Үкімет • 22 Қаңтар, 2025

Шекаралық нысандар құрылысының мәселелері талқыланды

93 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Сенаттың Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінде шекаралық заставаларды салу және жаңғырту мәселелеріне арналған отырыс өтті. Іс-шараға мүдделі тараптар, мемлекеттік органдар, құқық қорғау және қаржы құрылымдарының өкілдері қатысты.

Шекаралық нысандар құрылысының мәселелері талқыланды

Сурет: baq.kz

Сенат комитетінің төраға­сы Андрей Лукин шекара нысандары құрылысының кешеуілдеу мәселесіне назар аударды. Оның айтуынша, республикалық бюджеттен жыл сайын қар­жы бөлін­генімен, көптеген нысан­­да­ғы жұмыс не тоқтап қалған, не тым баяу жүзеге асып жатыр.

«Біз Солтүстік Қазақстан облысындағы «Ақкөл» шекара бөлімшесі сияқты нысан­дардың құрылысы тоқ­тап қалғанын өз көзімізбен көрдік. Мәселенің себебін анықтау әрекетінен ештеңе шықпады, нақты жауап ала алмадық. Сонымен қатар мұндай жағдай шамамен 20 ны­санда байқа­лып отыр, бұл мер­дігерлерге салмақты сұ­рақ қоюды талап етеді», деді А.Лукин.

Көлік вице-министрі Сәт­жан Аблалиев негізгі мәсе­лелер қаржыландыру мен су тасқыны кезіндегі қиындықтарға байланысты екенін атап өтті. Оның айтуынша, жұмыс кестесін бұзған мердігер ұйымдарға айыппұл салу туралы ескерту жолданған, ал 20 нысан құрылысының бірінші кезеңін 2025 жылы аяқтау жоспарланыпты.

Отырыс барысында бюджет қаржысын мақсатты түрде пайдалануға бақылауды кү­шей­ту мәселесі мен тапсырыс берушілер, мердігерлер және қадағалау органдары ара­сындағы өзара іс-қимылды жақсарту жөніндегі ұсыныстар талқыланды. Сенатор­лар құ­рылыс мерзімін сақтау және екінші кезеңдегі құрылысқа ар­налған жобалау-сметалық құ­жаттаманы әзірлеу қажетті­гіне ерекше назар аударды. Екінші кезең аясында тағы 30 шекаралық нысан салу жоспарланып отыр.

Кездесуге қатысушылар барлық тараптың міндетте­ме­лерді қатаң орындалуы маңызды екенін және мұндай айрық­ша жобаларды жүзеге асыруда жауапкершілікті арттыру қажет­тігін атап өтті.