
Бес кітаптан тұратын «Қазақ чемпиондары» комиксі Париж-2024 Олимпия ойындарының жүлдегерлеріне арналған. Соның ішінде дзюдошы Елдос Сметов, боксшы Назым Қызайбай мен Айбек Оралбай, палуан Демеу Жадыраев, гимнаст Нариман Құрбанов, дзюдошы Ғұсман Қырғызбаев, мергендер Александра Ле мен Ислам Сәтбаев және даңқты боксшы, Ұлттық Олимпиада комитетінің президенті Геннадий Головкин де бар.
«Мақсатымыз, комикс арқылы қазақ баласына ел намысын қорғап жүрген спортшылардың нағыз батыр екенін және сол батырлардың арамызда екенін көрсету. Әр үлкен арманның артында қажырлы еңбек тұрғанын түсіндіру», дейді авторлар.
Кітапта ел намысын қорғаған спортшылардың балалық шағы, алғашқы додаларынан үлкен сайыстарға дейінгі кәсіби жолы балаға түсінікті тілде ұсынылған.
Іс-шараның алғашқы құттықтау лебізін кітапхана басшысы Ғазиза Құдайбергенқызы білдірді. Ол комикс жанры қазақ оқырмандарына алғаш рет Жүсіпбек Аймауытұлының «Жаман тымағы» арқылы жеткенін атап өтіп, бүгінгі жарық көріп жатқан кітаптар соның дәуір дидарына сай жанданған жалғасы екенін айтты.
Келесі кезекте сөз алған «Хабар» агенттігінің басқарма төрағасы Кемелбек Ойшыбаев қос автордың бұл тақырыпқа үлкен ізденіспен келгенін жеткізді. «Қазақ комиксінің тақырып аясы кеңейіп келеді. Бұған дейін тарихтағы батыр бабаларымыздың өнегелі өмірі комикс беттеріне бедерленгенін білеміз. Ал бүгінгі жарық көрген комикстер топтамасы осы заман қаһармандарын таныстырады. Сол арқылы кешегі Қабанбай мен Бөгенбайлар қазір де арамызда жүргенін түсіндіреді. Жаңа дүниенің жарнамасын арттыра білсек, бұл қазақ балалары мен жасөспірімдерінің, тіпті тұтас ұлттың өркендеуіне ықпал ететін әлеуетті құрал бола алады», деді К.Ойшыбаев.
Айта кетейік, комикстер туризм және спорт индустриясы қорының қолдауымен жарық көріп, еліміздің барлық спорт мектептеріне тегін таратылатын болады.