Басылым • 23 Қаңтар, 2025

Детектив жанрындағы жинақ

80 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жақында Астана қаласындағы Ұлттық академиялық кітапханада елімізде ең алғаш құрылған арнайы жасақ бөлімдерінің негізін қалаушы және алғашқы командирі, ІІМ-нің еңбек сіңірген қызметкері, құрметті ардагері, қоян-қолтық ұрыстан әлем чемпионы Дәулет Темірхановтың ұзақ жылғы еңбек жолын баяндайтын, үш бөлімнен тұратын «Бүгілмес болат, сынбас семсер» және орыс тіліндегі «Несбигамая сталь, неручимый мечь» атты ғұмырбаяндық қос кітабының тұсаукесері өтті.

Детектив жанрындағы жинақ

Қос кітаптың тұсаукесерін белгілі журналист Құрманәлі Қал­маханұлы жүргізді. Ол автордың ұзақ жылғы қа­уіпті де жауапты салада ат­­қар­ған қыз­меті туралы кеңі­нен әңгі­ме­леп, арасында дерек­ті фильм­дерді көрсетіп отырды. Гене­рал-лейтенант Абай Тас­бола­тов, қоғам қайраткерлері Әлихан Бәй­­менов, Ерсұлтан Бектұрғанов, генералдар Әсет Әділхан, Дәулет Салханов, Мұхтар Аюбаев, елге есімі кеңінен таныс Елсияр Қа­на­ғатов, Тастанбек Есентаев, Несіп Жүнісбаев сөз алып, бұл жинақтың жастар үшін ерекше екенін, патриоттық тәрбие беруде маңызды екенін атап өтті.

Үш бөлімнен тұратын бұл қос кітапта 1990 жылдардағы қыл­мыс­қа қарсы күрес, кепілге алған­дарды босату, қарулы қылмыстық топтарды жою, экстремизм мен терроризм актілерін оқшаулау сияқты арнайы жасақтың ерен еңбектері мен ерліктері детектив желісінде баяндалады. Бірінші бөлімдегі «Сыған қызын босату», «Бір өзеннің қос жағасы немесе Рыжий Алмазды ұстау», «Кепілге алынған кәсіпкерді босату», «Жұртты үрейлендіріл­ген «Четыре братья», «Асқар Жамбульский оқиғасы» атты тақы­рыптарда автордың көзбен көріп, қылмысты өз бөлімінің сар­баздары құрықтаған оқи­ға­лары аса тартымды суреттелген. Ал кітап­тың екінші бөліміндегі «Көк сауытты арландар», «Отан үшін отқа түс, күймейсің», «Экс­тре­мизмге қарсы күрес», «Ұр­лан­ған бала туралы оқиға», «Шұ­бар» элиталық ауданында бол­ған оқиға» атты жазбалары оқыр­манның бірден назарын ауда­рып, бір демде оқып шығасыз.

Ал кітаптың үшінші бөлімін­де автордың спорттың бір түрі қоян-қолтық ұрысының еліміз­де қа­лай дамығаны, «Динамо» ­с­порт қо­ғамы сайыпқырандарының ­ел абы­ройын асқақтатудағы же­­ңіс­ті жол­дары туралы айтыла­ды. «Спорт – мәңгілік серігім» атты мақа­ла­сында «адамды жетістікке жеткі­зетін табандылық пен төзім­ділік» дейді де, өзімен бірге қызметтес болған әріптестері жөнінде баяндайды.

 

Оңдасын ЕЛУБАЙ,

журналист