
Иә, Әлихан енді бізбен бірге рухани өмірін жалғастыра береді. Оның құрметіне роботтехникадан олимпиада өткіздік, деректі фильм түсірдік, атымен аталатын арнаулы сынып аштық. Осылайша, отбасымызбен баламыздың жарқ еткен сәуледей ғұмырын еске ала отырып, қоғамға пайдалы жұмысты бірге атқарып жатырмыз. Қайғының құрсауынан шығарған өзімнің барлық күш-жігерімді, эмоционалдық әлеуетімді жұмсаған осы шығармашылық еңбек деп есептеймін.
– Алайда құдай сізге күйініштен кейін, жұбатушы сүйінішін де жіберді. Үзілген бесік жыры қайта жалғанды. Әлиханыңыздың жалғасы кішкентай Әлімхан дүниеге келді. Тағдырдың бұл тартуын қалай қабылдадыңыз?
– Мен негізі анау-мынау нәрсеге жыламайтын адаммын. Әкеміз бізді солай қайсарлыққа тәрбиеледі. Бірақ Әлімхан дүниеге келетінін білген сәтте өзімді өзім ұстай алмадым. Сол күні қызымды мектептен алуға бара жатқанмын. Көліктің ішінде Семейдегі Гүлшат деген әпкеме хабарластым. О кісіге телефон шалғанымда, сөзіммен бірге көзімнің жасы сел болып ақты. «Неге жылап тұрсың?», дейді әпкем. «Алланың құдіретіне, мені есіркегеніне жылап тұрмын», деймін мен оған. Қызғалдақ қыздарым бар ғой, шүкір. Ұлдарымнан ұрпағым Әлиханыммен тоқтаған шығар деп ойлап едім. Жоқ, біздің жоспарымызда болмағанмен, Құдайдың жоспарында бар екен бұл бала. Әлімхан – бізге ғайыптан тарту болып келген перзент.
Әлбетте, қуанышымда шек болмады. Көңіліме қайтадан көктем орнады. Жанашыр қауым барлық игі тілегін жаудырды. Бұқаралық ақпарат құралдары жарыса жазып, күллі қазақ елінен сүйінші сұрады. Халықтың ақ батасынан дүниеге келген бала ғой.
Қазір бір жастан асты. Қолды-аяққа тұрмай шапқылап жүр. Кішкентай болса да, көп нәрсеге ойлы көзбен қарайды. Ағасының ізін басады деп үміттенеміз. Анасы екеуміз әр қылығын қызықтап отырамыз.
– Әлімхан кімге ұқсайды екен?
– Айнымайтын мен. Жұрт солай дейді. Жүрісі де, бет бейнесі де өзімнің аузымнан түсіп қалғандай. Көп адамға көрсетпейміз. Тіл-көзден қорғағымыз келеді. Оның да таланты бар секілді. Үйдегі домбыра мен гитараға құмар. Менімен бірге айғайлап өлең айтады.
– Енді қоғамдық өміріңізге ойысайықшы. Өте белсенді адамсыз. Оқыту саласы, басқарма жүйесі, ұйымдастыру шараларының бәріне қалай үлгересіз?
– Жалпы, адамның өмірі ұзақ емес. Бесік пен көрдің арасы есік пен төрдей ғана аралық. Сондықтан мынау зымыраған уақытта барынша көп жұмысты қамтуға тырысамын. Өйткені қоғамның қажеттілігін өтеу керек. Қазір ол рухани аш жағдайда. Сол себепті қолымнан жақсы келетін іске білек сыбана кірісемін. Өйткені оның артында ұлттың мүддесі тұр. Маған осы нәрсе шабыт береді, күш-қуат сыйлайды.
Әлбетте, барлық саланы теңдей алып жүру мүмкін емес. Уақыттың тапшылығынан тиісті көңіл бөле алмай жатқан салаларым да жоқ емес. Ол менің поэзиям деп айтар едім. Қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, шығармашылығымды кідіртіп алдым. Ең кейінгі өлеңдерімнің жазылып қойғанына екі-үш айдың бедері өтіп кеткен екен. Бұйырса, оның да орны толады деп сенемін.
– Биылғы жылдан не күтесіз және қандай жоспарыңыз бар?
– Есігімізден енген жылдан күтер үмітіміз көп. Былтыр көптеген ойда жүрген жобаны іске асырдық. Атап айтсақ, оқушылар арасында өтетін республикалық «Қола домбыра» айтысын жоғары деңгейде өткіздік. Әр облыстан келген бала ақындар Астанаға жиылып, оның рухани-мәдени тыныс-тіршілігімен жіті танысып, сахнада елдіктің жырын жырлады. Бұл – мектеп бағдарламасына дәстүрлі өнерді пән ретінде енгізу жобасының алғашқы нәтижесі. Тек қана айтыс емес, қазақтың әні, күйі, қолданбалы өнері балдырғандарымыздың санасына сіңуі қажет. Алдағы жылы осы оқыту үдерісі бір жолға қойылып, ұлттық тәрбие-өнегеміз ұрпақ санасында қайта жаңғырғанын қалаймын.
Одан кейін жыл сайын өтіп келе жатқан Әлихан Мақсұт атындағы роботтехника фестивалін биыл халықаралық деңгейге көтеруді мақсат етіп отырмыз. Дарынды оқушыларымыздың ғылыми дағдысын әлемдік әлеуетте әйгілейтін алаңға айналдырғым келеді. Сондай-ақ жас ақындардың да шығармашылығын қолдау мақсатында бірнеше жобаны дайындау керек.
– Өткен уақыт сізге не үйретті?
– Жалған болса да өмірдің жарық дүние екендігін қайтадан сездірді. Күш-қуатыңды дұрыс арнаға бағыттай алсаң, жаныңның жарығы екі есе ұлғаятынын ұқтым. Адам өмірі ұрпағымен мәңгі екеніне тағы бір көз жеткіздім. Әлиханым өмірден өтіп құлазып жүргенімде, дүниеге Әлімхан келіп көңілімнің толмай тұрған бөлшегін толтырды. Сол сәтте мен күл-парша болып жанып, қайта тірілетін феникс құсындай түледім. Өмірдің жаңа дидары көрінді мен үшін. Енді осы перзентімнің және оның құрдастарының заманы тыныш болғанын тілеймін.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен –
Абзал МАҚАШ,
«Egemen Qazaqstan»