Үкімет • 28 Желтоқсан, 2024

«Жасыл экономикаға» көшу – жауапты міндет

60 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Үкіметте Премьер-ми­нистр Олжас Бектенов­тің төраға­лығы­мен «Жасыл экономи­каға» көшу жөніндегі кеңестің оты­рысы өтті.

«Жасыл экономикаға» көшу – жауапты міндет

Кеңесте Президенттің эколо­гия­лық тепе-теңдікті сақтау және тұрақты экономикалық өсімді қамтамасыз ету тапсыр­маларының орындалу барысы қаралды. Алматы қаласы, Шығыс Қазақстан және Қарағанды облыс­тары әкімдерінің «жасыл экономика» индикаторларына қол жеткізу бағытындағы жос­парлы іс-шаралар туралы баяндамалары тыңдалды.

Экология және табиғи ресурстар министрлігінің дерегіне сүйенсек, еліміздің 15 қаласында ауа ша­мадан тыс ластанған, әсіре­се Алматы мен Қарағанды қала­­ла­рын­да ластану деңгейі өте жоғары.

Алматы әкімі Ерболат Досаев Премьер-министрге «жасыл экономикаға» көшу жөніндегі іс-шаралар жоспарын іске асыру барысы туралы баяндады. Қазіргі таңда ауаның ластануын азайту, орман қорын дамыту, су ресурстарын тиімді пайдалану мен қалдықтарды басқару, ESG-қағидаттарын енгізу және «жасыл» облигациялар шығаруға басымдық беріліп отыр.

ап

Мамандардың есептеуінше, Алматы агломерациясында ауаға шығарылатын зиянды заттар­дың жалпы көлемі 225,2 мың тон­­на­ға жетеді, оның шамамен 84%-ы ме­гаполистің өзіне тие­­сі­лі. Қала­­да зиянды қалдықтардың ең көп үлесін, яғни 60%-ын авто­кө­лік­тер, ал 27%-ын өнеркәсіп кәсіп­­­орын­дары шығарады. Әкім Алма­тыда Атмосфералық ауаны қор­ғаудың жаңа ережелері әзір­ленгенін, ол 2025 жылдың бі­рін­ші тоқсанында Мәслихаттың қарауына ұсынылатынын атап өтті. Олар жылжымалы және стационарлық көздерді қатаң реттеуге мүмкіндік береді.

Алматы қаласының ауасына автокөліктің теріс әсерін азайту мақсатында 2024 жылдан бас­тап дизель отынымен жұмыс істейтін қоғамдық көлікті сатып алуға тыйым салынды. Осы жылдың қорытындысы бойынша троллейбус паркі 100%-ға жаңартылды, автобус паркін жаңғырту 2025 жылы одан әрі жалғасады. Бұл ретте, еліміздегі электромобильдердің 58%-ы Алматыда тіркелген.

Сондай-ақ Ерболат Досаев Мемлекет басшысының «Алматы – бақ-қала» мәртебесін жандандыру жөніндегі тапсырмасын орындау барысы туралы баяндады. 2030 жылға дейін 2,5 млн жасыл желек отырғызу жол картасына сәйкес, 2023–2024 жылдар кезеңінде мегаполисте 643 мың ағаш көшеті отырғызылды. Соны­мен қатар Жасыл желек­терді қорғау мен күтіп-ұстау­дың жаңа ережелеріне сәйкес, суару жүйесін міндетті түрде жүр­гізу нормасы енгізілді. Осы­ның нәтижесінде 2 жыл ішінде 500 км ав­то­суару және тамшы­ла­тып суару желілері орнатылды.

Шығыс Қазақстан облысында  2030 жылға дейін жалпы қуаты 74,3 МВт болатын 5 ГЭС салу жоспарланған. Бүгінгі таңда облыста қуаты 1,6 ГВт болатын 8 энергия өндіруші ұйым жұмыс істейді, жаңартылатын энергия көздері жалпы көлемнің 4%-ын алады. Су ресурстарын басқаруға қатысты бүгінгі таңда егін алқаптарының 856 мың гектары тамшылату әдісімен суарылады. Биыл халықты тұрақты түрде сумен қамтамасыз ету үшін құны 15,4 млрд теңгені құрайтын 26 жобаның 11-і іске қосылды, 15 жоба бойынша жұмыстар 2025 жылы жалғасады. Ауыл тұрғындарының 98,3%-ы үшін таза ауыз сумен қамтамасыз ететін 220 шақырымнан астам су құбыры желілері салынды және жаңғыртылды.

Аймақ басшысы Ермек Көшербаев қалдықтарды басқару жұмыстарына назар аударды. Өңірде жыл сайын 145 мың тонна тұрмыстық қатты қалдықтар түзіледі, оның 22%-ы қайта өңде­леді. 2025 жылы жылына 36 мың тонна қалдықты сұрыптауға, жылына 10 мың тонна тауарлық битум мен 10 мың тонна биоотын алуға мүмкіндік беретін жаңа жобаны іске қосу жоспарланып отыр.

Заманауи технологияларды енгізу арқылы 25 жыл ішінде «Қазмырыш» ірі кәсіпорнының шығарындылары 4 еседен көп қысқарды. Бүгінгі таңда тау-кен метал­лургия кәсіпорны күкірт қышқылы зауытының қалдық газ­дарын толық тазарту қондыр­ғысы құрылысын бастады, бұл атмосфераға бөлінетін күкірт диоксиді көлемін 1,6 мың тонна­ға азайтуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ өңірдегі өнді­ріс орындары, соның ішінде Қаз­мырыш, ҮМЗ, Өскемен ЖЭО, Бұқтырма цемент кәсіпорны эмис­сия мониторингінің автоматтан­дырыл­ған жүйелерімен жабдық­талған. Экологиялық жағдайға қоғамдық бақылауды жүзеге асыратын «Өскемен тынысы» экологияны қорғау бюросы жұмыс істейді. Жалпы, кейінгі жылдары облыс орталығында зиянды заттар көлемі 5,2 мың тоннаға немесе 9,5%-ға төмендеген.

Қарағанды облысында да ауаға шы­ғарылатын зиянды қалдық­тар көлемін азайту бағытын­да жүйелі жұмыстар жүргізі­ліп келеді. Облыс әкімі Ермаған­бет Бөлекпаев биылғы 9 айда был­тырғы жылдың сәйкес ке­зеңі­мен салыстырғанда олардың көлемі 14,5 мың тоннаға азай­ғанын баяндады. Жеке сек­тор­ларды көгілдір отынмен қамту жалғасуда. 7 621 үйге газ тарату желілері салынып, 3 573 үй қосылды. Өңірдегі ірі 10 кәсіпорында эмис­сия мони­торингінің автоматтан­дырылған жүйесі орнатылған.

Қалдықтарды басқару бо­йынша алға қойылған міндет­терді ескере отырып, келешек үш жылда Балқаш, Абай, Қарқаралы қалаларында және Бұқар жырау, Шет, Нұра аудандарында сұрыптау желісі бар 6 тұрмыстық қатты қалдықтар полигонын салу жоспарланып отыр. 2024 жылдың 9 айында облыс бойынша түзілген қал­дық­тардың көлемі 258,8 мың тоннаны құрады, оның ішінде қайта өңделген қалдықтардың үлесі 55%-ға жетті.

Экология және табиғи ресурс­тар министрі Ерлан Нысанбаев өнеркәсіптік шығарындыларды бақылау мақсатында «Қоршаған орта және табиғи ресурстардың жай-күйі туралы ұлттық деректер банкі» ақпараттық жүйесіне деректерді онлайн беру арқылы автоматтандырылған мониторинг жүйесін енгізу жүргізіліп жатқанын айтты. Бүгінгі таңда жүйені пайдалануға мін­детті 91 кәсіпорынның 68-і орнатқан. Мониторинг эмиссия­лар дең­гейін онлайн бақылауға және тех­н­о­логиялық режімнен ауыт­қу­ларға уақтылы жауап беруге мүмкіндік береді.

Келесі жылдан бастап ірі кәсіп­орындарды кешенді экология­лық рұқсаттарға көшу және ең үздік қолжетімді технологиялар­ды енгізу шеңберінде 2035 жыл­ға қарай шығарындылар көлемін 300 мың тоннадан ас­там­ға азай­ту күтілетіні атап өтілді. Ал­дағы 10 жылда «ERG» компа­ниялар тобы қатты бөлшек­тер шығарын­дыларын 56%-ға, төгінділерді 30%-ға, су тұтыну көлемін 33%-ға азайтуға, өндіріс қал­дықтарынан алынған қайта­лама материалдарды өңдеуге және сатуға 228 млрд теңге бөлуді жоспарлап отыр.

Сондай-ақ жиын барысында шақырылған сарапшылар сөз алды. KazWaste қалдық­тар­ды басқару жөніндегі қауым­дастық­тың атқарушы директоры Вера Мұстафина көмір­текті бейтараптық мәселе­сін өзек­тендірді. «Қазақстан­ның эко­логиялық ұйымдары қауым­­дастығы» ЗТБ басқарма төр­ағасы Айгүл Соловьева мегапо­листердегі микромобиль­ділікті дамыту, атап айтқанда, вело­­ш­а­бан­доздар үшін инфрақұрылым құру мәселесін көтерді.

Премьер-министр сарапшылар қауымдастығы тарапынан айтылған ұсыныстарды пысықтап, «жасыл экономикаға» көшу бойын­ша бірлескен жұмысты күшей­туді тапсырды. Халықтың өмір сүру сапасын жақсарту үшін эко­логиялық мәселелерді шешу­дің маңыз­дылығы атап өтілді.

«Мемлекет басшысы алды­мызға «жасыл экономикаға» көшу міндетін қойды. Бұл – тек эколо­гиялық тұрақты­лық мәсе­лесі емес, сонымен бірге, ұзақмерзімді эко­номика­лық даму мәселесі. Біз ел тұрғын­дарына өндірістік факторлары­ның кері әсерін азайту арқылы инновациялық техноло­гияларды енгізуге, саланың серпін­ді өсуіне жағдай жасауымыз керек», деп атап өтті О.Бектенов.

Үкімет басшысы әкімдіктерге мүдделі орталық мемлекеттік органдармен бірлесіп, «жасыл экономика» индикаторларына қол жеткізу жөніндегі іс-шаралар жоспарының сапалы әрі уақтылы орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды. Сондай-ақ отырыс барысында атом және сутегі энергетикасын дамыту келешегі де қарастырылды.