Саясат • 11 Желтоқсан, 2024

Араб мемлекеттерінің елшілерімен кездесті

95 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Премьер-Министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеудің елімізде аккредиттелген араб мемлекеттерінің елшілерімен жұмыс кездесуі өтті.

Араб мемлекеттерінің елшілерімен кездесті

Сурет: gov.kz

Басқосудың негізгі тақырыбы екі­жақ­ты және көпжақты ынтымақ­тас­тықты нығайту мәселелерін талқылау, сондай-ақ халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі мәселелер бойынша сындарлы пікір алмасу болды. Сонымен қатар әртүрлі салалардағы ынтымақтастықтың негізгі бағыты талқыланды. Әсіресе сауда-экономикалық және инвести­ция­лық ынтымақтастықты дамытуға, оның ішінде энергетика, ауыл шаруашылығы, туризм, көлік және логистика салаларына ерекше назар аударылды.

Сұхбат барысында М.Нұртілеу екіжақты қатынастар дамуының оң динамикасын атап өтіп, 2024 жылғы араб елдерімен ынтымақтастықтың негізгі қорытындыларын айқындап, алдағы жылға ортақ негізгі міндеттерді белгіледі.

Министр еліміздің араб мемлекет­те­рімен серіктестігінің маңыздылығын атап, ортақ саяси, экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыс­тар мен мүдделерге ерекше мән берді. Сондай-ақ елшілерге екіжақты қарым-қаты­настарды дамытуға қосқан үлестері және Қазақстан мен араб әлемі арасындағы ынты­мақтастықты нығайтудағы белсен­ділігі үшін алғыс білдірді.

«Қазақстан өз серіктестерімен Таяу Шығыс пен Солтүстік Африкада бар байланыстарды кеңейтуге және ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын зерттеуге барлық мүмкіндікті пайда­ла­нуға дайын және бейіл», деп атап өтті М.Нұртілеу.

Араб дипломатиялық миссия­ла­рының басшылары Қазақстанның бейбітшілікті нығайту, тұрақты даму әрі қауіпсіздік мәселелерін ілгерілету жолындағы рөлі мен күш-жігерін, соның ішінде БҰҰ, Ислам ынтымақтастығы ұйымы және басқа да халықаралық алаңдар шеңберіндегі бастамаларын жоғары бағалады. Араб дипломаттары еліміздің сыртқы саяси ведомствосымен тығыз ынтымақтастықты жалғастыруға және елдер мен өңірлер арасындағы жан-жақты байланыстарды кеңейтуге дайындықтарын растады.

Достық атмосферада өткен кездесудің қоры­тындысы бойынша тараптар тұрақ­ты диалогті жалғастыруды қолдап, бірлес­кен жобалар мен міндеттерді іске асыру жолында ұмтылысты күшейтуге уағдаласты.