22 Маусым, 2010

ЕЛДІҢ ЫҚЫЛАСЫ ЗАҢНАН КӨРІНЕДІ

539 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
“Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің – Елбасының  қыз­ме­тін қамтамасыз ету саласында заң­на­маны жетілдіру мәселелері бойынша  өзгерістер мен толық­тырулар енгізу туралы”  Консти­туциялық заң уақтылы әрі дер кезінде қабылданды деп ойлаймын. Қазақстанның  қазіргі экономи­ка­лық қуаты мен әлеуметтік жетіс­тіктеріне дүние жүзіндегі мемлекет­тердің барлығы да қызыға қарап отыр. Тәуелсіздік алған жылдардан бері қарайғы 20 жылға жуық уа­қыт­та Президент Нұрсұлтан Назар­баев­тың көрегендік, сара саяса­ты­ның арқасында еліміз молшылық пен тыныштықта өмір сүріп келеді. Ата­ларымыз еркіндік үшін  талай ғасыр алысып өтсе, сол тәуел­сіз­діктің жемісін халқымыз көріп жатыр. Бұрынғы байланысып, қалып­та­сып қалған экономикалық қаты­нас­тардың барлығы  бірден үзілген, оның үстіне  жоспарлы экономика­ның орнына нарықтық экономика келген 90-шы жылдардың ауырлы­ғын айтып жеткізу көп әңгіме. Қайда барсаң да тұйыққа тірелген уақыт еді. Міне, сондай кезде ты­ғырықтан жол тапқан, алысты көз­деп жол бастаған  Президент Нұр­сұлтан Назарбаевтың арқасында мемлекетіміздің жүгі аумай, көшін дұ­рыстап кетті. Бұрынғы Кеңес Ода­ғы құрамындағы  республика­лар­дың көбінде  осы қиыншы­лыққа төтеп  бермегендіктен, ұрыс-жанжалдар,  күн құрғатпаған ереуіл­дер болып жатты. Солардың біразы әлі де тыншыған жоқ. 90-шы жылдардағы қиындықтар менің де әлі күнге көз алдымда. Бір­ақ қанша қиналсақ та, күннен-күнге жағдайдың түзеліп келе жат­қандығын сезетінбіз. 2000 жылы экономикамыз  кәдімгідей еңсе түзеп, елдің тұрмысы жақсара бас­тағанын да білемін. Мен тәуелсіздік алған жылдан бастап Елбасы саясатын  қолдап келе жатқан азаматтың бірімін. Жыл сайын тотыдай таранып, құл­пы­рып өсу үстіндегі елорда дамы­ған дүние жүзі елдерінің назарын өзіне аудара бастады. Астана Ал­ма­тыдан Сарыарқа төсіне көшіріледі дегенде біраз жұрттың бұл үдеріске күмәнмен қарағанын  да білеміз. Осындай сәтте ұтымды да батыл шешім жасаған Президент Нұр­сұл­тан Назарбаевтың  ерік-жігерінің мықтылығына әрі алысты көре білетініне таңқалмасқа болмайды. Айналасы оншақты  жылдың ішінде ерекше үлгідегі әсем қала бой түзеді. Барлық аналар секілді мен де балаларымның болашағын көбірек ойлаймын. Жас ұрпаққа алдымен бейбітшілік керек. Бүліншілігі тоқ­та­май жатқан Қырғызстандағы бала­лар қандай деңгейде білім ала алады?  Нұрсұлтан Назарбаевтың елімізде жүргізіп отырған ұлт саясаты бәріміздің де көңілімізге қонады. Орысы, қазағы бар – бәріміз сыйластықпен өмір сүріп жатырмыз. Президентіміздің “ал­ды­мен – экономика, сосын – саясат” деген ұстанымы өзінің өмір­шеңдігін дәлелдеп берді. Қазір еңбек етсең – қарның тоқ.  Адам­дарға жұмыс болуы әрі  эконо­ми­каны одан әрі нығайту үшін инвес­тициялық жобалар жүзеге асып жатыр. Еңбекақы мен әлеуметтік төлемдер уақтылы төленеді. Мұнан артық адамдарға не керек? Нұрсұлтан Әбішұлына деген елдің ықыласы ерекше. Ұлтына қарамай кімнен сұрасаң да “Пре­зи­дентіміз – Елбасымыз аман бол­сын. Еліміз тыныш болсын”, де­генді айтады. Парламент мұндай заңды қарамай тұрғанда-ақ халық Президент Нұрсұлтан Назарбаевты  Елбасы деп атады. Оның  мықты саясаткер ғана емес, ұлт көшбас­шысы екені әлдеқашан-ақ шынайы мойындалған.  Мына заң елдің сол  ықыласын ресми  бекітті. Бұл Пре­зи­дент Назарбаевқа –уақыттың, халықтың берген әділ бағасы. Қазақстандықтардың міндеті  Президенттің Жолдауларын, саяса­тын жүзеге асыруға қолдан кел­ген­ше  үлес қосу болып табылады. Ғайнижамал БЕРДАЛИНОВА, “Таза бұлақ” қоғамдық қорының төрайымы. ҚОСТАНАЙ. ХАЛЫҚ МОЙЫНДАҒАН АҚИҚАТ Президентіміз Нұрсұлтан На­зар­баев мемлекетімізді әлемдегі дамыған елдердің қатарына қосу үшін аянбай еңбек етіп, көреген басшыға тән білімдарлықпен, біліктілікпен халқын ең қиын кезеңдерден өзі бас болып, аман-есен алып шығып келеді. Елбасы ұдайы назарда ұстап отырған мемлекеттік саясаттың нә­ти­жесінде Қазақстанда тұратын әр­бір этнос өзінің тарихы мен рухани құндылықтарын, салт-дәстүрлерін сақтау мен оны дамытуда тең құқықтарға ие болған. Ол еліміздегі дінаралық және этносаралық келісімге ұласып, тіпті халықтар достығының халықаралық ғажайып үлгісіне айналуда. Еліміздің бірауызды бірлігі мен баянды тірлігі жолындағы бұл игі істе Жамбыл облысындағы Махмұт Қашғари атындағы ұйғыр этно­мә­дени бірлестігінің де үлесі мол. Жуырда біз облыс орталығында “Этнос­аралық және конфессия­ара­лық келісім – саяси тұрақтылық пен гүлденудің негізі” атты рес­публикалық ғылыми-практикалық конференция өткіздік. Біз онда жұмысымызды Қазақстан этнос­та­ры­ның рухани-мәдени және аза­маттық бірлігін ескере отырып, қазақ халқының мәдениеті мен мемлекеттік тіліне басымдық бере отырып жүргіздік. Елбасымыз бізге әрбір істі бас­тау мен оны тиянақты аяқтау үл­гі­сін және атқарылатын кез келген оңды іске саяси тұрақтылық, өзара сенімділік пен төзімділік кепіл бола алатындығын өзінің сындарлы саясатымен көрсетуде. Сондықтан біз Қазақстанды, Қазақ халқын және Елбасын мақтан тұтамыз. Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев – біздің шын мәніндегі Көшбас­шы­мыз. Ал Парламент Сенатының Төр­ағасы Қ.Тоқаевтың, Парламент Мәжілісінің Төрағасы О.Мұхамед­жановтың және Премьер-Министр К.Мәсімовтің қолдары қойылған заңдарға келсек, ол халық мойын­даған сол ақиқатты қағаз жүзінде бе­кіту деп білеміз. Махаббат ТҰРДИЕВА, Жамбыл облысы бойынша Махмұт Қашғари атындағы ұйғыр этномәдени бірлестігінің төрайымы. Жамбыл облысы.