22 Маусым, 2010

ДАҒДАРЫСТАН КЕЙІНГІ ӘЛЕМ

2385 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
ІІІ Астана экономикалық форумы қарсаңында Биылғы жылдың жаһандық эко­номиканың қалпына келуі ба­ры­сында жағымды алға жылжу жылы болғанын көптеген талдау­лар көрсетіп отыр. Бірақ кейбір мемлекеттердің дағдарысқа қарсы қабылдаған бірқатар шараларының жағымсыз әсері жаһандық эконо­ми­каның дағдарыстан шығу бола­ша­ғын күңгірттендіріп отыр. Бұл қандай жағымсыз әсерлер? Соларға тоқтала кетсек. Дамыған эко­номикалар аймағында кейбір мемлекеттерге дефолт қаупінің төнуі, экономикалық белсен­ді­лік­тің күшеюі орнына жұмыссыз­дық­тың өсуі, жаңа “қауашақтардың” көбеюіне әкелуі мүмкін ақша жүйе­сінде артық ақшаны жоюдың көптігінен банктік несиелеу жүйе­сінің тоқырауы, жоғары қарқын­мен дамушы елдердің тым көп артық міндет жүктеп алу тәуекелі, ин­фляциялық қысымның көте­рілуі, негізгі әлемдік қор валю­та­сы­ның тұрақтылығына актив иеле­рінің күмәні, әлемде кедейшіліктің өсуі пен ашығушылардың саны артуы болып отыр. Жағымсыз тенденцияны дұрыс түсінудің қажеттілігі елдердің ма­кро­экономикалық саясаткер­лері­нің өзара түсіністікте, бірлік пен келісімде болуын талап етеді. Соңғы кездері дағдарыстан кейінгі өрлеу орталықтары жедел түр­де шығысқа қарай ойысуда. Осылайша қалыптасып үлгерген рыногы бар елдер мен дамушы елдер әлемдік экономикада өз эко­номикалық салмағын арттыра тү­су­де. Бұл көптеген елдерге жаһан­дық экономикалық жүйенің дағ­да­рыстан кейінгі даму парадигмасы мен қалыптасып қалған көзқарас­та­рын қайта қарауға тура келеді деген сөз. Қалыптасып отырған тенден­ция шеңберінде елдердің “үлкен жиырмалығы” тұғырнамасында да­мыған және дамушы елдердің қы­зығушылықтарының тепе-тең бол­ғандығы қажет. Бұл елдердің “үл­кен жиырмалығы” тобының қа­был­даған шешімінің жоғары тиім­ділігіне және дүниежүзілік көлемде мультипликативтілік тиімділікке әке­летіндігі даусыз. Әлемдік үн­қа­тысуға кіріскен тәуелсіз мемле­кет­тер жаңа туындап келе жатқан көпқырлы әлемнің тұрақтылық факторына негіз болуы мүмкін. Үстіміздегі жылдың 1-2 шілдесі күні Астанада дәстүрлі ІІІ Астана экономикалық форумы өтеді. Бұл әлемнің жетекші ғалымдарын сұхбаттасу алаңымен қамтамасыз етеді. Олардың ішінде экономика саласы бойынша Нобель сыйлы­ғының лауреаттары мен сарап­шы­лар, түрлі елдердің экономикалық министрліктерінің басшылары, Еуразия құрлығының ірі транс­ұлт­тық корпорацияларының менед­жер­лері, халықаралық саясат және қар­жы институттарының өкілдері бар. ІІІ Астана экономикалық фо­румы оның әрбір қатысушысының дағдарыстан кейінгі әлем бейнесін қалай көретіндігі туралы пікірлерін ортақ бір жүйеге келтіріп, әлемдік экономиканың жаһандық мәсе­лелерінің “астаналық консенсусы” шешімін құруға мүмкіндік береді. Бүкіл дүние жүзі елдерінің үкі­меттері дағдарыс кезінде эконо­ми­калық өсу көрсеткішін тұрақтан­ды­ру мақсатымен шығындарын кө­бейтуге мәжбүр болды. Кейбір дамыған елдердегі бұрын орын алып көрмеген жағдай, атап айт­сақ, мемлекеттік қарыздың өсуі жа­һандық экономиканың қалпына келу мүмкіндігіне кедергі келтіре­тін үлкен қатерге айналып отыр. Ол жекелеген елдердің қарыз мін­деткерлігі бойынша инфляция мен де­фолтты жеделдетуі әбден мүмкін. Дағдарыстан кейінгі әлем мем­ле­кеттердің осыған дейін ұстанып келген қағидалар мен “барлы­ғы­ның ортақ жақсы тұрмыс сүруі және тұтынуы үшін” деген қалып­тас­қан тұжырымынан салық төлеу­шілердің ақшасын тең дәрежеде қолдану режіміне ауыстыруын та­лап етіп отыр. Салық төлеуші­лер­дің төлеген салығын тең дәрежеде қолдану дегенімізге мыналар жата­ды: кірістің өсуі және бюджет шы­ғындарын реформалаудың саналы саясатын жүргізу, дағдарыстан кейінгі кезеңде мемлекеттік қарыз­дың деңгейін бақылауда ұстау, ҚҚС, тұтынуға байланысты са­лық­тарды, стационарлық базалық салықтарды нығайта түсу. Дамушы елдердегі рентабельді инвестициялық жобалардың тығыз орналасуы жағдайында капитал дамыған елдердің рыногына ауы­сып кетеді. Ал дамыған елдер ры­но­гына шынайы экономикалық сектордан ауытқыған, тәуекелі жо­ға­ры және қиын қаржылық құ­ралдар құйылады. Капиталдың дамушы елдерден дамыған елдердің рыногына ауы­суы инвестиция сенімділігінің жо­ғарылауына әкелмейді. Керісінше, бүкіләлемдік жүйенің тұрақсыз­ды­ғын күшейте түседі, дағдарыс­тар­дың ұдайы пайда болуына, алғы­шарттардың туындауына септеседі. Батыс әлемінің әлемдік қаржылық қорды шығарудағы монополиясы мен белгілі бір елдің инвести­ция­лық тартымдылығына байланысты баға беретін рейтинг агенттік­те­рі­нің монополиясы жоғарыда атал­ған инвестициялық үйлесімсіз­дік­тің басты себепкері болып отыр. Әлемдік қаржылық қор жүйесіне және рейтинг агенттіктерінің жүйе­сіне түбегейлі реформа жүр­гізілмей тұрып инвестициялық үйлесімсіздік төңірегінде әңгіме қозғау мүмкін емес. Өндіріс ке­зең­дерінің қалыпқа келу қарқынының бәсеңдігі мен қаржылық сілкініс салдарларының сақталуы әсерінен халықтың жұмыспен қамтылу деңгейі өріс алып кете алмай отыр. Дағдарысқа дейінгі жұмыспен қам­тылу деңгейін қайталау, халықты сол деңгеймен қамтамасыз ету үшін көп жылдардың жүзі керек. Әлемдік экономиканың толықтай сауығуынан кейін де дамыған елдерде жоғары жұмыссыздық көрсеткіші ұзаққа созылуда. Негізгі күшті қаржылық сектор жағдайының қалыпқа келу төңі­ре­гіне бағыттау қажет. Өйткені көп еңбекті қажет ететін салалар банк­тік несиелеу жүйесіне тәуекелді болады. Бұрын халықты жұмыспен қамтамасыз ету деңгейі жоғары болып сипатталған экономиканың сауығуына сол елдердің бюджет­те­рін­де жұмыссыздарды қайтадан оқы­ту және олардың біліктілік­те­рін көтеруге кететін шығындарды жабатын қосымша салалары болуы керек. Еңбекақы икемділігін жоға­рылату мақсатында оған жағдай жа­сау және еңбек рыногының инс­титуттық жүйесін жетілдіру қажет. Әлемдік экономика дәл қазір технологиялық дамудың ұзын-сонар даму жүйесіндегі “иннова­ция­лық үзіліс” сатысында тоқтап тұр. Ұзақ мерзімді экономикалық өсуді қайта жандандыру үшін дамыған батыс елдеріне жаңа технологиялық алға жылжу қажет. Инновациялық үзіліс дамушы елдерге дамыған елдермен арадағы артта қалушылықты біршама қысқартуға мүмкіндік береді. Қазіргі заманғы әлем бетпе-бет келіп отырған бірқатар мәселелер­дің, атап айтсақ, климат өзгерісі, азық-түлік және энергетикалық дағдарыстың шешімін іздестіру барысында адамзат капиталы мен инновация дамуы жолында жүйелі шаралар қолдану қажет. Оған ұлт­тық даму жоспарларындағы ғылым мен технология саласындағы ин­вес­тиция мен ынталандыру құрал­дарын енгізу керек, сондай-ақ бастауыш және орта білім беретін мектептерде оқитындарға матема­ти­ка мен ғылыми пәндердің оқы­тылу жүйесін нығайта түсу міндеті тұр. Ғылыми-тәжірибелік, техни­ка­лық және инженерлік білім алудың, оның ішінде нанотех­но­логия және биотехнология секілді қазіргі заманғы салаларда сапа­лы білім алу мүмкіндігін кеңейту қажеттігі туындап отыр. Сондай-ақ жоғарыда атап өткен мәселенің тағы бір шешімі жеке сектор, ака­демиялық және қаржылық меке­мелер арасында байланысты ке­ңей­тіп, ғылыми зерттеулерді ком­мерцияландыру үшін материалдық ынталандыруды және тәжірибелік-құрастырмалық өңдеулерді кәсіп­керді көтермелеу жолымен қолға алу керек. Азияның дамушы елдері мен өтпелі экономика кезеңінде тұрған елдер әлемдік экономиканы құл­дыраудан алып шыққан негізгі локомотив болып отырғандығы жасырын емес. Қаржыны жинау мен сақтау, сондай-ақ инвести­цияның жоғары нормасымен ерекшелене отырып, аталмыш елдер дағдарыс кезеңінде болашақ өсудің кепілдігін қамтамасыз етеді. Халықаралық инвестициялар әлемдік сауданы қаржыландыра­тын капитал легінің соңынан жү­реді. Яғни, құлдыраудан шыққан соң баланс теңсіздігінің өсу тәуе­келі жаңа инвестициялар тартыла­тын шикізаттық секторда “қызып кету” тәуекелін туындатуы мүмкін. Әлемдік қауымдастықтың пру­де­нциалды нормативтерді қатайта түсу қажеттілігі жөніндегі консен­сусы ешқандай күмән тудыр­май­ды. Дамыған елдердегі несиелеудің азаюы мен жоғары қарқынмен да­му­шы елдердегі “қызып кету” тәуекелі капитал қозғалысында географиялық баланстың болуы­ның қажеттілігін көрсетіп отыр. Салалық бөлімдерде шикізаттық секторда “қауашақтардың” жина­лып қалуының алдын алу керек болады. Соңғы онжылдық трансұлттық кәсіпорындардың өз бизнесін өтпелі экономика жағдайында тұр­ған экономика мен қалыптасушы рыноктарға орналастыруда бас­қын­шылық саясат жүргізу кезеңі болғандығы ақиқат. Ал дағдарыс трансұлттық кәсіпорындардың шетелдерді инвестициялауды және олардың кеңеюін жалғастыру қабілетіне күмән туғызды. Тікелей шетелдік инвести­ция­лардың тартылу легінің қысқаруы­ның себептеріне тоқталсақ, оның бастауында кіріс пен пайданың қысқаруы, қаржы көздеріне кіруге шектеу жатыр. Сату рыногындағы мүмкіндіктердің азаюы, ағымдағы жағдайдың одан әрі құлдырап кету тәуекелін күту де ТШИ-дің қыс­қаруына себеп болып отыр. Осы­лайша экономикалық өсу мен ха­лықты жұмыспен қамтамасыз ету­де ТШИ-ге тәуелді дамушы елдер­де аз-кем қорқыныш та жоқ емес. 2008 жылғы азық-түлік дағда­рысы және сол жылы бастау алған қаржы дағдарысы дамушы елдер­дегі аштық пен ашқұрсақтық мәсе­лесінің асқынып кетуінде белгілі бір рөл ойнады. Осының салдары­нан кедейшілік шегінде өмір сүріп отырған адам саны 53 млн-ға өсе­ді, ал 5 жылдан кейін кедейшілік­тің шегінде өмір сүрушілердің жалпы саны миллиардқа жетіп, 920 млн. адамды құрауы мүмкін. Өмір сүру деңгейі өте төмен елдердегі кедейшілік көрсеткішін төмендету үшін дамыған және даму­шы елдерге инфрақұрылымға және әлеуметтік салаға сыртқы қаржы құйылуды қамтамасыз ету керек. Сондай-ақ, мемлекеттік шы­ғындар мен көрсетілетін қыз­мет­тің одан әрі тиімді болуы үшін сыртқы көмек пен ішкі рефор­маларды тиісті түрде үйлестіру де аса маңызды міндет болып та­былады. Сара АЛПЫСБАЕВА, экономика ғылымдарының докторы, профессор.