Үкімет • 12 Желтоқсан, 2024

Шаруаларға демеу болған консорциум

68 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Тамара Дүйсенова «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында Батыс Қазақстан облысы әкімдігі мен «Қарашығанақ Оперейтинг Б.В.» арасында жасалған меморандум бойынша жұмыстардың орындалу барысын талқылады. Келісімге биылғы шілдеде қол қойылған. Ол бойынша консорциум жергілікті ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің өнімдерін сатып алуға міндеттенді.

Шаруаларға демеу болған консорциум

Сурет: primeminister.kz

Облыс әкімінің орынбасары Қалияр Айтмұхамбетов азық-түлік жеткізудегі жергілікті қамту үлесін арттыру үшін кооперация құрудың 5 негізгі бағыты анықталғанын айтты. Мәселен, «Батыс сүт» АШӨК Бәйтерек, Теректі, Бөрлі, Шың­ғырлау және Тасқала аудан­дарындағы 12 ауыл шаруа­шылығы кооперативінен сүт жинаумен айналысады.

«Орал құс фабрикасы» ЖШС «Ауыл аманаты» қатысу­шыларынан жұмыртқа алып, оларды компанияға жеткізеді. Ол өз құс фермасының өнім­дерін де сатады. Қуаты жылына 900 мың жұмыртқа болатын құс фермасы бар негізгі жоба ретінде Бәйтерек ауданынан «Аманат-22» кооперативі де жұмыс істейді.

«Батыс Нық» ЖШС облыс­тың оңтүстік аудандарында (Ақжайық, Жаңақала, Жәні­бек, Қазталов және Бөкей ордасы) бағдарламаға қатысу­шы­лардан ірі қара малды жинап, оны арнайы алаңдарда бордақылауға, ет өңдеу цехында қайта өңдеуге және «Қара­шығанақ Оперейтинг Б.В.» өнім­дерін жеткізуге ниетті. «Рубежинский» АШӨК бағдар­ла­маға қатысушылардан көкөніс­тер жинайды. «Шалқар құс» АШӨК өз өнімдерін өндіру­мен және өңдеумен айналысады, оны компанияға жеткізеді.

«Қарашығанақ Оперейтинг Б.В.» компаниясының мердігер­лік ұйымдарында 10 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Олар­ды тамақтандыруды ұйым­­­дас­тыру үшін 10 млн тең­ге­ге 2 тонна май, 34 млн тең­ге­ге 679,3 мың жұмыртқа және 264 млн теңгеге 131,8 тонна ет сатылған. Алдағы уақыт­та негізгі кәсіпорындар компания­ның сұраныстарына сәйкес өнімге қажеттілікті толығымен қанағаттандыруды жоспарлап отыр.

Вице-премьер Батыс Қазақстан облысында жергі­лікті қамту үлесін арттыру мақсатында атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын беріп, өзге өңірлерге де ірі компаниялармен байланыс орнату бағытында тәжірибе алмасуға тапсырма берді.