
Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
«Бірінші атым Геркез де, елім – Этрек,
Табан жетпес жерлерге жырым жетпек.
Мақтымқұлы атандым бүгін міне,
Өзім – аңыз, өзім – күй, өзім – ертек».
Ұлы ақын алғашқы дәрістерін әкесі Девлетмехмет Азадиден алған, сол кісінің ілімін және ақындық өнерін жалғастырған. Жас кезінен өнер-білімге құмартып, Халач ауданындағы Ыдырыс баба медресесінде оқиды. Хиуа қаласындағы Ширғазы медресесінде, Бұхара қаласындағы Гөгелдаш медреселерінде шамалы уақыт білім алып, араб-парсы тілдерімен қатар шығыс түрік тілін үйренген. Жазылған деректерге қарағанда, жиырма жастан аса өлеңдерінде «Мақтымқұлы» деген атын қолдана бастаған секілді.
Мақтымқұлы дін тақырыбындағы шығармаларында Мұхаммед пайғамбарымыз, басқа да пайғамбарлар туралы махаббат пен сүйіспеншілік, жалпы адамдық қасиет және ұлттық құндылықтар, адамның материалдық және рухани өмірін шынайы жырлап, шығармаларында өнеге-өсиет айтып отырған. Жақсылық пен жамандық, ерлік пен қорқаулық, аштық пен тоқтық, сұлулық пен жауыздық психологиялық паралеллизммен жырланады. Ойшыл ақын шығармаларында дұрыс құлшылықты, ақиқатты насихаттаған.
Түрік әдебиетінің алғашқы тізбелік классификациясын жасаған әдебиеттанушы ғалым Мехмет Фуат Көпрүлү Мақтымқұлыны Ахмет Ясауидің ізбасары Накши бенди шейхының дәрісін тыңдаған деген дерек айтады. Мақтымқұлы бір өлеңінде «Ауа райымның иесі Ахмет Ясауи» деп жазған.
Ахмет Ясауи, Фирдоуси, Юнус Емре, Әлішер Науаи секілді ұлы ақындар Мақтымқұлы шығармашылығының дамуына және ақындық табиғатының қалыптасуына айрықша әсер еткен. Мақтымқұлы жырлары терең ойымен, философиялық және дидактикалық сарынымен ерекшеленеді. Ол – өзі өмір сүрген дәуірдің әлеуметтік және мәдени қасиет-қағидаларын жырларында дәріптеп, ғасырдан-ғасырға жеткізген ойшыл ақын.
Заманымыздың заңғар жазушысы Шыңғыс Айтматов: «ХVIII ғасыр Мақтымқұлы өлеңдерінің ғасыры болды. Мақтымқұлының ғасырдан-ғасырға жеткен жыр мұрасы халықаралық өлең әлемінде өзінің лайықты бағасын алды. Ол жүрегі сөйлеген философ болатын», деген екен. Бұл – Мақтымқұлы шығармашылығына дәл берілген баға. Басынан өткізген сан қилы замандарда да түрікмен халқы әдеби-рухани құндылықтарын жоғалтқан емес. «Көрғұлы», «Шахсенем-Ғаріп», «Ләйлі-Мәжнүн», «Тахир-Зухра», «Қорқыт ата» секілді халық дастандары тілдің жоғалмауына және әдебиеттің жалғасуына негіз болды. Осы уақыттың философ ақындары Девлетмехмет Азади мен Мақтымқұлы түрікмен халқын бірлікке шақырып, бір мемлекет болуға, бір ту астында тату-тәтті өмір сүруге үндеген.
«Бар адамға ортақ болса дастарқан,
Көңілдер де шығар еді бір жерден» деген Мақтымқұлы жыры өз заманында аңызға айналды. Махтымқұлының тілі жеңіл және түсінікті болғандықтан, оның жазған өлеңдері осы күнге дейін ауыздан-ауызға тарап, ел ішінде сақталып қалған. Шығармаларында шағатай әдебиетінің әсері бар делінеді.
Түрікмен әдебиетінің негізін салған Мақтымқұлы, өз заманындағы адамдардың күнделікті өмірде қолданған сөздерін, кешкен тірлігін ілмекпен іліп отырып жазғандай. Мысалы, бір өлеңінде ол:
«Жаманға сабыр бер, мың кере,
Жақсыға шүкір бер, күндеме.
Имансыз жүректен шырайлы жүз күтпе,
Таппасаң тәтті сөз... үндеме» деп жырлайды.
Мақтымқұлы – түрікмен әдебиетінің ғана емес, түрікмен халқының да данагөй ұстазы. Ақын дәстүрлі түрікмен әдебиетін дамытып қана қоймай, сол замандағы түрікмен халқының рухын жандандырды. Философ – ақын 150 жылдан кейін болатын түрікмен бірлігін түсінде көре білген делінеді. Оның шығармаларынан XVIII ғасырдағы түрікмендердің әдеби және мәдени өмірлері кесте секілді көре аласыз. Ақын шығармаларында халықты жақсылыққа және ақиқатқа үндеген, дінге құлшылық етуге шақырған. Алла Тағалаға сенген әр құлдың көңілінің және ақыретте төрт жағының тең болуын жырлап, халықтың жүрегіне ізгілік сепкен.
Мақтымқұлы Мұхаммед (с.а.с.), Ибраһим, Мұса, Дәуіт, Иса, басқа да пайғамбарларымыз туралы көптеген ұлағатты сөздер жазып, жан дертінің шипасын солардан іздеген.
«Нұх Пайғамбар,
бір жұтым-ақ ауа берші, қысылдым,
Өмір – мәнсіз, жүрек – жансыз,
көңілім – шер, ішім – мұң!
Қызыр, Ілияс, Зәкәрия, Қабус,
Мұса пайғамбарым,
Қияс, Ғимран пірлерім!
Шапағатпен шипа берші, менің дертті
жаныма жарығыңды түсіргін!»
Мақтымқұлы Құрандағы кейбір мәселелерді меңзеген, кейбір пайғамбарлардың нақылдарында қолданылған сүре аяттарын өлеңдерінде қолданып, олардың өмірлерінде болған оқиғаларды жазған.
Пенденің дүниеде пайдалы істер жасау керектігін, бескүндік пәни жалғанның тек бір ғана егін даласы екендігін және ертеңгі күні Алланың алдына барғанда еккен жемісің өзіңнен бұрын жететінін бір өлеңінде былай келтірген:
«Арғымақ-дүние көрген түстей,
Ұқпассың ауырды иыққа түспей.
Бос келіп, бос кеткендердің,
Жалғандағы тірлігі жаман істей».
Тағы бір шығармасында жамандардың орны жаһаннам екендігі, жақсылардың ісінің өзінен бұрын жететіндігі баяндалады:
«Адассаң жолдан – баратын жерің тарылар,
Қайырлы іс қылсаң – кеудеңе лағыл тағылар.
Залымның ойы – лаулап жанғанда от болып,
Жақсыға дәйім жәннаттың бұйырар бағы бар».
Түрікменнің ұлы ақыны Мақтымқұлы Пырағының жырлары тақырыптық ауқымдылығы жағынан талбесіктен жер бесікке дейінгі аралықты қамтиды. Сондықтан да оның шығармалары халық жүрегіне жақын. Түрікмендер арасында Мақтымқұлы жырлары мақалға, қанатты сөзге айналып кеткен. Ұлтжанды, сабыр мен рақымды, қанағат пен тоқтамды жан-жүрегіне сіңірген, рухани бай, тақуа, сабырлы, жомарт, дұрыс деп сенген шындықтарын қорықпай айта білген, жүрегі таза ақын Мақтымқұлы Пырағының өлеңдері өзі өмір сүрген дәуірінің мәдениетін, өмірнамасын, өнернамасын көрсетеді.
Маржан ЕРШУ,
ақын, аудармашы, филология ғылымдарының кандидаты