
Жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу қоғам алдындағы басты міндеттердің бірі екені даусыз. Құқықтық сауаттылығын арттырып, заңсыз іс-әрекеттер жасаудан қорғау, заңға бағынушы азамат ретінде құқықтық тәлім-тәрбие беру жас өскіннің бойында қылмыстың қай түріне де қарсы иммунитет қалыптастыратыны белгілі. Форумда облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев өңірде осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстарды сөз етті.
«Жуырда Мемлекет басшысының «Ana tili» газетіне берген сұхбатында «Жастарымыз халқымыздың болмысына жат идеялардың жетегінде кетпесе, күйзеліске түспесе, нигилизмге бой алдырмаса екен деп тілеймін. Олардың белсенді, тәртіпті, білімпаз, еңбекқор болғанын қалаймын» деген сөзі жастар тәрбиесі мемлекет стратегиясының түпкі мәні екенін көрсетеді. Елімізде құқық қорғау органдарының тиімді жұмысының нәтижесінде кейінгі 5 жылда құқық бұзушылық саны 32 пайызға азайды. Облысымызда бұл көрсеткіш 49,7 пайызға төмендеген. Мұны әлі де азайту үшін барлық деңгейдегі құқық қорғау органдары басшыларымен бірге алқалы жиындар, түрлі кездесулер, ашық қабылдаулар өткізіп келеміз. Бұл өз кезегінде азаматтардың құқық қорғау органдарымен сенімді әрі сындарлы диалог орнатуына жол ашты. Халқымызда «Тәрбиелі адам – тағалы атпен тең» деген жақсы сөз бар. Тәртіп бар жерде өркениетті қоғам қалыптасатынын бүгінгі ұрпаққа жеткізу – біздің басты міндетіміз», деді аймақ басшысы.
Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Жиында облыс прокурорының орынбасары Нұрболат Дүйсенбаев тәрбие тіні отбасында қалыптасатынына тоқталды. Әйтпесе бала оны көшеден іздей бастайды. Былтыр осындай кәмелетке толмаған 66 бала қылмыс жасапты. Олардың отызы – мектеп оқушысы, 36-сы – колледж, университет студенттері. Мектепішілік есепке 350 бала алынып отыр.
«Прокуратура органдары мектептерде анонимді сауалнама жүргізіп, оның нәтижесінде оқушылар арасында бопсалау, әлімжеттік көрсету және жас ерекшеліктері бойынша топтардың бары анықталды. Балалар арасындағы топтық төбелестер де толастамай отыр. Мысалы, былтыр кәмелетке толмағандарды ұрып-соғудан 5 өрімдей бала қайтыс болып, қылмыс жасаған 4 балаға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сондықтан әке-шеше бала тағдырын тек мектепке, мұғалімге жүктемей, тәрбиесіне мән беріп, олардың жүріс-тұрысын, араласатын ортасын қадағалауы керек. Бала тәрбиесіне бәріміз де жауаптымыз», дейді Н.Дүйсенбаев.
Облыстық прокуратура тұрмыстық зорлық-зомбылықты болдырмау бағытында Ардагерлер және Әйелдер кеңестерімен ынтымақтастық меморандумдарын жасасып, екі күннің бірінде үйінің берекесін алып, жанжал шығаратын 336 құқық бұзушының тізімі жасақталыпты. Ақсақалдарды қатыстыра отырып, осындай шырық бұзғыштарға бала тәрбиесіндегі әкенің рөлі, әке міндеті, отбасылық құндылықтар туралы тәрбиелік түсіндіру жұмыстары кеңінен жүргізіліп, жаңағылардың ортасынан 120 адам түзу жолға түскен.
Елімізде кейінгі 3 жылда жасөспірімдер жасаған қылмыстың артуы байқалады. Мұны Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов айтты. Ұрлық пен тонаудан бөлек, интернет алаяқтық жасағандар арасынан жиі бой көрсететін жастар әсіресе ірі қалаларда көбірек байқалып жүр. Қылмыс жазалаумен тыйылмайтынын айтқан депутат криминологияға америкалық әлеуметтанушылар енгізген «Сынған әйнек» теориясын еске салды. Адам санасына қоғам әсер ететінін білдіретін осы теорияға сүйенгендер өткен ғасырдың сексенінші жылдары көшесінде күн сайын мыңдаған қылмыс жасалатын Нью-Йорк қаласын аз уақытта қауіпсіз, таза шаһарға айналдырған.
«Жастар арасындағы түрлі қылмысты тежеуге заң аздық етеді. Ол үшін қоғам болып жұмылуымыз керек. Қазір жастарға барынша жағдай жасап, олардың білім алып, спортпен айналысуына мүмкіндік беретін нысандар салып жатқан Қызылорда облысының бастамасы қолдауға тұрарлық. Былтыр «ҚазГермұнай» компаниясының демеушілігімен қалада заманауи үлгідегі 350 орындық Оқушылар сарайы пайдалануға беріліп, «Білімді қолдау қоры» есебінен физика-математика мектеп-интернаты, балалар мен жасөспірімдердің шығармашылығын шыңдайтын Шығармашылық академиясы салынып жатыр. «Саутс Ойл» компаниясының демеушілігімен музыкалық колледждің жаңа ғимараты бой көтеріп келеді. Осының бәрі жастардың болашағына жасалған инвестиция деп білеміз», деді М.Әбенов.
«Адалдық жүрген жерде адамдық жүреді», «Еңбегіне қарай өнбегі» дегенді бойға сіңіріп өскен ұрпақтың соңы қазір ел ағасы болар жасқа жетіп қалды. Мектептен асып артық білім алмаған алдыңғы буын тәрбиеде осындай тін қалыптастырып, кейінгіге қалдырып еді. Сол аманатты қазіргілер жалғай алмай отыр. Облыстық прокуратура ұйымдастырған форумға қонақ ретінде қатысқан психолог, белгілі дінтанушы Нұрлан Байжігітұлы осы мәселеге тоқталды.
«Бала тәрбиесі ең алдымен әкеге байланысты. Мына жиында айтылып жатқан проблеманың бәрі де – мектептен бұрын әр отбасындағы азаматтың қабырғасын аяздай қаритын мәселе. Балаға әкеден ең алдымен ақша емес, үлгі-өнеге, мейірім-махаббат керек. Балаңыз туралы айтылған теріс пікір ең алдымен сізге тиеді. Көп жерде «балаңыздың білімі орта болса да, тәрбиесі жоғары болсын» дегенді жиі айтамын. Өйткені қазір отбасын ойрандап, құдай қосқан қосағына күнде зәбір көрсетіп отыратын тирандардың көпшілігінің жоғары оқу орнын бітіргенін айғақтайтын 2-3 дипломы бар. «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» дегеніңіз – осы. Біз қазір тәрбиені мешітке барып, уағыз тыңдау деп қана түсініп жүрміз. Мүлдем олай емес. Бұл жолда алдыңғы буын кейінгіге сөзбен емес, іспен үлгі көрсетіп, еңбектің маңызын көрсете білуі керек», дейді психолог.
Форумда Сенат депутаты Наурызбай Байқадамов, облыс прокуроры Ризабек Ожаров, бокстан Сидней олимпиадасының чемпионы Ермахан Ибраимов пен киноактер Рүстем Омаров көп алдында мәселеге орай пікір білдіріп, «Нашақорлыққа жол жоқ» акциясына белсенді қатысқандар марапатталды.
Қызылорда