Қоғам • 10 Қаңтар, 2025

Сөзді әлемнің кіндігі санаған

48 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақ руханиятының аса көрнекті өкілі, жаратылысы бөлек, әр шығармасынан Ұлы даланың болмыс-бітімі, мінез-құлқы менмұндалап тұратын, ұлтымыздың үлкен жүректі перзенті, классик жазушысы Мұхтар Мағауин өмірден өтті.

Сөзді әлемнің кіндігі санаған

Сурет: astanatv.kz

Тарихқа «алпысыншы жыл­­­ғылар» деген қанатты ұғыммен енген таңғажайып талант­­ты буынның көрнекті өкіл­дерінің бірі болған, кескіні мен келбеті жарасқан, шешен тілді, көсем мінезді, ойы мен бойынан білім мен білік аңқып тұрған жігіт ағасын алғаш көргенім есімде. Жүріс-тұрысына қарап, әлдебір Батыс романдарының эрудит кейіпкерлерінің бірін көргендей күй кешіп ем… Алғашқы сезім алдамапты… «Қобыз сарынын», «Бір атаның балалары» мен «Тазының өлімін» оқып сүйіндім… «Көк мұнарды» оқып таңырқадым!.. Мұхтар Мағауин менің рухани кеңістігіме солай енді. Жазушылар одағында бірге қызметтес болдық. Өтпелі дәуірдің сан тарау қиындықтары мен хикметтерін де бірге жүріп атқардық. Бөлістік. Мұхаң ұстанымына берік, тіршіліктің ұсақ-түйек әңгімесіне уақыт өлтірмейтін нағыз кәсіби жазушы еді.

Әлемнің арғы шеті мен бергі шетін Сөз дейтін ұлы өнермен ғана өлшейтін. Қазақтың ұлы тарихын дәл Мұхтар Мағауиндей саралап, талдап, жеріне жеткізе танитын адам жазушы дейтін қауымда сирек еді.

Ол сөзді қазақтан, қазақты әдебиеттен бөлген жоқ. Мына жалғанның қызығы мен қуа­нышын, қайғысы мен қасіретін сөз дейтін жұмбағы мен сыры мол әлеммен қалай өлшесе, бақи дейтін беймәлім әлемге де сол сөз өнерінің мәңгілігін арқалап, ұзап барады.

Жаныңызға мекен жәннат төрінен бұйырып, рухыңыз пейіште шалқысын, халқына қадірі асқан, сөзді әлемнің кіндігі санаған қайран Мұха! Қош, суреткер!

 

Нұрлан ОРАЗАЛИН,

Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты