Ауыл • 22 Қаңтар, 2025

Ауыл мектебіндегі цифрландыру ахуалы

92 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Еліміз цифрландыру үдерісінде көш ілгері екенін көп есептен оқып жүрміз. Рейтингте жоғары тұратынымыз жиі айтылады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың білім саласын цифрландыру үдерісін жеделдету тапсырмасы бойынша білім саласында да цифрлық жобалар енгізіліп жатыр. Әрине, қала мектептерінде нәтиже байқалады. Алайда ауыл мектептеріндегі мәселеге мән бермеуге болмайды. Интернетке әрең қол жеткізіп отырғанда, ондағы білім ошақтары цифрлық жобалардың игілігін көріп отыр дей аламыз ба?

Ауыл мектебіндегі цифрландыру ахуалы

Оқу-ағарту министр­лі­гінің есебіне сүйенсек, Мемлекет басшы­сының тапсырмасы бойынша білім беруді цифрландыру үдерісін же­дел­дету бойынша кешенді жұ­мыс жүргізілді. 2024 жылы интернет жылдамдығы мектептердің 19%-дан 90%-ға дейін ұлғайды. Мектептерде сапалы интернет көрсеткіші үш есеге артты. Оқулықтар 100% цифрлық форматқа ауыстырылып, 11 плат­формаға орналастырылды. 967 мектеп үшін 1 621 заманауи пәндік кабинет сатып алынды. 1 мың ауыл мектебі жаңғыртылды. Сонымен қатар білім саласын цифрландыру мақсатында, «TopIQ», «Bilimclass», «Әлеуметтік әмиян», «Ауыл мек­тебі – сапа алаңы» рес­публикалық жобалары жүзеге асырылып жатыр. Ресми деректе бәрі сәтті орын­далған. Алайда сөз бен істің арасы алшақ жатыр. «Бұл жай ғана алшақтық емес, әлеуметтік тең­сіз­дік. Сондықтан Үкі­мет «цифрлық алшақ­­тықты реттеу» жұмыс­тарын жандандыруы қажет», деген еді Президент. Бірақ шал­ғайдағы ауыл­дарды айт­пағанда, Астананың түк­піріндегі ауылдардың өзі цифр­лық қарқынға ілесетіндей жағдай­да емес. Бұл сөзімізді ауыл мұғалім­дерінің өздері де қуаттап отыр. 

 

Бірдей жағдай – бірдей талап

Ауыл мұғалімі Гүлжан Тө­леу­­дің пікі­рінше, цифрлық бі­лім жо­баларының көпшілігі оқу үде­­рісін оңтайландыруға бағыт­талғаны­мен, олардың ауыл мек­тептеріне қолжетімділігі жеткілікті дең­гейде қарастырылмаған. Жобалар өте жақсы ойластырылған, бірақ оны іске асыру үшін ауыл мектептерін­де қа­жетті инфрақұрылым мен жағ­дай жоқ. Мысалы, заманауи цифрлық платформаларды тиімді пайдалану үшін тұрақты интер­нет, интерактивті тақталар, компью­терлер мен басқа да технология­лар қажет. Алайда ауыл мектептерінде мұндай ресурстар жетіспейді. Бұл мәселе мұғалімдерге де, оқу­шы­ларға да қолбайлау болады. Сондай-ақ информатика пәні мұға­лімі цифрлық жобаларды енгізу кезінде олардың ұзақ мерзімділігі мен ауыл жағдайына бейім­делуі маңызды екенін атап өтті. Қазіргі уақытта ауыл мектептері жаңа технологияларды толық пайдалана алмайды. Себебі құрылғылар жетіспейді, ал интернет тұрақсыз.

«TopIQ – цифрлық оқулық ре­тінде жасалған платформа. Біз қазір осы электрондық оқулық­қа көш­тік. Ол алғашын­да ақылы бол­­ған­дықтан, мұғалімдер өз қар­­жы­ларына сатып алып қол­да­­нып жүрді. Кейін Оқу-ағарту ми­нистр­лігі платформаны барлық мек­тепке тегін қолжетімді етті. Жап­пай қолданысқа енгізу үшін өңір­лерде таныстыру семинар­ла­ры ұйымдастырылды. Бұл плат­фо­рманың ең үлкен артықшы­­лы­­ғы – мұғалімнің уақытын үнем­де­уін­­де. Сабақ материалда­рын, тапсыр­маларды, тіпті қысқамер­зімді ­жоспарларды да TopIQ ар­қылы оңай дайындауға бола­ды. Мұ­ғалімдерге бұл өте қолайлы құрал. Ендігі мәселе оны пайдалану үшін әрбір оқушыда компьютер, планшет не телефон болуы қажет. Ауылда ондай жағдай жоқ. Оқушылар түгілі мұғалімдерде тех­нологиялық құрылғылар жетіс­пейді. Осы тұста қала мектебі біз­ден озып отыр. Онда цифрлық плат­формаларды қолдану үшін бар­лық жағдай жасалған. Әр кабинет­те интерактивті тақталар, компьютерлер бар», дейді ол.

Сонымен қатар қазіргі кезде еліміздің 15 өңіріндегі 250 мектепте «Әлеуметтік әмиян» жоба­сы жүзеге асырылып жатыр. Жоба ата-аналарға «eGov Mobile» арқы­лы балаларының тамақтануын бақы­лауға және төлемдерді цифр­лық ваучерлермен жүргізуге мүм­кіндік береді. Г. Төлеудің айтуынша, бұл жобада да олқылықтар бар. «Бізге оқу жылының басында «Әлеуметтік әмиян» жобасын іске қосатынымызды айтты. Сон­дық­тан ата-аналарға түсіндіру жұ­мыстарын жүргіздік. Жоба бойынша балалар асханадан тамақ ішуі үшін ата-аналар онлайн төлем жасап, оқушыларға QR код жіберуге тиіс. Оны жібермесе бала тамақ іше алмайды. Ал асханада Wi-Fi ұстамайды. Мектеп толық интер­нетпен қамтамасыз етілмеген. Ал кей­бір оқушылардың телефоны тарифке қосылмаған. Мысалы, түсіндіру жұмысы барысында бір ата-ана келіп: «мен балама ай са­йын тариф қосып бере алмай­мын, оған жағдайым келмейді» деген ша­ғымын жеткізді. Тіпті, телефо­ны жоқ балалар да бар. Сондық­тан цифр­лық жобаларды жасамас бұрын аталған мәселелерді ескеру қажет. Қуанышымызға орай жобаны жүзеге асыратын техникалық құрылғылар жетпей қалып, жобаға қосыл­мадық», дейді ауыл мұғалімі.

Ауыл мектептерінде физика, химия, билогия, STEAM сынды кабинеттер­дің аты ғана болмаса, заты жоқ. Осы мәсе­леде Гүл­жан Оқу-ағарту министрлігі каби­неттерді жабдықтап бере алмаса, тым болмаса онлайн зертха­на жүйесін қолжетімді етсе дей­ді. Ол үшін әрине, алдымен тұрақ­ты интернет мәселесін шешу қажет. «Ал ауыл мектептерінде зертханалық жабдықтардың жетіс­пеуі тәжірибелік сабақтардың өткі­зілмеуіне себеп болып отыр. Бұл да білім сапасына кері әсер ететін маңызды мәселе. Жақында мен он­лайн зертханаларды пайдалану мүмкіндігі бар екенін біл­дім. Бірақ бұл зертханалар­дың көбі ағылшын тілінде және ақылы. Мұға­лімдер оларды өз ақшасы­на сатып алуға мәж­бүр. Министр­лік цифрландыру саласында көп­теген жұмыс ат­қа­рып жатқа­ны рас. Бірақ оның қа­лай жүзеге асып жатқан тек­серіп жат­қанын ешкім жоқ. Тек есеп сұрайды. Мы­салы, жақында «Bilimclass» жүйесі енгі­зілді. Бұл мұғалімдерге кері байланыс жа­сау­ға, дайын материалдар мен жос­­парларды қолдануға мүм­кін­дік беріп, жұмысын жеңіл­дете түс­ті. Сонымен қатар мұға­лім­дер­дің қағаз құжаттарды элек­трон­дық форматқа көшіруі уақыт­ты үнем­деуге септігін тигізді. Де­ген­мен қала мен ауыл мектептері ара­­сындағы айырмашылық әлі де айқын. Ауыл мұға­лімдерінің цифрлық сауаты төмен. Ал семинарлар ұйым­дастырылғанымен, бұл жет­кі­ліксіз. Бәріне бірдей жағ­дай жасамай тұрып, ауыл мұға­лімдеріне талап қою дұрыс емес деп ойлаймын», дейді ол.

 

Ауылдан да ғалым шығады

Ағылшын тілі мұғалімі Шырын Халық ауыл мектебінде де, қала мектебінде де жұмыс істеген педагог ретінде көп айырмашылықты байқағанын айтады. «Мен саба­ғымды тақтаға жазып, қа­рапайым, бұрыңғы әдістермен өткізе ал­маймын. Маған міндетті түрде цифр­­лық құралдар қажет. Ауыл­да жұмыс істеп жүргенімде осы жа­ғынан көп қиын­дық болды. Был­­тыр жұмыс істеген мек­т­ебім­де екі-ақ интерактивті тақта бар бо­­­латын. Оны пайдаланудың өзі – мұң. Шынын айтқанда, ашық сабақ өт­­кізуге оған басқа мұға­лімдер­ден рұқсат сұрауға мәжбүр бол­­дым. Кейін амал жоқ өзім проек­тор сатып алып, ноутбукке қосып, са­бақтарымды өткізіп жүр­дім. Бірақ бұл әр мұғалімнің қолынан келе бермейді. Бәрі қалтасынан ақша шығарып сатып ала алмайды. Ал қала мектебіне кел­ген соң, жағдай басқа болды. Онда әр сыныпта сенсорлық тақта бар, бұл сабақ барысын әлдеқайда жеңілдете түсті», дейді ол.

Шырынның айтуынша, Ауыл мек­теп­терін заманауи жабдық­тармен қам­тамасыз ету – балаларға тең мүмкіндік берудің басты жолы. Сонда ауыл балалары да жетіс­тіктерге жетер еді.

«Ауыл мектептерінде цифр­лық технологияның жоқтығы оқу­шылардың білім сапасына қатты әсер етеді. Қажетті құралдар мен интернет болса, ауыл балалары да үлкен жетістіктерге жете алатынына сенемін. Мүмкін ауыл оқушы­ларының арасында мықты ғалым бола алатын балалар бар шығар. Мен барынша оларға цифрлық тех­нологияларды меңгертуге тырысып жүрмін. Цифрлық тех­но­ло­гияларды қолдану қажетті­лігі туралы бізге жиі айтылады, курстарға да жіберді. Қала­да цифрлық құралдарды са­бақта қолдану еш қиындық тудыр­­майды. Бірақ ауыл мұға­лімдеріне мұн­дай курстар жет­кіліксіз, себебі инфра­құрылым мәселесі бірінші орында тұр», дейді Ш. Халық.

Соңғы жаңалықтар

Қайырымдылықтың сауабы мол

Қоғам • Бүгін, 11:30

Протездеудің шебері

Маман • Бүгін, 11:10

Керек дерек

Digital • Бүгін, 11:00

Қайта жаңартылған көпір

Аймақтар • Бүгін, 10:45

Абдолла ақын ұлықталды

Тағзым • Бүгін, 10:35

Қаламгердің көзілдірігі

Таным • Бүгін, 10:25

Өлең боп өмір кешкен

Руханият • Бүгін, 10:05

Алаш дәрігері

Тұлға • Бүгін, 09:55

Сенім һәм ұрпақ тәрбиесі

Пікір • Бүгін, 09:45

Нияз батыр

Зерде • Бүгін, 09:40

Қарақұрт қаптап кетті

Мәселе • Бүгін, 08:50

Туған жерге тірек болар жоба

Шаруашылық • Бүгін, 08:40

Ауадан бензин жасаған

Ғалам ғажаптары • Бүгін, 08:30

Кездейсоқ жаңалық

Ғалам ғажаптары • Бүгін, 08:20

Пойыздағы арпалыс

Театр • Бүгін, 08:15

Пайдалы пластик

Ғалам ғажаптары • Бүгін, 08:03